Ауыл • 05 Ақпан, 2024

Мақсат – ауылды түлету

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының өкілдерімен кездесті.

Мақсат – ауылды түлету

Сенаторлар «Демографиялық ерекшеліктерді ескере отырып еліміздің ауылдық аймақтарын дамыту» тақырыбында өткен кездесу барысында ауыл халқы барлық уақытта қалаға қарағанда едәуір көп болғанын атап өтті. Алайда бүгінде жағдай өзгеріп келеді. Қазір елімізде қала және ауыл тұрғындарының табысындағы айырмашылық жоғары екені байқалып отыр.

«Айырмашылықтың негізгі себебі еңбек сипатына байланысты. Статистикалық ақ­параттарды негізге алатын бол­сақ, өзін-өзі жұмыспен қамту­дан түсетін табыс үлесінің салмағы қала тұрғындарына қарағанда ауылдық жерлерде жоғары. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың басым бөлігі жеткілікті табыс ала алмайды және олардың 49,5 пайы­зы айы­на 100 мың теңгеден аз табыс табады, олардың ішінде 3,4 па­йы­зының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен. Ірі қалалардан шалғайдағы ауыл­дық аумақтардағы автомобиль жолдарының жыл сайынғы сапасының төмендеуі, халықтың орталықтандырылған ауыз суға, интернет-коммуникацияға қол жеткізе алмауы мен мәдени орындар деңгейі секілді мәселелер ауылды аумақтарға тартымдылықты одан сайын төмендетіп отыр», деді Руслан Рүстемов.

Кездесуге қатысушылар ауылды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы мәселелерін талқылады.

Ұлттық экономика министр­лігі өкілінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ес­кере отырып, олардың әлеу­мет­тік-экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған Ауылдық аумақ­тарын дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырым­дама­сы іске асып келеді. Жал­пы алғанда, тұжырымдама әлеу­меттік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту­ға, ауылдық елді мекендерде кең жолақты интернетке қол жет­кізудің техникалық мүмкін­дік­терін пайдалануға бағытталған.

Кездесу «Демографиялық өсу – ұлттың бәсекелестік ар­тық­шылықтарының негізі» тақы­рыбына арналған Үкімет сағатына дайындық аясында ұйымдастырылды.