Үкімет • 06 Ақпан, 2024

Жаңа Премьер-министр Үкіметтің негізгі міндеттерін айқындады

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының жаңа Премьер-министрі Олжас Бектенов парламентшілерге қолдаулары үшін алғыс айтып, Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа Премьер-министр Үкіметтің негізгі міндеттерін айқындады

Фото: Zakon.kz

«Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық дамуы бағытында нақты тапсырмалар берді, олар орындалады. Жаңа экономикалық серпін беріп, шын мәнінде жедел әрі шешуші шаралар қабылдау қажет. Біз өнеркәсіп, мұнай өңдеу салаларына баса назар аударып, отандық өндірісті ынталандыру шараларын қабылдауымыз қажет», деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, Үкіметтің алдында тұрған міндеттердің бірі - елімізде өндірілетін өнімнің үлесін арттыру.
«Біз офтейк келісімшарттар жүйесін толықтай іске қосамыз, біздің басты міндетіміз – отандық бизнесті қолдау. Ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Сондай-ақ су ресурстары, энергия үнемдеу, көлік-логистикалық желі бойынша белсенді жұмыс істейтін боламыз. Біз жасанды интеллект пен жаңа технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеміз. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету шаралары мен халықты толғандыратын басқа да мәселелер үкіметтің назарында болады. Үкімет еліміздің игілігі үшін жұмыс істейді», деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, бүгін, 6 ақпанда Олжас Бектенов Қазақстанның Премьер-министрі лауазымына тағайындалды. Бектеновтың кандидатурасын 69 мәжілісмен қолдап, жетеуі қалыс қалды.