Спорт • 06 Ақпан, 2024

«Ризабектің қыдырудан қолы тимеді». Бас бапкер әлем чемпионы неге жеңілгенін айтты

5009 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Бес күнге ұласқан ел біріншілігін еркін күрес балуандары түйіндеді.

Күрес түрлерінен  бізде Париж жазғы Олимпиадасына әзірге екі жолдама ғана бар. Былтыр Сербияда өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) бестікке еніп, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 кг) қола медаль иеленіп, Париж жазғы Олимпиадасының жолдамасын да олжалаған-ды.

Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысовтан Қазақстан чемпионатының қорытындысы туралы, балуандардың бабы жайында аз-кем сұхбаттастық.

«Ризабектің қыдырудан қолы тимеді». Бас бапкер әлем чемпионы неге жеңілгенін айтты

Фото: time.kz

– Сауалымызды қоғамда дүмпу тудырған, әлі де талқыланып жатқан 97 кг салмақтың финалдық  белдесуіне қатысты қойсақ. Көрдіңіз, қалай болды? Ересектер арасында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның жаңа салмаққа ауысқаннан кейінгі алғашқы додасы  ғой. Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері (2 күміс, 2 қола) Әлішер Ерғали мол тәжірибенің арқасында асып түскендей көрінді.

– Әрине, Әлішер Ерғали 97 кг салмақта  әдбен төселіп ысылған балуан. Ризабек былтыр тұңғыш әлем чемпионы атанған соң сый-құрметке кенелді, көп қыдырды. Мұның барлығы да жаттығуға кесірін тигізеді. 

арасынаФото: Нұрғали Жұмағазы

– Сөзіңіздің жаны бар, финалдық белдесудің алғашқы кезеңінде белсенді болып тіпті ұпай басымдығымен алда тұрған Ризабек соңғы минутта қос бүйірін соғып  сілелеп қалды.

– Әлішер – сыралғы балуан, оқу-жаттығу жиынын Дағыстанда өткізіп, әзірлік жүргізді. Міне, төккен тердің өтеуіне Қазақстан чемпионатының алтын медалі бұйырды.

– Алда Бішкекте өтетін аймақтық іріктеу турнирі тұр. Кімдердің баратыны ел біріншілігіндегі көрсеткішке сай айқындала ма?

– Иә, Қазақстан чемпионатында жүлде алған балуандар Олимпиада лицензиясы үшін өтетін турнирге қатысады. Қырғызстанда өтетін аймақтық іріктеуге чемпион атанған балуандардың баруы заңдылық. Одан кейін Ыстанбұлдағы әлемдік іріктеу додасына Бішкекте жолдама бұйырмаған салмақ дәрежесіндегі балуандар қатысады.

– Бішкекке де, Ыстанбұлға да тек ішкі біріншілікте чемпион атанған балуандар баруы тиіс пе?

– Ондай қатып қалған қағида жоқ. Үштікке енген балуанның қай-қайсы да бабына еніп додаға түсуге сай болса, қатысады. Бішкекте жолдама ала алмаған балуанды Ыстанбұлға да сүйрей берген орынды ма? Өзге спортшылардың да әлеуетін бағамдау керек.

– Келер күннің еншісіндегі жоспар қандай?

– Басты меже – Париж Олимпиадасы. Соған төрт көзіміз түгел қатысып, елге жүлделі оралсақ деген үміт басым. Бахрейн ұлттық құрамасы бірлескен жаттығу жиынын өткізсек деген ықылас танытты. Қырғызстан балуандары да бізбен бірге дайындық өткеруге құмбыл отыр.  Балуандар аз күн тыныққан соң жаттығуды бастаймыз. Ресейге аттанып, сол елдің саңлақтарымен бірлескен жаттығу өткізсек дейміз.

– Ел чемпионатын тамашаладыңыз, қай салмақтағы балуандар тәнті етті?

– Жастардың  қалың шоғыры өсіп келе жатқанын аңғардық. 18-19 жастағы балуандар тәжірибелі қарсыластарынан қаймықпай белдесті. 57кг салмақта чемпион атанған Рахат Қалжанның күресу өнері о бастан тартымды еді. Жігерлі, қаймықпайды, алтын медаль алады деп іштей сенім арттып едім, үміт ақталды. Сол секілді 65 кг салмақта жеңіске жеткен маңғыстаулық Майис Алиевтің де әлеуеті зор. Бірақ бұларды ірі додаға қазір қоссақ, жасытып алуымыз мүмкін, жастардан ересектер арасына енді өтіп отыр. 86 килода чемпион атанған Нұржан Исағалиевтің де жаттығуда жанын салып еңбек ететіні тәнті етуші еді, өтеуіне міне алтын медаль бұйырып отыр.

– Басты меже Париж жазғы Олимпиадасы дедіңіз ғой. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, құрама балуандарының арасында кімдерден үміт күтесіз?

– Олимпиаданың медалін олжалайды деп әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері, Азияның  екі мәрте чемпионы Азамат Дәулетбековке (86 кг) зор сенім артып отырмыз. Қалған балуандар жолдама алса, олардың арасынан жарқырап шығатын таланттар барына шүбә келтірмеймін. «Арық айтып, семіз шыққан» жөн қашанда, сондықтан күні бұрын тон пішкендей болмайын. Жетістік тек еңбекке ғана бұйырады, сондықтан барымызды салуымыз керек.