Президент • 07 Ақпан, 2024

Бірнеше салаға ауқымды реформа жүргізіледі

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестік, құрылыс саласына да ауқымды реформа жүргізу қажеттігі айтылды, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірнеше салаға ауқымды реформа жүргізіледі

Фото: aqorda_resmi

Президент өз сөзінде мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформа жүргізу уақыт күттірмейтін шаруа екенін атап өтті.

«Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс.

Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжатты пысықтап, жетілдіру қажет. Парламент депутаттарынан осыған ерекше мән беруді сұраймын. Ең алдымен, аудиторлардың қызметін реттеу керек.

Осы орайда әркімнің заң нормаларын өз қалауына қарай икемдеп, түсіндіруіне жол беруге болмайды. Бұл – тауар, жұмыс және қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптарға да қатысты мәселе. Олардың белгіленген мерзімді бұзғаны және жұмысты сапасыз орындағаны үшін жауапкершілігін күшейту қажет. Мұның, әсіресе, құрылыс саласы үшін маңызы зор.

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң ЕРС шарттарын қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс. Бұл ретте ЕРС шарттарын жасауға дайындық шараларының мерзімі қысқа болуға тиіс. Сонда әкімдіктер басымдық берілген әрі шұғыл жүзеге асырылуға тиіс жобаларды тездетеді», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін дамыту үшін біраз шаруа атқарылғанын айтқан Президент нәтижесі әлі де мардымсыз екеніне қынжылды.

«Қазір мұндай жобалар негізінен әлеуметтік салаға енгізіліп жатыр. Бұл саладан көп табыс түспейтіні белгілі. Ашығын айтқанда, біз нысандардың құрылысына бөліп төлеу арқылы қаржы құйып отырмыз. Мемлекет үшін мұндай тәсіл, әрине, тиімсіз», деді Президент.

Айта кетсек, осы саладағы нормалар мен рәсімдер жеке бизнеске салмақ салады не болмаса инвесторға өте тиімді болғанымен, мемлекетке пайда әкелмейді. Бұл мәселені назарға алған Қасым-Жомарт Тоқаев теңгерімді, яғни балансты сақтау керек екенін, мемлекет пен инвестордың мүддесі бірдей ескерілуі қажет екенін түсіндірді.

«Бізде мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жеке жобаларды бюджеттен астыртын қаржыландыратын тәсілге айналып кетті. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жүйесін қайта құруға қатысты жұмыс баяу жүріп жатыр. Әзірге нақты нәтиже жоқ. Үкімет осы мәселені ретке келтіру қажет», деген Президент ойдан жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ екенін қатаң ескертті.

Мемлекет басшысы бұл шаруаны да созбалаңға салмай тез арада шешіп, әлемнің озық тәжірибесін қолданып, тиімді тәсілдерді ұсына алатын халықаралық ұйымдарды тартуды жүктеді.