Қоғам • 07 Ақпан, 2024

Пойыз билеттерін қалай тез әрі артық шығынсыз алуға болады?

1107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мереке қарсаңында әуе, теміржол билеттері құны жылдам өзгеріп, өседі. Осыған байланысты «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ билетті тез әрі артық шығынсыз алудың жолдарын бөлісті, деп жазады Egemen.kz.

Пойыз билеттерін қалай тез әрі артық шығынсыз алуға болады?

Фото: egemen.kz

Компания Қазақстанда сұраныс көп бағыттар қатарында «Алматы-Астана», «Астана-Павлодар», «Астана-Қарағанды» және «Астана-Қостанай» пойыздарын атады.

ҚТЖ пойызға билетті тез, артық шығынсыз алудың 3 қадамын айтты:

1.Билеттерді алдын-ала сатып алу

Пойыз билеттері ресми 45 күн бұрын сатылымға шығады. Жол жүру қағазын bilet.railways.kz сайтынан тікелей немесе вокзалда орналасқан кассалардан сатып алуға болады. Сапар ертерек белгілі болса билетті алдын-ала алсаңыз ақшаңызды үнемдейсіз әрі жол жүру уақыты таяған сайын билет азаятынын, таусылатынын ескерген жөн. Билет алуға ерте қам жасау арқылы барар жеріңізге қалаған, қолайлы орында жетіп алуға мүмкіндік береді.

2. Билетті онлайн сатып алу.

Технология дамыған бүгінгі кезеңде билеттерді компанияның ресми сайтымен қатар, түрлі платформада оңай, жылдам алуға болады. Бұл әрекет вокзалға барып-келу уақытыңызды үнемдеп қана қоймай, жол шығыныңызды да қысқартады. Қосымша комиссиялық шегерімдер де ұсталмайды.

3. Жаңа билеттердің сатылымға шығу мерзімін қадағалау.

Елде, әсіресе, мереке қарсаңында билеттер жылдам сатылып кетеді. Алайда бұл енді билетсіз қалуды аңғартпайды. 

«Билеттер саны шектеулі негізде сатылымға шығады. Сондықтан үнемі bilet.railways.kz сайтын қадағалап отыру керек. Себебі кей жолаушы билетін қайтарып жатады. Сонымен қоса билетті «күту парағы» арқылы сатып алу мүмкіндігі бар. Бұл қызмет арқылы жол жүру билеттерін таба алмаған жағдайда, күту парағына тіркеліп, билетті 7 күн бұрын және пойыз жөнелтілгенге дейін екі сағаттан кешіктірмей сатып алуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ «күту парағына» сайтта да тіркеле аласыз. Орын пайда болған жағдайда жолаушының сайттағы жеке кабинетіне және телефон номеріне босаған билетті сатып алу жөнінде СМС-хабарлама келеді», деп түсіндірді «ҚТЖ» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек билет мүлдем табылмаған жағдайда кейбір мекеме белгілі бір күнге хабарландыру жіберу қызметін ұсынады. Қызметке қосылған кезде телефоныңызға билеттер қайта сатыла бастағаны туралы СМС-хабарлама келеді.

Ақпаратты нақтылаңыз

Жолаушылар туындаған сауалы мен шұғыл ақпаратты 1433 нөмірі мен KTZH_PP_BOT Telegram-боты және @jolaushylar_tasymaly ресми Instagram аккаунты арқылы тегін сұрап, біле алады.