Аймақтар • 08 Ақпан, 2024

Кәсіпорындардан қандай пайда бар?

142 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Майқайың – ерекшелігі басым елді мекен. Ерекше дейтіні сол, 9 мыңнан аса халықтың берекесіне айналған әлемге әйгілі алтын кеніші осында орын тепкен. Биыл Майқайыңның, ондағы тау-кен өндірісінің алғаш өз алдына құрылғанына 92 жыл толады.

Кәсіпорындардан қандай пайда бар?

Майқайың өз алдына елді мекен болғалы оның экономикасы жерас­ты байлығына тәуелді. Алтын кеніші жергілікті халықты асырап отыр. «Майқайыңалтын» акционерлік қоғамы Ертістің Павлодар өңіріндегі ең алғаш құрылған тау-кен өндірісі екенін де атап өткен абзал. Ондағы кенішке тұңғыш экскаватор 1940 жылы түсірілген екен. Ол бумен жұмыс істейтін еді. Бүгінде кәсіпорынға екі кеніш және кен-байыту фа­брикасы қарайды. Жергілікті халықтың дені бүгінде алтын өндірісінде еңбек етеді.

– Майқайың кентінің әкімшілік аумағына Майкөбе, Сұлужон, Үшқұлын, Шөптікөл ауылдары кіреді. Бүгінде кент пен оған қарасты ауылдарда «Майқайыңалтын» АҚ-нан бөлек, пай­далы қазбалар өндірумен 5 бірдей кәсіп­орын айналысады. Олар – көмір өндіретін «Майкубен Вест» акционерлік қоғамы, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның филиалы – «Керегетас» кеніші, «Майқайың ақтас өндіру зауыты» ЖШС, «Пневмосоққыш бұрғылау» ғылыми өндірістік кәсіпорны» ЖШС, «IBM Gold» ЖШС, – дейді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев.

Былтыр «Майқайыңалтын» АҚ аудан­дық бюджетке 840 млн 714 мың теңге салық төлеген. Ең үлкен салық тө­­леуші – «Майкубен Вест» АҚ, өткен жылы бұл өндіріс орны жергілікті қа­зы­наға 1 млрд 681,3 млн теңге қаржы құй­ған.

Сонымен қатар жерді пайдаланғаны үшін 2023 жылы келесідей қосымша салықтар төленген:

«Майқайыңалтын» АҚ – 6 млн 739 мың теңге;

«Майкубен Вест» АҚ – 46 млн 314 мың теңге;

«Керегетас» кеніші – 8 млн 329 мың теңге;

«Пневмосоққыш бұрғылау» ЖШС – 1 млн 531 мың теңге;

«Гравелит» ЖШС – 192 мың теңге. Соңғы аталған екі кәсіпорын жергілікті кәсіпкер Тимур Қабдуловке тиесілі. Ол – «Майқайыңалтын» АҚ Бас директорының кеңесшісі Орынжан Қабдуловтың ұлы.

Алтынды аймақтың дамуына үлес қосқан азаматтар аз емес. Бұл тізімде ел арасында «Майқайыңның Мұхтары» атанған Мұхтар Әбеновтің есімі алғаш болып аталары анық. Мұхтар аға да биыл 92 жасқа толғалы отыр. Кен байыту комбинатының барлық жұмыс сатысынан өткен еңбек ардагері – құрмет демалысында да қарап қалмаған жан. Елді жұмылдырып, кенттегі игі жұмыстарға бастамашы болды. Сонау 1958 жылы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов осы өңірге арнайы келгенде бірге еріп жүріп, кейін сол сапар туралы естеліктер жазды. Әлем таныған алып қаламгердің есімі Майқайың №1 қазақ орта мектебінің берілуіне бір өзі түрткі болды. Белсенді қария көп жылдар кенттегі ардагерлер кеңесін басқарып, ұрпақ тәрбиесінің да­муына мол еңбек сіңірді. Ол кісінің бас­тамасымен кентте үлкен музей ашылды.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті