Өнер және намыс
Баршаға аян, Бағдат ел-жұртына ең алдымен ұлттық жауһарымыз – халық әндерімен танылған әнші. Ал халық әндері ғасырлар бойы қазақ деген атаумен бірге келеді. Халық әндерінің өміршеңдігі, құндылығы неде дегенге келсек, онда қазақтың мінезі, рухы, болмысы, арманы, мұңы, шері, «шіркін-айы» жатыр емес пе. Міне, Бағдат қызымыз сол халық әндеріне қашанда адалдық танытып, киелі сахнада өзінің дауыс бояуымен сол өнердің насихаттаушысы, жанашыры болып келе жатыр. Сонымен қатар кешегі Рабиға Есімжанова, Жамал Омаровалардың сарқыты, көзі. Бүгінгі таңда сол көштің басында тұрған өршіл, жігерлі, намысты әншіміз.
«Жақсы ән орындаушысын тапса, иесін төрге сүйрейді» деген, бірде Нұрғиса Тілендиев ағамыз Бағдатты шақырып алып: «Қарағым, осы сені «Өз елімді» жақсы орындайды деп естимін. Тыңдап көрейінші», дейді ғой. Тыңдайды. Бағдаттың сахнада сәйгүлік аттай тықыршып, шабытына қамшы ұрып, әннің болмысын берудегі энергиясына, күш-қуатына риза болады. Әнді жай ғана «өз елім» деп емес, «бұл – менің елім, бұл – менің жерім» деген рухпен, жігермен, жан дүниесімен жеткізеді. Ұнағаны сонша, оркестрге шақырып, өзіне қайта оркестровка жасап, айтқызады. Сонда Нұраға: «Бағдаттың әнді айту трактовкасы бөлек қой, шіркін! Әсіресе халық әндерін өзіндік өзгеше стильмен береді. Әрі әнді нотамен емес, жүрекпен, қазақы жан беріп орындайды», деп баға берген. Осылайша, Нұрағасы өзіне ғана арнайы репертуар жасайды. Қазір санаса, он жылда барлығы жиырмаға жуық әнді оркестрге арнап жазып беріпті. Сонда ғой, «Отырар сазы» оркестріндегі музыканттар Нұрағаңның ұжымда ұзақ жылдар ән салған әншілердің өзіне осыншама әнді жазбағанын таңданыспен айтады екен. Бұл әрине әншінің бағы әрі жетістігі еді.
Бүгінде әншінің төлқұжатына айналған «Сарыарқа» ше! «Қазақстан» ше! Әнді өзіне ғана тән даусымен құбылтып, кең тынысты үнімен, жүрекпен шарықтата айтқанда, шынында да Сарыарқаның сайын даласын көз алдыңызға әкеледі. «Қазақконцертте» Бағдат ұзақ жылдар ән салған «Самал» халық аспаптар оркестрінің жетекшісі болған белгілі композитор Владимир Питерцев: «Бағдат ән салғанда бүкіл қазақтың ен даласын құшағына сыйдырып айтады» деп, ол да үлкен баға берген. Ал Бағдаттың өнердегі құрбысы, қазақтың Розасы (Рымбаева) бір сұхбатында: «Қазіргі заманда не көп, әнші көп. Бірақ соның ішінде әншінің де әншісі бар. Бағдаттың әншілік өнерінде қазақы бояу жатыр. Бүгінде үлкен апаларымыз өмірден өтіп кетті. Бағдат өзі кезінде сол апаларынан тәлім-тәрбие алған. Қазір өзі ұстаз ретінде жастарға дәріс беріп жүр. Қазақтың халық әндері қалай болуы керек дегенде, бүгінгі жастарымыз эстрада емес, халық әндеріндегі иірімдерді табу, табиғатын ашу, оның бүкіл дәстүрін, кеңдігін көрсету жағынан Бағдат апаларынан көп тәрбие алуы, үйренуі керек», деген еді.
Бағдаттың бүгінгі тыңдармандары, әсіресе жастар біле бермейтін ерекшелігі – ол тек қазақтың ғана емес, кезінде орыстың, қырғыздың да халық әндерін олардан асырмаса, кем айтпады. Бір ғана мысал. Онда кеңес одағының кезі. Новосібір қаласында өтетін Бүкілодақтық көрмеде Қазақстан павилионына келуші қонақтарға орысша ән салуға Бағдатты аттай қалап апарады. Өйткені оның репертуарында орыстың алтын дауысты әншісі Людмила Зыкинаның «Мать земля моя», халық әндері «Коробейники», т.б. біраз ән бар еді. Даусының кеңдігі, көмейден кеулеген сыңғыры, әннің табиғатын түсініп, жүрегінен өткізіп айтатыны Зыкинадан бір кем емес. Міне, сол жолғы көрмеде Бағдат орыстың халық әндерінен попурри орындап жатқанда Новосібір қаласының мэрі тоқтап, ән біткенше асқан ризашылықпен тыңдап тұрады. Ол кезде ұялы телефон жоқ, кешке қарай дүкен аралап кеткен Бағдатты шарқ ұрып іздесін. Сөйтсе, губернатор мырза кешкі қонақасына қазақстандық орысша ән айтқан сол қыздарыңыз келсе деп қолқа салса керек. Сөйтіп, бір кеш бойы орысша ән салдырған ғой. Бірақ Бағдат 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін орысша ән айтуды қояды. Міне, Бағдатты намысты әнші дегеніміз сол.
Қырғыз ағайындар да Бағдатты өте жақсы көріп, сыйлайды, құрмет-тейді. Қырғыздың халық әндері «Жал жалым», «Нарындан жазған сәлем хатты» қырғыздан артық орындайтыны сонша, қашанда Қырғызстанда өтетін үкіметтік концерттерге арнайы шақыртатын. Тіпті Манастың мың жылдық тойында да «құда түсіп», осы «Жал жалымды» орындатқан.
Бірде 90-жылдары Алматыдағы Республика сарайында екі елдің – қырғыз ағайындардың «Мысқыл», қазақтардың «Тамаша» ойын-сауық отауының бірлескен концерті өтеді. Сол концертте Бағдат қазақша да, қырғызша да ән салады. Сонда ғой, қазақтың белгілі сатирик жазушысы Садықбек Адамбеков ағамыз інілері Жарасқан Әбдірашев пен Көпен Әмірбекке: «Мына кітабымды қазақша керемет ән салған қырғыздың Бағдат деген қызына берсем деп едім. Келешекте Қазақстанға әкеліп ән салдыртуға күш салайық», десе керек. Көпекең болса: «Бағдатты білмегеніңіз ұят қой, аға. Өзіміздің қызымыз ғой», деп қаттырақ айтыпты. Ал сол жолы Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі Акбар Рысқұлов «Бағдат екі елдің арасындағы алтын белдік қой» деп қызымызға арнап «Қазақ – қырғыз арасы» деген өлең жазады. Оған Алтынбек Қоразбаев ағасы ән жазып, оны біраз жылдан бері орындап жүр.
Кейіннен Алматыда тағы бір еларалық үкіметтік жиынға сол кездегі Қырғызстанның тұңғыш Президенті Асқар Ақаев келіп қатысып, концерттің соңында сахнаға көтеріліп, финалға шыққан әртістерге барып: «Қазақ – қырғыз арасы» әнін орындаған қыз қайда?» деп бір құшақ гүл сыйлайды.
«Анамды өзгеше сағынамын...»
Бағдат – тағдырлы әнші. Өмір оны маңдайынан сипай қоймады. Жеті жасында анасынан, сегіз жасында әкеден айырылып, ағайынды үш қыз, бір ұл әжесі Ділдәбала мен кіші әкесі Хамидіннің тәрбиесінде өседі. Анасы Жырғаш жиын-тойларда ән салып, жарқылдап отыратын, әзіл-қалжыңға жақын көпшіл адам болған. Қашанда сол жиындарға кенже қызы Бағдатын ілестіріп, қасынан тастамайтын. Әкесі Сәмидін – ауылда бригадир. Бірде орыс, шешен мен қазақтар сөзге келіп, арты төбелеске ұласады. Ушыққаны сонша, әрқайсысы қолдарына түскен айыр, балта алып жүгіріседі. Бірін-бірі қуып, жүгерінің ішіне кіргенде, тасада тұрған орыс жігіті Бағдаттың әкесінің басынан кетпенмен шауып жібереді. Содан ол кісі өлім аузынан қалғанымен, сөйлегенде тілі күрмеліп, бір аяқ, бір қолы кем болып қалады. Анасы дүниеден өткен соң, әкесінің денсаулығы күрт нашарлап, араға жыл салып бақилық болады.
Ата-анасы қайтыс болған соң, Қырғызстанда тұратын әкесінің туған інісі Хамидін қара шаңырақты ойсыратып алмайық деп, үлкен қызметін тастап, ауылға көшіп келеді. Ол кісінің перзенті болмағандықтан, ағасының балаларын баурына басып, өз перзентіндей бағып-қағады. Кіші әкелері ақылды, ел арасында беделді, артық сөйлемейтін, өте ақкөңіл, домбыра, мандалина тартып, өлең жазатын ауылдың зиялысы еді. Сөзді орнымен қолданбаса: «Не, пәле, қалай болса солай, қиқы-жиқы сөйлейсіңдер», деп ренжитін көрінеді. Осылайша, тазалыққа, жігерлілік, құлшынысқа үйреткен кіші әкесі «Осы қызым бір жерден шығады» деп бетіне ешкімді қаратпайды. Әжесі болса: «Әттең, ұл болып тумағаның-ай сенің», дейді екен. Онысы – немересінің үйдің де, түздің де шаруасын тиянақты әрі шапшаң қимылдап, дөңгелетіп әкететініне риза болғаны. Малдың астын тазалап, шөбін салып, суарды. Сиыр да сауды. Кешкілік бар жұмысты бітіріп, малды кіргізген соң-ақ солардың алдында тұрып «Бұлбұлды», «Алқоңырды» бар даусымен айтатын. Кейде түнде әжесі екеуі малды қарауға шыққанда да, қай жағынан әні тасып тұратынын, шырқай жөнелгенде: «Айналайын, жарым түнде қақсамай қойсаңшы», деп апасы ойбайын салады екен. Әжесі 1975, ағасы 1986 жылы дүниеден өтті. Міне, осындай жанашыр жандардан өмірде көп нәрсе үйренген Бағдат әнші бүгінгі жеткен жетістігіне осы кісілердің еңбегі зор болғанын, олардың сенімдерін ақтауға тырысқанын ерекше сағынышпен еске алады.
«Анаңызды қандай кезде есіңізге аласыз?» деген сауалымызға: «Шешемнің көзі күліп тұратын. Хадиша әпкем екеуміз «Апама мен тартқанмын» деп таласатынбыз. Ауылдағылар «сен тартқансың» дейді. Әпкемнің көңіліне қарап, «сен-ақ тарта берші» деп қоятынмын. Әкемді ойлап қоямын да, анамды ет жүрегім езіле өзгеше сағынамын. Мен ата-енеммен 16 жыл бірге тұрдым. Алғаш тұрмысқа шығып, қатты қиналған шағымда, болмаса әділетсіздікке тап болғанда оңашада апа деп айғайлап, өкіріп жылап алатынмын», деді көздеріне жас тұнған әнші.
Ұстаз тәлімі
Бағдат Жамбыл облысы Меркі ауданында он жылдықты тәмамдаған соң, Алматыдағы республикалық эстрада-цирк өнер студиясына оқуға түседі. Ауылдан әнші болсам деп арман арқалап келген бойжеткеннің бағы шығар, кереметтей педагогтің қолына түседі. Қаншама атақты әншілердің ұстазы болған Надия Шарипова өнерде ғана емес, өмірде де шәкіртіне жол сілтеп отырды. Бағдатты қызындай өте жақсы көргені сонша, жанынан тастамай, кейде сабақ біткен соң үйіне алып кететін. Оның дәлелі, бірде қазақтың әлемдік деңгейдегі әнші қызы Майра Мұхамедқызының жаңадан елге келіп жатқан кезі, ұстазы Надия апайының үйіне дайындалуға барады. Сонда қабырғада ілініп тұрған Бағдаттың фотосын көріп, «Мынау әнші апай ғой», десе керек. Сонда ол кісі: «Менің алдымнан қаншама студент дәріс алып, бітіріп шықты. Бірақ соның ішінде Бағдатты жақсы көргенім сонша, қызымдай болды», деген ғой.
«Өмірімде ондай зиялы, мейірімді, анамның орнын толтырғандай болған парасатты жанды көрмедім. Ал оқуды бітірісімен «Қазақконцертке» жұмысқа кірдім. Өнерде Надия апайға, сосын ыстық-суығыма ортақтасып, жақсы-жаманымды көтере білген қасиетті қара шаңыраққа қарыздармын. Алтынбек аға да қашанда қолдау көрсететін. Бүгінгі таңда бұл ұжымды белгілі азамат Тайыр Қаратаев қолына алды», дейді әнші қызымыз.
Сахнада жарты ғасырға жуық ән салып, халқына бірнеше рет есеп берген концерттерінде «Елге сәлем», «Мен даланың қызымын...», «Халқым – барым, өнерім – арым, өмір – бағым», «Ән – жүрегім» деген тақырыптарының өзі оның елін, жерін, қазағын қаншалықты жақсы көретінінен хабар берсе керек.
«Расында да, мен даланың қызымын, – дейді әншіміз ағынан жарыла. – Дала – ол менің тамырым, тұғырым, бет-бейнем, болмысым, арым. Сол даланың бүкіл қасиетін білемін, сол даланың түтінін, сол даланың жусанын иіскеп өстім. Сол далада қазақтың барлық салт-дәстүрін толық болмаса да, бір кісідей біліп өстім. Егер бүгін бір нәрсеге қолым жетіп жатса, сол даладан нәр, тәлім-тәрбие алғаным. Сол үшін де қазақ екеніме осы жерде мақтана аламын. Оның үстіне тыңдармандарымның, мені жақсы көретін көрерменімнің дені ауылда.
Асыл қазына – фольклорда
«Бүгінде қазақтың халық әндеріне деген елдің, жұрттың ықыласы кеміп бара жатқандай. Баяғыдағыдай «ой, шіркін дүние, іштегі арманын айтып тұр ғой» деп өзінің жоғын іздеп отыратын тыңдармандарды жоғалтып алдық. Бірақ ойлы да саналы, сарабдал тыңдармандарымыз да баршылық. Дегенмен жастарға ой салуымыз керек. Ескіліктің әні деп қарайды. Сол ескіліктің әнінен шедевр жасаған Димашымыз «Дайдидаумен» бүкіл әлемді аузына қаратып, таңғалдырып отырған жоқ па? Студенттерге дәріс бергенде, «Неге халық әндеріне біртүрлі, жеңіл көзқараспен қарайсыңдар. Біздің асыл қазынамыз фольклорда. Біз сол халық әндерінен бастау аламыз», деймін. Қазір шетелдің жеңіл әуеніне еліктеушілер басым. Көп еліктегеннен де ол ән өміршең бола алмайды. Сондықтан да бардым-келдім әндер бүгін айтылса, ертең ұмытылып қалып жатады...»
Бақытты әнші
Бағдат – дара дарынымен бірге ақыл-парасаты тең әнші. Уақыттың талабына сай ізденгіш қасиеті ұнайды. Тынымсыз. Қолға алған ісін бітіргенше тыным таппайды. Еңбекқор. Сұлулыққа жаны құштар. Жалпы, өмір, қоғам жайлы өз ойы бар әнші. Көп оқиды. Әнді алып шығатын сөзі болғандықтан, оған аса қатты мән береді. Туғанның, бауырдың, достықтың парқын біледі, бағалайды. Өмірде аяулы ана, сүйікті де қамқор әже, адал дос, жанашыр бауыр. Бағдаттың бар байлығы екі баласы болса, олардың да байлығы, қазынасы – аналары. Қашан көрсең дән сүйреген құмырсқадай қос қарашығын шамасы келгенше бағып-қақты, оқытты, тәрбие берді. Балаларын біреудің арқасында емес, өз басын алып жүруге, өз мәселелерін өзі шеше алатындай етіп тәрбиелеуге күш салды. Меруерт те, Марал да «Хабар» телеарнасының белді қызметкерлері. Шүкір, қазір үш немересі бар. Ал әрбір ананың арманы – балалары аман-есен болып, немерелерінің қызығын көру.
Ізденгіш өнер иесі кейіннен өз ұлтының тілін, әдебиетін, руханиятын терең білу мақсатында ҚазҰУ-ның филология факультетін де тәмамдады. Бүгінде Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде эстрада-вокал кафедрасында профессор, «Қазақконцертте» де ән салады. Шығармашылықпен қатар, шәкірт те тәрбиелеп келеді. Өзін бақытты әншімін, бақытты анамын деп есептейді.
...Қазір өмір ырғағы өзгерді, қарбалас уақыт. Бүгінде қай саланың адамында болмасын, асығыс тірлік. Бағдат кешегі күні де, бүгін де өзіне ғана сенді, халқына сенді. Сондықтан да оның бар тілеуі – халқы аман, сүйікті көрермені көп болса. Зады, әнші үшін, өнер адамы үшін халқы ардақтап, құрметке бөлегеннен артық атақ та, даңқ та жоқ. Бағдатымыз жақсы әндерімен сағындырып жүрсе дейміз... Лайым солай болса екен...
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan» ардагері