Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Жаңалық емес
Әлемде ғалымдардың беделі, рейтингі халықаралық «Scopus», «Web of science» секілді мойындалған базалардағы ғылыми журналдарда жарияланған мақалалары мен соған жасалған өзге зерттеушілердің сілтеме беруіне қарай өлшенеді. Бұл – негізінен теориялық ғылымның көрсеткіші. Мұндай көрсеткіште жоғары деңгейге жету маңызды. Өйткені кез келген жұмыстың негізі де, сүйенері де, іргетасы да іргелі ғылымнан, тыңғылықты зерттеуден басталады. Бірақ бұдан да маңыздысы ғылымның теория деңгейінде қалып қоймай, қолданбалы кезеңге өтіп, адамзаттың игілігіне қызмет етуінде болып тұр. Дәл осы екінші кезеңнің жұмысы қаншалықты қажетті іс болса, соншалықты қажыр-қайрат пен шыдамды қажет ететін шаруа. Ғылымның толассыз жаңалықтарынан хабарсыз оқырманға ұғынықты болу үшін алыстан орағытып, ретімен түсіндіруге тырысқан әрекетіміздің бір дәлелі – кейіпкеріміз, белгілі биолог Дос Сарбасовтың еңбегі. Жоғарыда жазылған, көпшілік сүйіншілеген өнім де – осы ғалымның ойлап тапқаны.
Бірақ бұл жұмыс ғылыми ортада алғаш рет айтылып отырған жаңалық емес. Өйткені біздің қоғам қазір біліп жатқан обырды жеңудің жолын, соның негізінде жасалған препаратты ғалым Д.Сарбасов алыстағы АҚШ-та жүрген жылдары ойлап тауып, патент алып қойған.
Негізі Дос Сарбасов әлемде, жалпы биология ғылымында MTOR ақуызының өсудегі, жасушаның өсіп-өну белсенділігіндегі, мРНҚ транскрипциясындағы және жасуша ішіндегі ақуыз биосинтезіндегі рөлін алғаш ашушылардың бірі ретінде танымал. MTOR ақуыз синтезіне, глюкоза, инсулин және липидтер, глутамин алмасуына, сондай-ақ қартаю үдерісіне, әртүрлі ісіктердің өсуін бастауға қатысады. Кейіпкеріміз 1997 жылы АҚШ-ғы Арканзас медициналық ғылымдар университетін («University of Arkansas for Medical Sciences») бітіргеннен бері, негізінен Техас университетінің онкологиялық орталығында жұмыс істеген уақытта (2006-2013 жылдары) осы MTOR ақуызына қатысты зерттеулер жасады. Сол зерттеулерінде әртүрлі ісіктердің өсуін бастауға қатысатын MTOR ақуызына тереңірек үңіліп, қатерлі ісіктердің өсу себебін зерделеді. Ұзақ жылғы зерттеуден кейін ғана ісік жасушаларының өмір сүруіне, тірі қалуына әсер ететін факторларды, дамуын тоқтататын жолдарды қарастыруға көшті. Соның нәтижесінде ғалымға дәрі жасау идеясы келген.
– 2013 жылдан бері, 10 жыл бойы осы бір тақырыппен айналысып келемін. Міне, нәтижесінде осындай препарат пайда болды. Ғылымда нәтиже тек табанды еңбекпен келеді. Әрине, осыншама уақыт тек дәрі дайындауға кеткен жоқ, алдымен идея келді, одан кейін оны теориялық тұрғыда зерттеумен, дәлелдеумен айналыстым. Обыр жасушасының глюкозаға ашығуы туралы 2015 жылы сұхбат бергенмін. Сол сәттен бастап обырдың өсуін тоқтату жолына қатысты идеям туралы ашық айта бастадым. Обыр жасушасының глюкозаға ашығуы механизм тұрғысынан қаншалықты жұмыс істейтінін, нәтижесі қалай болатынын, әсерін, бәрін тыңғылықты зерттейтінімізді айттым. Біраз зерттеуден кейін 2018 жылы ғылыми мақаламызды дайындап, тапсырдық. Материал 2019 жылы жарияланды, – дейді ғалым.
Патент – АҚШ-тікі, препарат – біздікі
Бұл – Д.Сарбасовтың Техас университетінің онкологиялық орталығында (Хьюстон, Техас) Молекулалық және жасушалық онкология кафедрасының доценті және осы университеттің оқытушысы бола жүріп айналысқан ғылыми жұмысы. Ғылыми жұмысының нәтижесінде жасалған обырға қарсы дәрінің патенті де сол жылдары жарияланған ғылыми мақаласы негізінде АҚШ-та алынды. Ғалым 2019 жылы, 27 жылдан кейін елге оралды. Назарбаев университетінің профессоры, қазір аталған университеттегі «National Laboratory Astana» жеке мекемесінің бас директоры ретінде ғылыми жұмысын, он жыл бұрын бастаған тақырыбын жалғастырып жатыр.
– Ғылыми жаңалықтың патенті Техас университетіндегі Онкологиялық орталықтың иелігінде қалды. Бірақ мен АҚШ-тан, Техас университетінен кеткендіктен оларға бұл патенттің қажеті жоқ. Себебі бұл тақырып – ондағы жұрттың, университеттің емес, тек менің қызығушылығым. Патентке ақша төлеу керек. Олар бұған жыл сайын ақша шығындауға құлықты емес. Сондықтан олар бізге лицензияны осындағы қазір еңбек етіп жүрген университетке алуды, әрі қарай сонда жалғастыруды ұсынды. Патент сонда қалғанымен, лицензияны алдық. Осы лицензия арқылы препаратқа қатысты барлық жұмысты, зерттеуді жүргізіп, өзіміз басқара аламыз, – дейді Дос Сарбасов.
Жаман аурудың барлық түріне арналмаған
Кейіпкеріміз басқаратын Назарбаев университетіндегі «National Laboratory Astana» зертханасындағы 167 ғылыми қызметкерден құралған үлкен ұжым обырға қарсы дәрі әзірлеумен айналысып жатыр. Әрине, олардың басқа да тақырыптағы ғылыми зерттеулері жетерлік. Бірақ осы материалымызға арқау болған препаратқа көбірек күш салып жатқаны анық. Себебі дәрі қолданысқа енгізілсе, әлемде баламасы жоқ өнім болғалы тұр. Дегенмен бір нәрсенің басын ашып айту керек. Дәрі жаман аурудың барлық түріне арналмаған. Тек қатерлі ісіктің КRАS-мутантты түрлерін емдеуге бағытталған. Қазір зертхана мамандары дәріні өндіріске енгізу жолында бірнеше ұйыммен бірлесе жұмыс істеп жатыр.
– Препарат С дәруменінің жоғары дозадағы D-формасының (D-VC) шағын концентрациядағы мышьякпен (arsenic trioxide, ATO) қосындысына негізделген. KRAS гені прото-онкоген саналады, оның мутациялары қалыпты жасушаларды қатерлі жасушаларға айналдырады. KRAS мутациялары көбіне ұйқы безінің қатерлі ісігінде байқалады, сонымен қатар тоқ ішек қатерлі ісігінде, өкпе ісігінде кездеседі. Көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде біз KRAS-мутантты ісік жасушаларының өсуін тоқтату үшін тотығу стресін қолдан жасадық. DV-C ii ATO комбинациясы тотығу стресін тудырады, обыр жасушаларының митохондриялары арқылы радикалдарды суицидке апарады. Яғни тотығу стресі туындаған кезде обыр жасушалары өз жасушаларын өлтіретін көптеген радикал шығарады. Кейінгі 3 жыл ішінде зерттеудің сенімділігін дәлелдеп, 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінен клиникалық сынақтар өткізуге грант алдық. Алғаш рет Алматы фармакологиялық зауытында С витаминінің D-формуласының шектеулі партиясы шығарылды. Ал екінші препарат – сынауға қажетті мышьяк (күшәла, элементтердің периодтық жүйесінің V тобындағы химиялық элемент) оксиді Үндістаннан сатып алынды. Былтыр Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп клиникалық сынақтарды бастадық, – деді Д.Сарбасов.
Сынақтың соңғы сатысы
Ғалымның айтуынша, клиникалық сынақтар әлі жалғасып жатыр. Өйткені препараттың тиімділігін арттыру үшін оның оңтайлы, максималды төзімді дозасын анықтау керек. Қазір препарат Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының базасынан таңдалған 15 еріктіде сынақтан өткізіліп жатыр. Сынаққа еркімен қатысып жатқан барлық науқаста үшінші және төртінші сатыдағы тоқ ішек қатерлі ісігі бар. Болашақта препаратты қатерлі ісіктің басқа да түрлеріне қолдану жоспарланған. Препаратты қолданудың әсерін анық көру мақсатында қатерлі ісіктің соңғы сатысында жүрген науқастар таңдалған. Себебі қазір медицинада бірінші және екінші кезеңдердегі пациенттер емделетін деңгейге жеткен. Ал сынаққа қатысып жатқан пациенттердің бірінде жақсы нәтиже байқалған, оның қатерлі ісігі 30 пайызға төмендеді.
– Алайда бұл өнімді жаппай өндіріске енгізуге болады дегенді білдірмейді. Адамдарға қолданылатын мұндай дәрілерді қолданысқа жіберуге рұқсат алу соншалықты оңай шаруа емес. Жалпы, препараттарды әзірлеу және енгізу он жылға дейін созылады. Оған қазіргі нәтижеміз жеткіліксіз. Тағы да зерттеу қажет, клиникалық зерттеулердің қазіргі кезеңінде жақсы нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Кейбір мәселелерде біз кері қарай жүріп, зерттеулерді, жұмысты қайтадан бастауға мәжбүр боламыз. Нақты нәтиже алу соны талап етеді. Содан соң біз мыңнан аса адам қатысатын клиникалық сынақтың соңғы сатысына жетуіміз қажет, оған әлі ерте, клиникалық зерттеулердің өзіне кемінде үш жыл керек. Дегенмен, түпкі нәтижеге жеткен жөн. Ал оған біраз қаражат пен табандылық қажет. Бірақ біз мұның жемісін көре аламыз. Себебі препарат қолжетімді компоненттерден жасалғандықтан, қазір қолданылып жүрген химиялық терапиядан әлдеқайда арзан болады, – деді профессор.