Пікір • 08 Ақпан, 2024

«Теңгебаев парадоксын» қалай шешеміз?

108 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының жаңа Үкіметке серпінді экономикалық саясатты жүзеге асыруға қатысты берген тапсырмалары – құлағы қылтиып келе жатқан экономикалық тоқырауды болдырмауын ескерту сияқты көрінді.

«Теңгебаев парадоксын» қалай шешеміз?

Кейінгі жылдары бізде қызық жағдай қалыптасты. Оны «Теңгебаев парадоксы» деп атар едім. Өте қарапайым түрде түсіндіріп кетейін. Біз өзіміз жинаған салықтан көп ақша жаратамыз. Осы жетпей жатқан айырмашылық бюджеттік тапшылық деп аталады. Ол шамамен бір жылда 3,5-4 трлн теңге болып шығады. Үкімет оның 3 триллиондайын Ұлттық қордан алып, 1 трлн теңгесін облигациялар арқылы қарыз алып жүрген. Тура осы сценарий жалғаса берсе, біріншіден,  Ұлттық қорды толтыра алмаймыз. Ал егер мұнай бағасы түсіп кетсе, қорды тіпті азайта бас­таймыз, екіншіден, қарыз өсіп жатыр. Оны жыл сайын төлеу көлемі көбейіп барады. Қазір бір жылда қарызды қайтаруға 1 трлн теңгеден астам ақша жұмсалады.

Енді осы қауіпті тоқтату үшін қандай қадамдар ойластырыл­ған еді? Жиналатын салықты көбейту.

Әлихан Смайылов Үкіметі әрі-бері ойланып, жаңа салық кодексіне ҚҚС-ты 12%-дан 16%-ға көбейту туралы өзгеріс енгіземіз деп шешкен. Сол кезде есептегенде қосымша 2,5 трлн теңге салық түседі делінді. Ұлт­тық қордан алынатын ақшаны осы арқылы қысқарту көзделген болатын.

Бюджет шығындарын азайту. Бұл ретте Үкімет шығынды азайту жолдарын таба алмады. Себебі шығынның 56 пайызы – әлеуметтік төлемдер.

ҚҚС-ты көтеру екі қатер әкеледі: Қазақстандағы ҚҚС 16 пайыз болып кетсе, бізге келейін деп отырған инвестор ойынан айнып қалуы мүмкін. Ал елдегі ҚҚС төлеп жүргендер бизнесін бірнеше ЖШС-ға бөліп, мүлде ҚҚС-тан кетіп қалады.

Президент Үкіметтен тез жетістікке жету құралы – ҚҚС-ты көбейту мүмкіндігін тартып алды. Себебі ол биыл дивиденд берсе де, ертең банкротқа апарып соғу қаупі бар. Енді Үкімет тығырықтан жүйелі реформалар арқылы шығуға тиіс және ол бірден нәтиже бере қоймайды.

Жаңа экономикалық саясат­тың негізгі ойы: ескі жолдар, үйреншікті қадамдар табыс әкелмейді. Бюрократия мен сыбайлас жемқорлық – басты жау. Қалыптасқан дүние мен көзқарасты мүлде өзгертіп, жаңа күтпеген қадам, реформа жасаудан қорықпау керек. Бүкіл елге серпін қажет. Па­ра­­доксты қалай шешеміз? Биыл­дың басты сұрағы – осы.

 

Айбар Олжаев,

сарапшы