Пікір • 08 Ақпан, 2024

Жаңа Үкіметтен нақты нәтиже күтеміз

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бір-ақ күнде жаңа Үкімет келді.

Жаңа Үкіметтен нақты нәтиже күтеміз

«Жалпы, өткен жылы эконо­микамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қар­қыны бәсеңдеген жоқ. Алдыңғы Үкімет осы бағыт­та біраз жұ­мыс істеді. Кеше мен бұрын­ғы Премьер-мини­стр Әлихан Смайыловқа алғы­сымды біл­дірдім. Бірақ қазір жайба­рақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмы­сына жаңа серпін беру қажет», деді Президент.

Смайылов Үкіметінің қан­ша­лықты тиімді болғанына тарих өз бағасын береді. Енді келген Үкіметтің алдын­да қандай міндеттер тұр? Президенттің қойған межесі бойынша, алдымызда 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 млрд долларға жет­кізу, ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін кемінде 6 пайызға өсіру міндеті тұр. Былтыр 5 пайыздан асты. Сон­дай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар, халық­тың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. 

Табыс атаулы табыс және нақты табыс болып бөлі­­не­ді. Атаулы табыстың өскені­нен халықтың жағдайы жақсар­майды. Өткен жылы сіз табы­сыңызға қанша тауарлар мен қызметтерді пайдалана алатын едіңіз, биыл сол тауарлар мен қызметтердің көлемі өсіп жатыр ма? Өспеген күннің өзінде,  ең болмаса, сақталып қалды ма? Әлде кері кетіп жатыр ма? Осы сұрақтар маңызды.

Жаңа Үкіметтің экономи­калық бағдарламасы халық­тың әл-ауқатын жақсарту деген сөздермен басталып, нақ­ты істерге ұласуы қажет. Сөз бен сандарды әдемі қылып көрсететін Үкімет бізге қажет емес, нақты іспен жұмыс көр­сететін Үкімет қажет.

Яғни бюрократияны тоқ­­тату, нақты нәтижеге қол жет­кізу керек. Үкімет пен әкімдер жұ­мыс істеу тәсілін түбегей­лі өзгер­туге тиіс. Халықпен комму­никациялық байланыс жоғары дәрежеде жүргізілгені жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзім­ді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.

Сонымен қатар Үкімет отырысында айтылған аграрлық-кредиттік корпорацияның әлеуе­тін күшейту және оған ауыл шаруашылығын субсидия­лау жө­ніндегі әкімдіктердің функция­ларын беру қажеттігі – орынды идея. Ол үшін бір цифрлық платформа аясында АӨК субъектілерін жеңіл­детілген кредиттеу және субсидиялау қызметтерін бірік­тіру қажет.

 

Мақсат Халық,

экономист