Әлем • 08 Ақпан, 2024

Әзербайжандағы президент сайлауы: Ильхам Әлиев 92,1% дауыс жинады

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әзербайжандағы кезектен тыс президент сайлауында елдің қазіргі мемлекет басшысы Ильхам Әлиев  92,1% дауыс жинап, көш бастап тұр. Бұл туралы аталған елдің Орталық сайлау комиссиясы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әзербайжандағы президент сайлауы: Ильхам Әлиев 92,1% дауыс жинады

Фото: PRESIDENT.AZ/

Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазахир Панахов президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. Қазір бюллетеньдердің жартысынан көбі есептелген. Екінші орынды 2,2% дауыспен Парламент депутаты Захид Орудж иеленді.

Ел президенттігіне үміткерлер арасында «Ени Әзербайжан» партиясынан Ильхам Әлиев, өзін-өзі ұсынған кандидаттар Захид Орудж және Фуад Әлиев, «Ұлттық майдан» партиясынан Рази Нуруллаев, «Ұлы жасампаздық» партиясынан Фазиль Мұстафа, «Ұлы Әзербайжан» партиясынан Эльшад Мұсаев, «Әзербайжан Біріккен Халықтық майданы» партиясынан Гудрат Хасангулиев бар.

Ильхам Әлиев осымен бесінші рет президенттік сайлауға қатысып отыр. Бұған дейінгі 2018 жылы өткен сайлауда ол 86,22% дауыс жинаған еді. Әлиев Әзербайжан билігін 2003 жылдың қазан айынан бастап жүргізіп келеді. Елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімді өзі қабылдаған.