Оқиға • 08 Ақпан, 2024

Алматыдағы лай көшкіні: 4 адам іздестіріліп жатыр

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

8 ақпанда сағат 02.20-да Алматы қаласы Медеу ауданының Тау-Самал шағынауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай болды, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыдағы лай көшкіні: 4 адам іздестіріліп жатыр

Фото: gov.kz

Ведомство мәліметінше суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жер үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.

Оқиға орнында «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласының «109 құтқару қызметі» ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылған.

Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланып, №47 мектепке орналастырылған. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетілген. Жиналу пунктіне орналастырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, тұрғындар өз еркімен достары мен туыстарына кеткен.

Оқиға орнында ТЖД психологиялық тобы мен дәрігерлер бригадасы жұмыс істеп жатыр. Ықтимал зардап шеккендерді іздеу жалғасады. Үйлердің жақын орналасуы мен техниканы пайдалану мүмкіндігінің болмауы жұмысты қиындатып отыр.

«Ақпарат толықтырылатын болады. Тек ресми деректерге сенуді сұраймыз», делінген хабарламада.