Жыр бәйгесіне облыстың аудан, қалаларынан, Көкшетау мен Астанадан, Ұлытаудан, Жаңарқадан, Баянауылдан 14 ақын қатысты. Түс ауа басталған айтыс түнге дейін созылды. Жауыртау жұрты жырға әбден шөлдеген екен. Айтыс тәмамдалғанша тырп етпеді. Айтысты белгілі ақын Айтбай Жұмағұл тізгіндеді.
– Төл өнеріміз айтысқа деген елдің сағынышы соншалық, түнгі он бір жарымға дейін тапжылмай куә болды. Осындай жыр жәрмеңкесін ұйымдастырған қала әкімі Ораз Қайсаұлына, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айжан Қойшыбайқызына халықтың да, ақындардың да алғысы шексіз. Алдағы уақытта бұл айтыс дәстүрлі түрде өтетін болады. Бұдан бөлек, алдағы жылы Бұқар жырау мен Базар жыраудың мұрасын насихаттауға арналған жыршы-жыраулар сайысы, көрнекті ақын Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылығына арналған мүшәйра өткізу жоспарланған. Енді Теміртаудың қазанында өлең, жыр қайнайды, – дейді А.Ботпайұлы.
Айтыстың ақтаңгері, профессор Қойлыбай Асанов қазылар алқасын басқарса, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев, қалалық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов, Руза Алдашева сынды ел азаматтары әділ төрелік етті.
– Қаныш – қазақпен егіз ұғымға айналған тұлға. Қазақ десе Қаныш, Қаныш десе қазақ еске түседі. Ақындарымыз академиктің өмірін жырға қосып, ел білмейтін, естімеген бейнелерін жарыққа шығаруға тиіс болған-ды. Барлығы өз деңгейлерінде орындап шықты. «Арбамен жеткен арманға» деп жырлаған Сырымның бәсі басқалардан биік түсті. Сондықтан бас жүлдеге лайық көрдік, – дейді қазылар алқасының төрағасы Қ.Асанов.
Ақындар ақиқатты айтудан тартынып қалмады. Елдің ең өзекті мәселелерін, Теміртаудың тұрғындарын алаңдатқан дүниелерді де жырға қосты. Қаланың орнын айшықтап, сонау Ертістен су тартқызған Қанышқа әлі күнге бір естелік белгі, көше атауы берілмегені де айтылып өтті.
«Білмейтін жұрт әлі күнге дейін «Теміртау орыстанған қала» деп жүр. Иә, бір кездері солай болғаны да шын. Бірақ қазір қаламыз қазақыланып келе жатыр. Қаладан төрт бірдей айтыс ақынының шығып отырғанының өзі қазақы рухтың лебі есе бастағанын аңғартса керек. Бұйыртса, алдағы уақытта Қаныштай тұлғаға орталық көшелердің бірін береміз. Оған дейін ғалымның қазақ еліне, Теміртауға сіңірген еңбегін ел біле жүрсін», дейді қазылар алқасының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов.
Қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев айтыстың келер жылы Теміртау қаласының 80 жылдығына орай республикалық деңгейде ұйымдастырылатынын да жеткізді.
Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас жүлдесі жаңарқалық Сырым Нығызбаевқа бұйырды. Сырым ақын қаладағы жалғыз қазақ газетін ашқан Нұрлыхан Қалқаманұлының еңбегін елеп, атап өткені рух сыйлады көрерменге. I орынды Жанарыс Тілеубек, II орынды Әлихан Ерғалиев мен Әлихан Нығметолла, III орынды Самат Думан, Байсүгір Нұрмұхаммед, Төкенов Нұрлыбек иеленді. Мұнымен қоса айтысқа қатысқан барлық ақынға 100 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлықтары берілді.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы