Кәсіпқой бокс • 09 Ақпан, 2024

Сұлтан Алекспен айқасады

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екінші жартылай жеңіл салмақта күш сынасып жүрген Қазақстанның кәсіпқой боксшысы Сұлтан Зәуірбек кезекті жекпе-жегін 1 наурызда Ұлы­британияның Телфорд қаласында өткізеді.

Сұлтан Алекспен айқасады

Қандасымыздың қарсыласы – Алекс Дилмагани. 32 жастағы жергілікті сақа спорт­шының кәсіпқойлар арасында жұ­дырықтасып жүргеніне 15 жылға жуықтады. Сол аралықта 23 жекпе-жек өткізіп, тек екеуінде ғана ұтыл­ды. Жеті қарсыласын ұрып жықты. Алекс 2011 жылы отандасы Микки Ковени мен 2020 жылы Самир Зианиден ғана ұтылды. 2019 жылы ол өзінің соңғы бәсекесін былтыр қаңтар айында чехиялық Михал Дюфекке қарсы өткізіп, оны ұпай санымен ұтты.

Ал 27 жастағы Шымкенттің тумасы Сұлтан Зәуірбек 2018 жылдан бері спорттың осы түрін серік етіп келеді. Алты жыл аралы­ғында 16 мәрте рингке көтеріліп, бар­лық қар­сыласынан басым түсті. 12 бә­секеде айқын басымдық танытты. Соңғы рет Сұлтан 2023 жылдың 10 қарашасында Ан­глияның Брайтон қаласында аргентиналық Серхио Мартин Сосаны алтыншы раундта техникалық нокаут­пен жеңді. Бұл жекпе-жекте WBO Global мен WBA Gold нұсқаларының чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.