Спорт • 08 Ақпан, 2024

Жерлестеріміздің жарқын жеңісі

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы аптада әлемнің әр қиырында көптеген аса ірі халықаралық жарыс­тар өтті. Жерлестеріміздің жеңісті жолы жөнінде үзбей жариялап келеміз. Енді жақында ғана аяқталған және таяу күндері өтетін кейбір бәсекелерге қысқаша тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз.

Жерлестеріміздің жарқын жеңісі
  • Швейцарияда шпагамен семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогі аяқталды. Бұл жарыста Қазақ­стан құрамасы Польша, Швейцария және АҚШ спортшыларын ұтып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Финал­да жерлестеріміз әйгілі Мажарстан құра­масына есе жіберіп, күміс медальді олжалады. Біздің команданың сапында Богдан Лукин, Алексей Касаткин және Кирилл Проходов сынды сайыпқырандар өнер көрсетті.
  • Біріккен Араб Әмір­ліктерінің (БАӘ) Фуджейра қаласында таеквондодан G2 санатындағы халықаралық турнир аяқталды. Парсы шы­ғанағына аттанған отандық татами шеберлеріміз елге ол­жалы оралды. Атап айтсақ, Аманбол Бегімбетов (63 кг), Ясмина Нарбаева (62 кг) және Жансель Дениз (73 кг) финалда ғана ұтылып, күміс медальді мойнына ілді. Ал жартылай финалда сүрінген Батырхан Төлеуғали (80 кг), Бексұлтан Мұсахан (68 кг), Ерасыл Орынбасар (74 кг) және Нұрлан Мырзабаев (87 кг) қолаға қол созды.
  • Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада жалауы желбірейтін әлем чемпионатының негізгі ойындары қай жерлерде өтетінін жария етті. Бас жүлде үшін тартыс АҚШ-тың Нью-Джерси штатына қарасты Ист-Ратерфорд қаласындағы «МетЛайф-Стэдиумде» ұйымдастырылады. Бұл стадион 82,2 мың көрерменге есептелген. Қола медаль үшін тартысты Флорида штатына қарасты Майами қаласындағы «Хард Рок Стэдиум» қабылдайды. Аталған спорттық нысан 65 326 адамды сыйдыра алады.
  • Қатардың бас шаһары Дохада су спортынан әлем чемпионаты өтіп жат­қаны белгілі. Күні кеше ғана әртістік жү­зуден құрамында Нар­гиза Болатова мен Эдуард Ким сынды дүлдүлдері бар Қазақ­стан құрамасы аралас жұптар сайысында тарихи алтынға қол жеткізгені туралы жазған едік. Ендігі үміт – жүзушілерде. 11 ақпанда баста­латын жарыста Әділ­бек Мусин, Егор Попов, Максим Ска­зобцов, Арсен Қожахметов, Аделаида Пчелинцева, Ксения Игнатова, София Спо­даренко және Диана Тасжанова өнер көрсетеді. Сол бәсекеде тағы бір жүлде алуды жоспарлап отырмыз. Осы орайда Әділбек Мусин мен Аделаида Пче­линцеваға айрықша сенім артылып отыр.
  • 18 ақпанда Мәскеудегі «ВТБ Аре­нада» баскетболдан ВТБ Бірыңғай лигасының «Жұлдыздар матчы» өтеді. Аталған жарысқа барлығы 24 ойыншы қатысады. Солардың арасында «Ас­тананың» намысын қорғап жүрген америкалық легионер Ройс Хэмм де бар. Шабуыл шебінде өнер көрсететін баскетболшының жасы – 24-те, бойы – 202 сантиметр, салмағы – 102 кг.
  • Таяуда АҚШ-тың Лас-Вегас қала­сында аралас жекпе-жектен өткен UFC турнирінде күш сынасып, жергілікті фай­тер Чарльз Джонсоннан жеңілгеніне қарамастан қазақ спортшысы Азат Мақсұм 66 мың доллар көлемінде табыс тапты. Оның 12 мыңын жекпе-жекке шыққаны және 50 мыңын осы айқас ең үздік деп танылғаны үшін алды. Тағы 4 мыңы – демеушілер тарапынан берілген бонус. Ал Джонсон 78 мың доллар шамасында олжаға кенелді.
  • Кәсіпқой рингте 16 кездесу өткі­зіп, барлығында жеңіске жетіп, 11 қар­сыласын нокаутқа жіберген 28 жастағы америкалық Остин Уильямс орта сал­мақта WBO мен IBF нұсқалары бойын­ша әлем чемпионы атанып отырған Жәнібек Әлімханұлын жекпе-жекке шақырды. 30 жастағы қазақтың ұлы да жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Ол 15 бәсекенің 10-ын мерзімінен бұрын аяқтады. Уильямс өзінің соңғы кездесуін 4 ақ­панда Лас-Вегаста Германияның өкілі Армель Мбумба-Яссаға (10-1, 7 КО) қарсы өткізіп, оны алтыншы раундта ұрып жықты.