Теннис • 08 Ақпан, 2024

Аргентина алдырмады

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Росариода теннистен өткен Дэвис кубогінің іріктеу сайысында Аргентина мен Қазақстан құрамалары күш сынасты. Бұл бәсекеге корт қожайындары кіл мықтыларын қосты. Ал Александр Бублик, Алек­сандр Шевченко және Бейбіт Жұқаев сынды еліміздің ең мықты ойыншылары түрлі себептерге байланысты аталған жарысқа қатыса алмады.

Аргентина алдырмады

Алғашқы болып Дмитрий Попко (338 АТР) мен Франсиско Черундоло (22 АТР) кортқа шықты. Бұл теннисшілердің деңгей айырмашылығы жер мен көктей. АТР рейтингінде 22-орынға тұрақтаған Аргентинаның өкілі былтыр Ролан Гарростың төртінші кезеңіне дейін жетіп, Бостад пен Истборндегі турнир­лерде топ жарды. Попко үздіктер тізі­мінде 338-орында тұр. Сол себепті де жергілікті спортшыға жерлесімізді жеңу айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Есеп – 7:5, 6:2.

Көп кешікпей Тимофей Скатов пен Томас Мартин Этчеверри шеберлік байқасты. Бұл кездесудің фавориті корт қожайыны еді. Ол былтыр Ролан Гарростың ширек финалына шығып, биыл Аустралияның ашық біріншілігінің үшінші айналымында сүрінді. Десек те АТР рейтингінде 278-сатыға жайғасқан отандасымыз әлемнің 28-ракеткасынан 6:4, 7:5 есебімен айласын асырды.

Келесі күнгі жарыс бағдарламасы жұптық бәсекелерден басталды. Өкі­нішке қарай, Александр Недовесов пен Дмитрий Попко Максимо Гонсалес пен Андрес Мольтениден 7:6, 4:6, 0:6 есебімен ұтылды. Одан кейін Тимофей Скатов пен Франсиско Черундолоның тартысын тамашаладық. Бірінші сетте аргентиналық теннисші 4:1 есебімен алға шыққанда үмітіміз үзілгендей болды. Осы жолы жеңілсек, бұл жарыс біз үшін мерзімінен бұрын аяқталатын еді. Бірақ Тимофейдің жүйкесі темір екен. Ол ойынды тай-брейкке дейін жеткізіп, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып алды. Екінші сетте де отандасымыз шабысынан жаңылған жоқ. Есеп – 7:6, 6:4.

Таразы басы теңселіп тұрғанда Дмитрий Попко мен әлемнің 26-ракеткасы Себастьян Баэс кортқа шықты. Алғашқы екі сет тең аяқталды – 6:4, 3:6. Ше­шуші тұста екеуі де барын салды. Кез­десу тай-брейкке дейін ұласып, бұл жолы Баевтың бағы жанды – 7:6. Сөйтіп, бес бәсекенің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Аргентина теннисшілерінен 2:3 есебімен ұтылды. Енді жерлестеріміз қыркүйек айында плей-офф турнирінде бақ сынайды. Жеңіске жеткен жағдайда олар Дэвис кубогінің іріктеу сайыстарына қайта қатысады. Ал отандық теннис­шілеріміздің плей-оффта кіммен кезде­сетіні сәл кейінірек белгілі болады.