Экономика • 09 Ақпан, 2024

Аутсорсинг – экономикамыздағы тың мүмкіндік

178 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде дамушы экономикалардың көшбасшылары аутсорсинг нарығын кеңейтуде оң динамика көрсетіп отыр. Бір қарағанға бұл стихиялық даму әрі ірі корпорациялардың операциялық шығындарды азайтуға бағытталған табиғи ұмтылыс ретінде көрінеді. Ал сарапшылардың көбі бұл үрдісті ұйымдастырылған мемлекеттік даму бағдарламалары тұрғысынан қарастырады. Бұл мақалада біз аталған саясатқа қатысты жекелеген деректерді қарастырып, еліміздің осы нарықтағы ықтимал артықшылықтарын көрсетеміз.

Аутсорсинг – экономикамыздағы тың мүмкіндік

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңі­рінде халық саны қарқынды өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының өткен жылғы дерегіне сәйкес қаңтар мен қыр­күйек аралығында 290 894 адам дү­ниеге келген. Оның 59,8%-ы қалада, қал­ған 40,2%-ы ауылдық жерлерде өмір есігін ашқан. Жұмыс істемейтін, білім­мен немесе кәсіптік дайындықпен айна­лыспайтын «NEET» жастардың үлесі 6,5%-ды құрағанын атап өткен жөн. 15 пен 28 жас аралығындағы жас­тар ара­сындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ға тең. Жұмыссыз, бірақ жұмыс іздемейтін немесе жұмысқа кірісуге да­йын емес адамдардың саны – 49,8 мың. Яғни елімізде көптеген салаға қатыса алатын халық саны бар әрі олардың көбі – жас­тар. EF зерттеуі жан басына шаққандағы экспорт, жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс және инновациялар ағылшын тілін меңгеру­мен байланыс­ты деген қорытындыға келеді. Демек ағылшын тілінде сөйлейтін халықтың пропорционалды аздығы ел экономикасының болашақ дамуы үшін шектеу болуы мүмкін. 2023 жылғы осы рейтингте Қазақстан 415 ұпаймен 113 елдің арасында 104-орынға ие болғанын атап өтуге болады.

Осы факторлардың барлығы аутсор­сингті дамытуда және шетелдік компаниялардан инвестиция тартуда маңыз­ды рөл атқарады. Әсіресе бұл сипаттамалар «Business Process Outsourcing (BPO)» саласында маңызды. Дәстүрлі мағынада BPO тәжірибесін компания­лар негізінен шығындарды үнемдеу стра­тегиясы ретінде пайдаланады. Техно­логиядағы үдерістерді жеңілдету үшін пайдаланылғанымен, ол негізінен тапсырмаларды автоматтандыруға қатысты. Дәстүрлі BPO тұтынушыларды қолдау және байланыс орталығының қызметтері, мәліметтерді енгізу және өңдеу, қаржы­лық және бухгалтерлік қызмет көрсету, адам ресурстарының аутсорсингі, мазмұнды модерациялау, «IT Helpdesk» және техникалық қолдау көрсету, құжаттарды басқару, сатып алудың аутсорсингі, жет­кізу тізбектерін реттеу қызметтерін қамтиды.

Осылайша, BPO төмен және орташа білікті жұмыс күшіне тікелей қатысады. Дегенмен «McKinsey & Company» ком­паниясының пікірінше, бұл тәсіл тұты­нушыларға неғұрлым жетілдірілген ұсы­ныстарды аутсорсингке алып келетін тиім­ді жолға бастайды. Оларға салалық шешімдер мен жасанды интеллект, аналитика және машиналық оқыту сияқты цифрлық технологиялардағы жетістіктер кіреді. Көптеген сарапшы ерте ме, кеш пе, жасанды интеллект BPO индустрия­сын айтарлықтай қысқартады деген пікірде. Қысқарған күннің өзінде IT мамандарының жұмысының нәтижесінде алынған дағдылар IT-ға үлкен серпіліс әкеліп, қызметкерлердің біліктілігін арттырады. Сонымен қатар біз ағылшынша еркін сөйлесетін халыққа айналамыз. Инновацияның кейінгі дамуына және тұтастай IT саласының дамуына әкелетін сала ретінде аутсорсингті дамыту бойынша жоғарыда аталған саясаттың тамаша үлгісін тауып, қолдану керек. Ол үлгіні Үндістаннан көруге болады. Бұл мемлекет – әлемдегі ең ірі экспорттаушылар­дың бірі. 2021-2022 қаржы жылында IT және BPO қызметтерін 157 миллиард долларға экспорттаған. Оның ішінде IT қызметтеріне 106 миллиард доллар және BPO қызметтеріне 51 миллиард доллар кеткен. Үндістандағы BPO секторы ITES (Information Technology Enabled Services) қағидатымен дамиды.

GCC (Global Capability Centers) – бұл BPO өсуінен кейін танымал бол­ған трансұлттық компаниялардың орта­лық­тары үшін жиынтық термин. Ірі орта­лықтар өнімділіктің өсуін қолдау үшін операциялық қызметті және IT қолда­уын қамтамасыз ететін қызметкерлер мен инфрақұрылымды шоғырландырады. Кейбір ірі компаниялар GCC-ті басқа тапсырмалармен қатар автоматтандыру, инновациялар және аналитика үшін шеберлік орталығы ретінде пайдаланады. Жаһандық кәсіпорын стратегиясына әсер ету үшін GCC бұлттық технологиялар, деректерді талдау, жасанды интеллект/машинаны оқыту, чип дизайны, жүйелер мен бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу сияқты алдыңғы қатарлы шешімдерге қатысты қызметтерді ұсынады.

Дегенмен жасанды сананың динами­калық дамуын ескерсек, аутсорсингті дамы­туға толығымен өту қауіпті. Демек IT экспортының жалпы фокусы тек аутсорсингке және ВPO-ға бағындыру қате. Сондықтан стартап-жобалар мен ІТ инновацияларды құру саясатын әзірлеу және кіріс пен экспортты әртараптандыру түр­лерінің бірі ретінде аутсорсингті қарас­тыру арасындағы теңгерімді табу керек.

Қазақстан IT секторында адами капиталды дамытудың табысты бағдарлама­сы бар. Ол әсіресе гендерлік теңсіздікті төмендетуде байқалады. «IT-Aiel» бағ­дарламасының нәтижелері бойынша 2000-нан астам әйел «No-Code» құралдары мен фрилансинг бойынша оқытуға қатысты. Еліміз стартап жобаларды дамыту бағдарламаларын жасауда да шыңға шықты. Сол бағдарламалардың бірі – «Silkway Accelerator ол Google for Startups» серіктестіктегімен жасалған жоба. Айта кету керек, «Astana Hub» Орта­лық Азия аймағындағы «Google for Startups» жобасының жалғыз серіктесі. 2022 жылдан бастап «Silkway Accelerator» бағдарламасына 1000-нан астам өтінімді қабылдады. Барлық үш ағынның қоры­тындысы бойынша 37 үздік жоба акселе­рация бағдарламасын аяқтады. Компа­ниялардың жалпы қаржыландыруы 350 миллион доллардан, ал ай сайынғы кіріс 1 миллион доллардан асты. «Silkway Accelerator» бағдарламасының үш ағыны барысында стартап жобалары жалпы сомасы 7,5 миллион доллардан астам қара­жат жинады және БАӘ, Түркия, АҚШ және т.б. нарықтарына шығарылды. Соны­мен қатар былтыр 17 сәуірде «Astana Hub» Кремний алқабындағы «Hero Training» бағдарламасының «Draper University»-мен бірлесіп іске қосылғанын жариялады. Қазіргі уақытта «Astana Hub» мүшелері – 1300-ден астам IT компания бар. Оның 371-інің шетелдік үлесі бар. «Astana Hub» ашылғаннан бері құрылған жұмыс орындарының жалпы саны 21 958-ді құрады.

Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі Мемлекет басшысының IT қыз­меттерінің экспортын 1 млрд долларға дейін жеткізу туралы тапсырмасы бар. Осы тап­сырмаға сәйкес министрлік ақпа­раттық-коммуникациялық технология­лар саласындағы экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы жағдайлар мен құралдарды жасап жатыр. Осыған байланысты шетелге отандық цифрлық шешімдер экспорты көлемі ұлғайып, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ІТ қызметтерінің экспорты 247,3 млн АҚШ долларын құрады. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда (110,5 млн доллар) ІТ қызметтердің экспорты 2,2 есе өсті. IT қызметтерінің экспорты 2021 жылдың соңында 60,07 миллион АҚШ долларын, ал 2022 жылы 337 миллион АҚШ долларын құрады. Алынған мәліметтерге сүйене отырып, компания­лар негізінен келесі елдерге экспорттайтынын атап өткен жөн: Америка Құрама Штаттары (8,71%), Біріккен Араб Әмірліктері (3,67%), Кипр (2,65%), Нидерланд (1,51%), Ресей Федерациясы (1,72%), Ұлыбритания (1,09%), Германия (1,02%), Испания (1,54%), Ирландия (0,64%), Канада (0,19%).

Елімізде стартап пен аутсорсингтік салалар арасында теңгерімді сақтаудың бірегей мүмкіндігі бар. Бізде әлемдегі көптеген ірі халықаралық компаниялар­да табысқа жеткен дарынды IT маман­дарының үлкен қоры бар. «UpWork» бағ­дарламасына Қазақстан платформасында 40 000 фрилансер бар, оның ішін­де 1100 фрилансер өз қызметтерін бел­сенді түрде ұсынып жүр. Жоғарыда сипатталған халықаралық тәжірибе туралы мәліметтерге сәйкес көптеген елдің аутсорсинг саласынан инновациялар саласына ауысуы айқын. Негізгі идея – аутсорсинг саласы шетелдік компания­лармен бұрынғы жұмыс тәжірибесінің нәтижесінде нетворкингті сақтай отырып, кейін IT өнімдерін жасау секторына ауысатын жаңадан келген мамандарға прак­тикалық тәжірибе жинақтауға және дағдыларын шыңдауға мүмкіндік береді. Аутсорсингтің оң ерекшеліктерінің бірі – IT өнімдерін әзірлеумен айналысатын стартаптармен салыстырғанда оның аман қалуы. Экспорттан түсетін түсімде де айырмашылық бар. Орташа алғанда бір аутсорсингтік компания өнім өндіруші ком­панияның кірісі 200 мың доллармен салыстырғанда жылына 1 миллион доллар таба алады. Сондай-ақ аутсорсингтік компанияның орташа мөлшері 15 адамды құрайтынын атап өткен жөн, бұл орналастыру елдерінде шағын және орта бизнесті құруға және дамытуға ықпал етеді. «Faiza Manzoor National Institutes of Health» зерттеуіне сәйкес жалпы АҚШ және дамыған елдер өз бизнесі­нің 90% шағын және орта кәсіпкерлікке маңыз береді. Бұл – олардың қаржы­лық дамуының маңызды себептерінің бірі. Дегенмен Стив Адельман, Анатолий Моткин, Мұрат Әбдірахманов және т.б. сынды сарапшылар қатысқан Алматыда өткен форум – «Strategeast» мәліметтеріне сәйкес аутсорсингтік компаниялардың ұзақмерзімді перспективада өмір сүру көрсеткіші – 10 жыл.

«Astana Hub» орталығында өткен IT аутсорсинг нарығы өкілдерінің үкімет өкіл­­дерімен кездесуінде «Global Out­sour­cer» 3 айлық жеделдету бағдарла­масы­ның әлеуеті көрсетілді. Бағдарлама қорытындысы бойынша 20 кәсіпорынның 11-і нәтиже көрсеткен. Нәтижесінде, бағ­дарлама әлемнің 22 елінен 158 мың АҚШ доллары көлемінде IT экспортын жасауға көмектесті. «Global Outsourcer» акселерация жеделдету бағдарламасының жағдайы Қазақстанның IT экспортын дамы­тудың сервистік экспортта 1 мил­лиард долларға жету мүмкіндігін дәлел­дей­ді. Бағдарламаны 15 компания ғана аяқ­тап, 3 айда жоғарыда көрсетілген со­маны тапқанын ескерсек, бұл тә­жіри­бе­ні кеңейту IT қызметтері үшін жаңа көкжиектер ашуы мүмкін.

Аутсорсинг пен ВPO индустриясы елдің IT нарығын жақсартуда оң динамикасын айқын көрсетеді деп айтуға болады. Аутсорсинг пен ВPO индустриясы экспортты әртараптандыруға ғана емес, сонымен қатар жастар арасында болашақ стартап-индустрияны дамытуға тамаша мүмкіндік береді.

Елімізде дәстүрлі ВРO дамыту мектептер мен колледждерде ағылшын тілін оқытудың түрлі бағдарламаларын әзірлеу қажет. ВРО компанияларының жылдам өсуі мен дамуына өтемақылар мен субсидиялар жүйесін құру да маңыз­ды. Соның ішінде экспорттық баж салығы­нан босату, қызметкерлердің жала­қысын өтеу, HR қызметтері үшін өтем­ақылар, ше­телдік BPO клиенттерінің рейс­тері үшін өтемақылар талап ету қажет. Атал­­ған шаралар халықты техноло­гия мен IT индустрияға тартып, адами капитал деңгейін арттырып, жаһандық еңбек нарық­тарына үздіксіз интеграция­ны қамтама­сыз етеді. Елде жоғары білікті аутсорсингті дамытуға фриланс платформаларындағы демпингтік баға бойынша қызмет құнын субсидиялау жүргізсек те жақсы нәтиже берер еді. Сыртқы істер министрлігінің қатысуын күшейту және дипломатиялық өкілдіктерде IT атташелері сияқты лауазымдар мен фриланс платформаларынан қаражатты тиімді алу механизмін құру да өрге сүйрейді.

Қорытындылай келе, аутсорсинг және ВРO индустриясы өңірлердегі тұр­ғындардың IT саласындағы жалпы құзы­реттілігін арттырудың, халықаралық ком­па­ниялармен өзара әрекеттесу және ағылшын тілінде сөйлейтіндердің санын арттыру, IT әріптестерімен желілік қоғамдастық құру, елімізге шетел инвес­тициясын тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмыспен қамтылғандар са­нын көбейтуге тамаша мүмкіндігін беріп жатыр.

 

Қаныш ТӨЛЕУШИН,

Цифрлық даму, инновациялар

және аэроғарыш өнеркәсібі

бірінші вице-министрі