Энергетика • 09 Ақпан, 2024

Желіні жетілдіру жолы

161 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы бас басылымдағы сұхбатында тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесіне мән беріп, тозығы жеткен орталықтардың жайына назар аударды. Расында, елімізде отын қоры жеткілікті болғанымен, қыс мезгілінде үйлерді жылыту мәселесі желілердегі апаттар салдарынан қиындап кететіні – үйреншікті жағдай. Жылыту маусымына дайындық ерте бас­талса да, үдесінен шыға алмайтын осы жүйедегі негізгі мәселе неде?

Желіні жетілдіру жолы

Мәселенің мәнісіне үңілгенде, 50–60 жыл бұрын қолданысқа берілген, бүгінде тозығы жеткен желілерді ауыстыруға бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінбей, мемлекеттік деңгейде қадағалану қолға алынбай тұрғанға ұқсайды. Былтыр «Электр энергетикасы туралы» заң жылу энергетикасы саласын толық көлемде реттей алмайтындықтан, «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы тұжырымдалды.

Осы ретте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, елімізге еңбек сіңірген энергетик Жақып Хайрушев: «Қыс ортасында көптеген өңірде жылуды өшіру немесе жылыту маусымына дайындықтың кешеуілдеуі сияқты мәселелер кездесіп отыратыны шындық. Оған көбіне қатты аяз бен жылу желілерінің тозуына байланысты құбырлардың істен шығуы себеп болып жатады. Биылғы жылыту маусымында, әсіресе, Ақтау, Степногор, Кентау, Қостанай, Жезқазған секілді қалалар көп зардап шекті. Жылу желілерінің әбден тозуы, оларды пайдалану мерзімдері мен шарттарының бұзылуы кейде төтенше жағдайларға алып келеді», дейді.

пар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігінің деректеріне қарағанда, жылу же­лілерінің 50%-дан астамы тозған, ал нормативтік пайдалану мерзімі әлде­қашан асып кеткен. Бұлардың 7 550 шақырымын дереу ауыстыру қажет бол­са, оның 14 мың шақырымын, яғ­ни 54%-ын жылу желілері құрайды. Инфра­құрылымның тозуы салдарынан апат­тардың 80%-ы жылу желілерінде орын алып отыр.

Аталған саладағы апаттардың жиі­леп кетуі әкімдіктердің жылыту маусы­мындағы дайындық жұмыстарына фор­малды көзқарасының салдары деу­ге болады. Екібастұз, Рудный, Рид­дердегі тұтас бір қаланың жылусыз қалуы – осыған дәлел. Тіпті ірі қалаларда жылу энергиясының жетіспеушілігінен жылу берудің орташа температурасы төмендеген. Мұндағы бар мәселе, жабдықтың тозуынан көптеген басқа инфрақұрылымдық шығынға әкел­гені бар. Жақып Ғалиұлының айтуынша, еліміздегі бұл саланың басты мәселесі – жылумен жабдықтау жүйелерінің жылыту маусымына дайындық дәрежесін бағалайтын жылумен жабдықтау но­байы­ның жоқтығы. Бірыңғай жауапкер­шілік орталығын құру осы саладағы дайын­дық есебінің елдің энергетикалық балансына және энергетика саласындағы басқа да нормативтік құжаттарға сәйкес­тігін талдауға мүмкіндік берер еді. Бү­гінде жылу желілерін жаңғыртуды қар­жыландыруда жергілікті бюджеттің мүм­кіндіктері аз екені түсінікті. Жылу­мен жабдықтау секторында инвестиция тапшылығы да – бұрыннан келе жатқан мәселе.

«Тарифтерді инвестицияға айыр­бас­тау» бағдарламасына сәйкес инвес­тиция­ларды тарту және желілердің тозуын төмендету 2029 жылға дейін жылумен жабдықтау секторына 900 млрд теңге инвестиция құю жоспарланған. Бұл 2 300 шақырым желіні жөндеуге және тозу пайызын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бірақ қолданыстағы тариф шеңберінде республикалық және одан да көп өңірлік бюджеттерде қаражат табу екіталай. Сондықтан сыртқы инвестициялар керек. Бұл үшін әлі де Мәжілістің қарауында тұрған инвес­тицияларды қайтару тетігін заңнамалық тұрғыдан бекітуге тиіс. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін, мем­ле­кеттік қаржы институттарының қара­жатын жеңілдікті пайызбен іске қосуға тырысу қажет.

«Тарифтерді инвестицияға айырбас­тау» бағдарламасын табысты іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың, со­ның ішінде энергия тұтынушылардың мүдделерін ескеретін теңдестірілген тәсіл керек-ақ. Тарифтерді анықтау үдерісінде ашықтық пен инвестициялардың пайдаланылуына бақылау жүргізіп отыру, қаражаттың мақсатсыз қолдануға жол берілмеуі аталған бағдарламаға деген сенімді нығайтады. Мәселен, өткен жылы осы бағдарлама аясында 300 млрд теңге қосымша инвестициялар тарту жоспарланған.

«Бұған қоса желілерді тарту және пайдалану үшін біз бұрынғы құрылыс нормалары мен ережесін қайта қарауымыз керек. Мұнда тәуліктік температураның шекті, күндер мен айлардағы орташа тәртібі көрсетілген. Соған сай желілерді құрып, біздің аязға төтеп беретін материалдарды жобаға енгізу керек. Бұл жылда қайталанатын мәселе екені рас. Негізгі жылу желілерінің тозуымен қатар ЖЭС басшылары жауапкершіліктерінің төмендігін де көрсету керек. Мемлекет былтырғы көктемнен бастап жылумен жабдықтау саласында тәртіп орната бас­тады. ЖЭО аудиттері жүргізілді, тариф­тер мен жылу желілерінің жай-күйі талданды, бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Тұтынушыларды жылумен жабдықтау сенімділігінің нақты өлшемдерін белгілеу, жылу желілері ұйымдары үшін де, жылу энергиясын тұтынушылар үшін де жылыту маусымына дайын болу міндеттерін бел­гілеу керек. ТЖ қызметтерінің жылу же­лілері мен басқа да жылумен жаб­дық­тау нысандарындағы штаттан тыс жағдайларды жоюға дайындығын жат­тықтыру қажет. Осыған байланысты биыл Үкімет жоспардан тыс тексерулер жүргізуге энергетикалық қадағалау қыз­метін заңнамалық тұрғыдан күшей­туді қолға алып отыр», дейді Ж.Хай­рушев.

Мемлекет энергиямен қамтамасыз ету жүйелерінің қызметіне қауіп төнді­ретін жағдайға жеткізетін болса немесе оларды тиісінше қалыпты деңгейде ұстамаған жағдайда энергия нысанда­рын жекеменшік құқығынан алып қою­ды заңнамалық тұрғыдан қарастырып жатыр. Тағы да Үкімет, әкімдіктер мен меншік иелері басым тәртіппен энер­гетикалық инфрақұрылымды жөн­деу мен реконструкциялаудың тиісті жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

Бүгінде шамамен 77% тозығы жет­кен 2 мың шақырымдай жылу желі­лері – жекеменшік құқығында. Осы желі­лердің жай-күйін, міндетті жөндеу жұмыстарын бақылауды күшейту қажеттілігі Үкіметте айтылып жатыр. Мұндағы энергия тасымалдау нысандары иелерінің жауапкершілігін арттырып, қызмет көрсету туралы шарттарда қарастыру керектігі қолға алынған.

«Электр энергетикасы туралы» заң­ның нормаларында жылу стансалары мен қазандықтардың жабдықтарын пайдалану, жылумен жабдықтау нысандары мен жылу желілерін жобалау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке қойылатын талаптар жеткіліксіз дең­гейде көзделген. Сондай-ақ жылу стансалары мен қазандықтарды жылыту кезеңіне дайындау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі, жылу энергети­касы саласына қатысушылардың мін­деттері толық айқындалмаған.

Сондықтан жылу және электр энергетикасы салаларының аражігін нақты ажырату қажеттігі туындаған еді. Атал­ған заң қабылданған жағдайда жылу желілерін күтіп ұстауға және жылыту маусымына дайындыққа жаңа талаптар қойылады. Бұл өзгерістердің мақсаты – апаттардың алдын алу және елді мекендерді жылумен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Министрлік аймақтардағы жылумен жабдықтау нобайын бекітіп, сенімділік критерийлері мен жүйелердің мазмұнына қойылатын талаптарды белгілеуі керек. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары жылумен жабдықтау, жылу желісі және тұрғын үй-коммуналдық ұйымдардың қыс мезгіліне дайындығын тексеріп, бағалауы шарт. Ал өткізілген дайындықты бағалауды мемлекеттік энергетикалық қадағалау инспекторлары жүзеге асыруға тиіс. Кемшіліктер анықталған жағдайда орындаушы әкім­шілік жауапқа тартылуы керек. Сондай-ақ әкімдіктер ТЖ органдарымен бірлесіп, апатты жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуге және әрбір жылыту маусымы алдында жылумен жабдықтау нобайын өзектендіруге тиіс», дейді сарапшы.

Бұл өзгерістер қазандықтардың, ЖЭО мен инженерлік желілердің сенім­ді жұмысын қамтамасыз етіп, елді мекен­дерді жылумен жабдықтаудың сапасы мен қауіпсіздігін арттырады.