Қаржы • 09 Ақпан, 2024

Жылу орталықтары БЖЗҚ қаражатына салына ма?

132 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Желіде осындай ақпараттың тарағанына біраз болды. Елімізде жаңадан жылу электр орталықтарының салынатыны, оған Ресей тарапының қатысатыны анық бола түсті. ЖЭО жобалары үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қаражатының тартылғалы жатқаны да жалған емес. Десе де осы мәселеге тереңірек үңіліп, мән-жайын айқындап көрейік.

Жылу орталықтары БЖЗҚ қаражатына салына ма?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Инфляция төмендесе, БЖЗҚ ақшасы табыс әкеледі

Бірнеше күннің алдында Ұлттық банк БЖЗҚ қара­жаты есебінен «Бәйтерек» мемхолдингінің облигация­ларын 173 млрд теңгеге жыл­дық 13 пайызбен 15 жыл мерзімге сатып алды. Яғни Ұлттық банк миллиардтаған қаржыны «Бәйтерекке» инвес­тициялап отыр. Бұл ретте мамандар беріліп отырған облигация пайызының (13 пайыз) инфляциядан да төмен екеніне назар аударады. Ал Ұлттық банк болса, «Квазимемлекеттік және корпоративтік секторлардың облигацияларына қатысты кірісті анықтау үшін тәуекел бойынша қосымша сыйлықақыны ескере отырып, өтеу мерзімі ұқсас Қазақстан Республикасы­ның мемлекеттік бағалы қағаз­дары бойынша кірістілік пай­даланылады. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жылдық 13 пайыз кірістілік­пен облигацияларын сатып алу инвесторлардың зейнетақы жинақтарының жай-күйіне оң әсер етеді, өйткені ол ұзақ мерзім ішінде тартымды кірісті қамтамасыз етеді», деп жауап береді.

Бұл ретте Ұлттық банк БЖЗҚ активтерінің бір бөлігін 2024 – 2025 жыл­дары тек «Бәйтерек» облига­цияларына емес, «Самұрық-Қазына» қо­рына да инвестициялауды жоспар­ла­ған. Ақша экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ.

Қалай болғанда да, басы ашық сауал туады. Бұл халықтың ақшасы еді ғой. Оны түптің-түбінде – аман-есен өзіне қайтарып бере аламыз ба? Иә, инвестиция сәтсіз болған жағдайда мемлекет шығынды өтейді, бірақ аты инвестиция болған соң, ол нарық тәртібімен табыс табуы да керек қой.

Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, 15,25 пайыз болып тұрған базалық мөлшерлеме, 14,96 болып тұрған TONIA индикаторы, бір таңбалы мәнге айналған жылдық инфляция (9,5 пайыз) және жылдық 13 пайыз кірістілік бірер жылдан кейін бұл облигациялардың тиімді жұмыс істей бастайтынын меңзейді.

«Ұлттық банктің стратегиялық мақ­саты инфляцияны 5 пайызға дейін түсіру және инфляция түсіп те келе жатыр. Биыл және келесі жылы базалық мөлшерлеме де төмендейді деп күтіледі. 2025 жылы жаңа кор­по­ра­тивті облигациялардың жылдық кіріс­тілігі 11–12 пайыздан артпауы мүмкін. Қаржы министрлігі жариялайтын болашақ табыстылық қисығына (кривая доходности) қарап, осы болжамның растығын тексеруге болады. Сол кезде 15 жыл бойы 13 па­йыз кірістілік беріп тұратын «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» облигациялары біздің зейнетақы қаржымызды көбейтуге жақсы ықпал етпек. 173 миллиард теңгеден жыл сайын 22,49 миллиард теңге кірістілік аламыз деп санасақ, 15 жылда ол 337,35 мил­лиард теңге болады. Сонда 173 миллиард теңге 510 миллиард теңге болып қайтпақ. Жоғары инфляция фазасынан өттік деп саналғандықтан, тіпті қазіргі сәтпен модельдесек, 9,8 пайыз бола­тын инфляция мәнінің үстінен 3,2 пайыз кірістілік алып отырамыз. Сон­дықтан бұл халық үшін тиімді», деп бір қорытады сарапшы.

Сарапшы келесі пікірін былай тұжырады: «Бәйтерек» – жеке компания емес, мемлекеттің менші­гін­дегі мекеме. Олардың барлық мін­дет­темесі, қарызы мемлекет тарапынан ке­пілдендіріледі. Қазақ­стан­ның суве­ренді рейтингі (S&P: BBB-/А-3; Fitch: BBB тұрақты) қандай болса, екі холдингте де сондай рейтинг қа­лып­­тасады. Қарапайым тілмен айт­сақ, олар – 100 пайыз сенімді, алған ақшасын не болса да қайтара алатын алпауыт ұйымдар. Сондықтан бұл мәміле халық үшін қауіпсіз. Біздің зейнетақы қорында 18,7 триллион теңге ауыр жүк болып жатыр. Жата берсін дейін десек, оны инфляция жеп қояды. Табыстылық қуып, стартаптардың акцияларын немесе криптовалюта сатып алайық десек, ақыр аяғында ақшамызды жо­ғал­туымыз мүмкін. Халықтың ақ­ша­сымен олай ойнауға болмайды. Сол үшін Ұлттық банк барынша сақ­тықпен, 100 пайыз қайтатынына сенімді, табыстылығы инфляциядан жоғары болатын құнды қағаздарды іздеп, соларға инвестиция жасайды», дейді.

 

Рейтинг – кепілдік емес, бірақ...

Айтпақшы, біз бір детальды айтуды ұмытып барамыз. KASE-де Ұлттық банк сатып алған 173 млрд теңгеден бөлек, БЖЗҚ-ның тағы 17 миллиардтай теңгесін жеке инвес­торлар сатып алған. Келесі сарапшымыз – «QAMS» атқарушы директоры Данияр Темірбаев осы факторға назар аударады.

«Облигациялар нарығында тәуе­келдер халықаралық рейтинг агент­тік­терінен берілген рейтингке қарап бағаланады. Бұл рейтинг – эмитент қарызды міндетті түрде өтейді деген кепілдік емес. Бірақ ол тәуекелді қысқартады. «Самұрық» пен «Бәйте­ректі» мемлекет бақылайды. Обли­га­цияны өтейтін жылдық 13 пайыз – базалық мөлшерлемеден де (15,25 пайыз), банктердің депозит мөлшерлемесінен де төмен. Алайда «Бәйтерек» бондтары бо­йынша кірістілік 15 жылға бекітіліп отырғанын да ескеру керек. Базалық мөл­шерлеме алдағы уақытта тағы тө­мендеуі мүмкін. «Бәйтеректің» бонд­тарын БЖЗҚ-дан бөлек басқа ин­вестордың сатып алуы да (17 млрд теңгеге) тектен-тек емес. Олар инфляцияның төмендеп келе жат­қанын, базалық мөлшерлеменің одан әрі қарай қысқара түсетінін көріп отыр. Ал біз алдын ала білгендей, 13 пайыздық кірістілікті ұстап қалдық. Егер Ұлттық банк мақ­сат еткендей инфляция елімізде 5 пайызға дейін түсер болса, онда инвесторлар ғана емес, БЖЗҚ салымшылары да мол табысқа кенеледі. Міне, инфляцияны үдете отырып, барлық мәселені бюджет шығыстары арқылы шешуді әдетке айналдырған Үкіметке ерекше жақсы жұмыс істейтін сәт – осы кез», дейді миноритарлық акционерлер қауымдастығының басшысы.

 

ЖЭО құрылысына кімнің ақшасы жұмсалады?

Енді біртіндеп әңгімеміздің келесі бөлігіне көше берейік. Бұған дейін БЖЗҚ-дан 1,5 трлн теңге алу туралы айтылған болатын. Ол энергетика саласына бағытталмақшы. Экс-премьер Әлихан Смайылов Сенаттағы брифингте БЖЗҚ қаржысын инвести­ция­лық жобаларға салудың әдеттегі тәжірибе екенін айтты. «Бұл инвес­ти­циялық кіріс алу үшін және отан­дас­тарымыздың жинағын инфляция құнсыздандырып жібермес үшін керек. Ал егер мұндай инвестиция тиімсіз болған жағдайда мемлекет шығынды өтейді», деді.

«Самұрық-Қазына» басқарушы директоры Айдар Рысқұловтың сөзін­ше, зейнетақы қорының қаржысы Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші және төртінші блоктерін жаңғыртуға, Көкшетау, Өскемен, Семейде үш ЖЭО салуға жұмсалуы мүмкін. Ал ЖЭО-ларды салумен Ресей тарапы айналыспақшы. Қор қаржысы жылу электр стансаларынан бөлек, бір­қатар стратегиялық маңызы бар инфра­құрылымдық жобаларға да бағытталмақ. Оның бірі – «Достық – Мойынты» екінші теміржол желісінің құрылысы (құны 1 млрд доллардан асады). Сонымен қатар жайлы мектеп құрылыстары да осы жоба аясында қаржыландырылмақ. Бұры­ны­рақта 2024 жылы 208 мектеп пайдалануға беріледі делінетін. Алайда «Самұрық-Қазына» 100 мектепті ғана пайдалануға береміз деп отыр. «Бірақ біз – реалиспіз. Форс-мажор бар, біз әсер ете алатын, әсер ете алмайтын түрлі жағдай мен фактор бар», дейді «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Айдар Рысқұловтың түсіндіруін­ше, Екібастұз ГРЭС-2-нің екі блогін жаңғыртуға және 3 ЖЭО құрылысына Ресей тарапының заем қаражаты тартылады, ал 30 пайызы БЖЗҚ-дан алынады. Екібастұз ГРЭС-2-нің екі блогін жаңғырту Еуразия даму банкі және Ресей мемкорпорациялары есебінен жүргізілуі мүмкін.

Үкімет басшысының бірінші орын­басары Роман Склярдың айтуын­ша, Қазақстанда 3 ЖЭО құрылысы үшін ресейлік «Интер РАО» компаниясы БЖЗҚ қаржысын қолданбайды.

«Интер РАО» компаниясымен қоса, Семей, Көкшетау және Өске­мен­дегі ЖЭО-ны салуға «Самұрық-Қазына» қорының инвестиция­сы тартылады. Бұл жобаларға инвестор­лар­дың қаржысы құйылады. Осындай келісімге қол қойылған. Жобаға «Са­мұрық-Қазына» мен Ресейдің «ИнтерРАО» компаниясы қатысады. Ре­сейдің көмірден газға көшіру мүм­кін­дігі технологиясымен салынады. Көкшетауға газ келген кезде көмірден газға көшіреміз», дейді Скляр.

Оның айтуынша, жобаға зейнетақы қорының қаржысы жұмсалмайды. Шетелдік инвесторлардың қаржысы тариф есебінен қайтарылады.

 

Жобаға банктер тартылады

Зейнетақы активтерін экономикаға тарту мәселесіне Президент те көңіл аударды. Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Қасым-Жомарт Тоқаев БЖЗҚ активтерін экономикаға құй­ған­да нарық талаптарын ескеру қа­жет деді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл іске квазимемлекеттік құрылымдарды емес, екінші деңгейлі банктерді тартқан жөн. Оған қоса Үкімет зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың па­йыздық өсімін субсидиялауға тиіс деді.

«Экономикалық айналымға түсе­тін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керек. Бұл мәселеде салымшылар алдындағы жауапкершілік өте жоғары. Қажет болса, Үкімет бірыңғай зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, бұл жұмыс­қа квази­мемлекеттік құрылым­дар сияқ­ты делдалдарды пайдалануды доғару керек. Ол бұл іске тиісті сараптама жасай алатын және қажетті инфра­құ­рылымы бар екінші деңгейлі банк­тер­ді белсенді түрде тартуды ұсынды.

«Банктерді экономиканың нақты секторына қаржы құюға ынталанды­ру керек. Үкімет пен Ұлттық банк өзара тығыз ынтымақтасып, бұл жұ­­мысты бірлесе жүргізуге тиіс. Жалпы, Ұлттық банк инфляция үде­рісі мен экономиканың өсімін бақы­лап отыруды көздейтін тиімді жалпы­мем­лекеттік саясатты ұстануы керек», деді Тоқаев.

 

Қор қаржысын экономикаға құюдың тәуекелі

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, БЖЗҚ-дан 1,5 трлн теңге алудан қауіптенудің реті жоқ.

«Қазір бізде 17,2 трлн зейнетақы активі бар. 1,5 трлн дегеніңіз, бүкіл портфельдің 8–9 пайызы ғана. Оны Үкіметтің шешімімен ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттауға болады. Ұлттық банк зейнетақы қорын басқарушы ретінде бұл жобалар­дың азаматтар мен экономика игілі­гіне жұмсалуын қамтамасыз етеді. Өйткені зейнетақы қоры үшін жауап­кер­шілік Ұлттық банктің мой­нын­да. Сондықтан біз қандай да бір әлсіз, жетілмеген жобалар үшін қор­дан қаржы тартуға жол бер­мей­­міз. Қазақстанның суве­рен­ді рей­тингі ВВВ деңгейінде бол­ған­­дық­тан, мен бұл жерде тәуекел көр­меймін. Ел азаматтарының ақша­сы Қазақстанда жұмыс істеуі керек. Инфрақұрылымдық жобаларға 1,5 трлн теңгенің барлығы емес, үштен бірі ғана бағытталуға тиіс. Қалған қаржы экономиканы әртарап­тан­ды­ру­ға арналған жобаларға жұмсалса, жөн болады», деген еді бас банкир.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, қор қаржысын эконо­ми­каға құюдың арқасында бізде аса қажет­тілікке айналып тұрған жо­лау­­­шылар және жүк вагондарын сатып алу мәселесін шешуге болады. Олар­дың ақпаратынша, қазір ел ішін­де­гі вагондардың 70 пайызға жуығы тозып кеткен.

«Halyk Finance» басқарма төраға­сының кеңесшісі Мұрат Темірханов бұл ретте Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Блан­шенің пікірімен келісеміз дейді. Ол кісі инфрақұрылым жобаларын бюджет ақшасымен қаржыландырған дұрыс деген болатын.

«Қазір елімізде мемлекеттік бас­қару секторындағы мемлекеттік қар­­­жы екі бөлікке бөлінеді: Парла­мент­­тің бақылауындағы және бақы­лауындағы емес болып. Инфра­құ­ры­лым­ды қаржыландыру үшін БЖЗҚ қаражатын пайдалану жөніндегі мә­лімделген бастама, шын мәнінде, пар­ла­менттік бақылаусыз және стан­дартты бюджеттік рәсімдер шең­бе­рінен тыс Үкімет шығындарын қаржы­лан­дырудың тағы бір әрекеті болып саналады. ХВҚ мен ЭЫДҰ-ның елде толыққанды бюджеттік жүйені құрудың стандартты қағидаттары мем­лекеттік басқарудың барлық сек­торының қаржылық қызметі Пар­ламент арқылы бүкіл қоғамға есеп беруі керек дейді. Яғни Парламент бекітетін және бақылайтын мем­лекеттік бюджеттерге бүкіл мем­ле­кеттік басқару секторының барлық кірісі, шығысы, инвес­тициялары мен міндеттемелері кіруі керек. Осылайша, ХВҚ елдің инфра­құ­рылымын жаңғырту бюджеттен қар­жыландырылуы керек деп мә­лімдейді және бұл: шығындар рес­пуб­­ликалық бюджетке қосылуы және парламентте егжей-тег­жей тал­қы­лануы керек дегенді біл­діреді. Егер Парламент мұндай бюджет шы­ғын­дарын мақұлдайтын болса, онда бұл жағдайда БЖЗҚ рес­пуб­­ликалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін пайдаланылатын Үкіметтің қазынашылық облигацияларын сатып алу арқылы стандартты түрде тартылуы мүмкін», дейді «Halyk Finance» сарапшысы.