Өнер • 08 Ақпан, 2024

Құрықтың қолөнершілері

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Маң­ғыс­тау­да түйе, қой жүндерін қажетке жаратуға баса мән беріліп келеді. Осы арқылы өңделген түйе, қой жүнінен түрлі бұйымдар жасап, табыс табуға қы­зығушылар қатары күн санап көбею үстінде. Мысалы, Қарақия ауда­нына қарасты Құрық ауы­л­ының тұрғындары «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында түйе, қой жүнін сұрыптап, түрлі кәде­сый­лар, ойыншықтар, киім­дер мен әртүрлі бұйым­ жасап, саудаға шы­ғ­ара бастады.

Құрықтың қолөнершілері

2022 жылдың қараша айын­да бастау алған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шеңберінде 33 адам жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында зейнеткерлер де, мүмкіндігі шектеулі жандар да, жастар да бар. Жоба нәтижесінде бір жылдың ішінде АҚШ, Германия, Түркия, Қытай және Ресей сынды бес мемлекетке өз өнімдерін жолдап үлгерген. Қазақстанның да түкпір-түкпірінен тапсырыс келіп түседі. Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» – еліміз бойынша түйе, қой жүнінен көптоптамалы ойыншықтар мен кәдесыйлар шығаратын жалғыз жоба.

– Тың идеяны негізі менторымыз Сәуле Халелқызы жа­пон­дықтардан көріп, өз елімізде іске асыруға бел буды. Өйткені Маңғыстауда қой мен түйе жүні көбіне пайдаға аспай, далада өртеніп жатады. Қолдағы шикізатты кәдеге жаратып, бір жағынан ауылдағы қыз-ке­лін­шектерге үйретіп, табыс табуы­на септесуге мақсат қойдық. Сол мақсат бүгінде іске асырылып жатыр, деді жоба жетек­шісі Жаңагүл Жапарова.

өнер

Жоба жетекшісі жергілікті шаруа қожалықтарынан түйе жүнінің 1 килосын 500 теңгеге, қой жүнін тегін алатындығын айтты. Бүгінде жоба аясында өнім көлемін ұлғайтып, өзге елдерге экспорттау жоспары бар.

Бұл жоба қыз-келіншектердің қызығушылығын туғызған, олар жобаға атсалысып қосымша табыс табуды жөн санайды.

– Мектепте – мұғаліммін, ал бұл жерде білгенімді қыздарға үйретемін. Өнім толық дайын болғаннан кейін, өзім тексеріп, олқы кеткен тұстарын өңдеймін. Жүннен жасалған кез келген бұйымды, аяқкиім, сырт киім болсын өз тәжірибеме сүйеніп өңдеп, өзгертіп, жарамды дүние шығара аламын. Жалпы, мұндай іспен айналысып келе жатқаныма он жылдың шамасы болды, – деді «Бір ауыл – бір өнім» жобасында технолог қызметін атқарып жүрген мұғалім Анар Қошаева.

Мал жүнін қажетке жаратып, елге пайдалы бұйымдар ұсына білген қыз-келіншектер ісі көпке үлгі болуға лайықты.

 

Маңғыстау облысы