Пікір • 09 Ақпан, 2024

Сапалы жол мұратқа жеткізеді

146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында көлік-логистикалық әлеуетті арттыруда белсенді жұмыс қажеттігін айтты. Елді Еуразияның көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру стратегиялық міндет екенін де атап өтті.

Сапалы жол мұратқа жеткізеді

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу инс­титуты саланың нормативтік құжат­тық базасын реформалау, жа­ңалау және өзектендіру жұмыс­тарын жүзеге асырып жатыр. Қазір салалық 1 200-ден аса нормативтік құжаттама бар. Алайда арасында бір-біріне қайшы келетіні, дер кезінде өзектендірілмеген құжаттар да кездеседі. Бір жылда құжаттамалардың 48%-ы қайта қаралып, оңтайландыру немесе жою туралы ұсыныстар бе­рілді. Бұл бағыттағы жұмыс 2026 жылға дейін жалғасады.

Президент ерекше назар аудар­ған, жолдың сапасына тіке­лей әсер ететін жол құрылыс мате­риал­­дарының сапасын артыру мақ­са­тында, «ҚазжолҒЗИ» Көлік министр­лігінің Автомбиль жолдары комитетінің қолдауымен «Жол құрылыс материалдарының бірыңғай базасын» (rcmbase.kz) іске қосты. Бұл құрылысты жеңілдетеді және жолдарды жобалауды жылдамдатады. Деректердің ашықтығы құрылыс сапасын жақсарту мен үшінші тарап мүдделерінің басымдыққа ие болу факторларын жоюға көмектеседі.

Қазір мамандардың тап­шылығы мен біліктілігін арттыру да жіті на­зарда. Статистикаға жү­гін­сек, жол­ға жыл сайын 2 мыңнан астам білікті маман қажет. Ал оқу орындар жылына 100-ден аса маман ғана дайындап шығарады. Білікті мамандардың тапшылығы жұмыс сапасының деңгейіне тікелей әсер етеді. Кейбір жұмыс берушілер қаржы үнемдеу мақсатында қызметкерлерін біліктілікті арттыру курстарына жібер­мейді. Жұмыс сапасына, жаңа тех­нология енгізуге мұның да теріс әсері бар.

«ҚазжолҒЗИ»-да біліктілікті арттыру курстары жұмыс істеп тұр. Кейінгі бір жылда 300-ден аса маман білік­ті­лікті арттыру курстарынан өтті. Негізі институт ұсынған жол саласы мамандарының «Jolshy.kz» бірың­ғай біліктілік базасы білікті кадр­лар жетіспеушілігі сынды мәселені шеше алады. Кадрлардың бірыңғай біліктілік базасы, салалық еңбек биржасы немесе кәсіби мамандардың сандық банкі десе де болады. Біліктілік базасы арқылы мердігер ұйымдар онлайн режімде жолдарды жобалау, салу және қайта құру үшін қолайлы мамандарды таба алады. Сондай-ақ жол құрылысшысы кәсіби құзыреттерін да­мытуға ынталы болады. Базада ма­ман­ның дағдысы, оқыған курс сертификаты мен біліктілік деңгейі де көрсетіледі.

Институт ғалымдары Қазақстан­ның қатал климатына төзімді отандық ғылыми жаңалықтарды ұсынды. Оның бірі – ылғал мен күрт континенталды ауа температурасына тө­зім­ді жол белгілері, екіншісі – ал­ғашқы отандық -350С-қа дейін қа­сиетін жоғалтпайтын көктайғаққа қарсы материал. Атал­ған инновациялар мен отандық жолшы­лар­дың IT-шешімдерін пайдаланып, жол саласының нормативтік құжаттамасын оңтайландыру, жаңа технологиялар мен заманауи ше­шімдер қолдану, жол-құрылыс материалдары сапасын бақылауды ғалымдар жүргізеді.

 

Есенбек АЙДАРБЕКОВ,

«ҚазжолҒЗИ» жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, профессор