Ғылым • 11 Ақпан, 2024

Ғылымдағы әйелдер үлесі

385 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

1901-2023 жылдар аралығында 965 адам мен 27 ұйым Нобель сыйлығын иеленіпті. Сол лауреаттардың тек 65-і ғана, яғни 6 пайыздан сәл көбі – әйел. Осы және өзге де мәселелерге орай БҰҰ 2015 жылы 11 ақпанды Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні ретінде бекітті. Бұл қадам ғылым, білім және өзге де салаларда әйелдердің жетістікке ерлермен тең жетуін қамтамасыз етуге шақыруды көздейді.

Ғылымдағы әйелдер үлесі

Фото: news.un.org

Отандық ғылымның отын жаққандар

Әуелі ел тарихындағы әйел ғалымдарды тізбектеп көрдік. Бұл, әлбетте, еске түскенді ғана ескерген шағын шолу болмақ, әйтпесе отандық ғылымның отын жаққан жандар – үлкен зерттеуге жүк болатын тақырып. Ғылымдағы әйелдер дегенде, ең алдымен, ойымызға Гүлсім Аспандиарова түседі. Ол – 1880 жылы туған, қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі. Түркістан өлкелік бюросының өтінішімен әйелдерге арнап Ташкентте акушерлік мектеп ұйымдастырды. Кейін мектеп медициналық техникумға қосылып, өмірінің соңына дейін техникумда дәріс оқып, Орта Азия мен Қазақстан медицинасының көрнекті ғалымдарын тәрбиелеп шығарды. Нәзипа Құлжанова – еңбегі, қызметі Алаш қайраткерлерімен қатар аталатын санаулы қазақ қыздарының бірі. Көбі оның қайраткерлігін біледі, бірақ қазақ педагогикасының тарихына өшпес із қалдырғанын, қазіргі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың алғашқы қазақша әдістемесін жазып кеткен педагог-ғалым екенін біле бермейді. Ол 100 жыл бұрын «Мектептен бұрынғы тәрбие», «Ана мен бала тәрбиесі» атты әдістемелік кітаптар жазып қалдырған.

Алаш кезеңінде А.Байтұрсынұлы халыққа үлгі еткен талантты қыздардың бірі – дәрігер Аққағаз Досжанова. САГУ-ді бітіргеннен кейін эпидемиямен күресіп жүріп, қапыда қаза тапқан.

Ал кеңес одағы кезіндегі ғалым әйелдер дегенде сол уақыттағы екі замандас ғалым қатар ойға оралады. Белла Ахметова – 1938 жылы туған, физик, профессор, монокристалдарда болатын ядролық реакциялардағы көлеңкелі эффектіні ашуға және зерттеуге қатысқаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленген ғалым. Екінші, Нағима Айтхожина – 1946 жылы туған, биология ғылымының докторы, профессор, академик, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш әйел президенті. Сондай-ақ ол – Қазақстандағы молекулалық және медициналық генетика, этно және палеогеномика, ғарыштық биология және биотехнология саласының негізін қалаушы, ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевқа биотехнология бойынша ғылыми тәжірибелердің бағдарламасын жасаған ғалым.

Қазіргі ғылымның қазанында қайнап,  ерекше көзге түсіп жүрген ғалымның бірі – Күнсұлу Закарья. Ол – коронавирус инфекциясына арналған отандық «QazVac» (QazCovid-in) вакцинасын әзірлеген ғалымдардың жетекшісі, биолог. Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдық тарихында басшылыққа келген екінші әйел президент, қазір Президенттің ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарады. Жақында «Techcollectivesea» басылымы жариялағандай, ғылымда өз қолтаңбасы бар К.Закарья вакцина жасайтын жаһанның үздік әйел ғалымдарының тізіміне енді.

 

Сандар «сөйлесін»

Ұлттық статистика бюросының ашық деректеріне сүйенсек, зерттеуші мамандардың жартысынан сәл көп үлесін әйелдер құрайды. Ғылымдағы гендерлік мәселелерді зерттеген Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Жанерке Рахман қарапайым жұмыс күшінде әйелдердің саны басым болғанымен, жоғары қызметтерде өте аз екенін жеткізді.

«Жоғары білімді әйелдер саны ерлерге қарағанда көп. Соған қарамастан басқарма иерархиясы бойынша көтерілген сайын нәзік жандар саны азая береді. Ғылыми жұмыспен айналысатын зерттеушілер арасындағы әйелдер үлесі кейінгі 18 жыл бойы тұрақты түрде 50 пайыздан артық үлесті құраған. Тек 2012 жылы ғана 49,9%-ды көрсетті. Зерттеушілердің арасындағы әйелдер үлесінің артуы жақсы үрдіс болғанымен, бұл – сапалық емес, тек сандық феминизация. Мысалы, жоғары білім беру деңгейінде әйел басшылардың үлесі тек 2019 және 2022 жылы ғана 20 пайыздық көрсеткіштен асқан. Кейінгі жиырма жылда білім беру саласында, соның ішінде басшылық позициядағы гендерлік бөліністе оң өзгерістерді көруге болады. Бірақ бәрібір бұл салада әлі де гендерлік теңдікті көру қиын. Жоғары білім беру саласындағы шешім қабылдау деңгейінде әйелдер үлесінің аздығы еліміздің білім жүйесіндегі гендерлік теңдік бойынша арнайы шаралар қабылдаудың қажеттігін көрсетеді», дейді Ж.Рахман.

Ғалым Күнсұлу Закарья бірнеше ай бұрын өткен «Amanat» партиясы әйелдер қанатының I отырысында ғылымдағы әйелдердің теңсіздіктен теперіш көретінін айтты.

«ЮНЕСКО дерегі бойынша, әлемде ғылымдағы әйелдердің үлесі небәрі 30%-ды құрап отыр. Ал Орта Азияда жағдай біршама жақсы, шамамен 50%-ға тең. Меніңше, мұның бірнеше себебі бар. Біздегі әйелдер қауымы өте белсенді әрі табанды. Олар өз біліктілігін арттыру үшін түрлі курс пен тағылымдамадан өтуге ынталы. Айталық, 2018 жылы әйел ғылым докторларының саны 595 болса, 2023 жылы олардың саны 714-ке жетті. Соның басым бөлігі білім беру саласында жұмыс істейді. Қоғамдағы түрлі әлеуметтік, мәдени стереотип ғылымдағы гендерлік теңсіздікке себеп болады. Экономиканың өзге салаларындағы секілді, ғылымдағы әйелдер сыйақы алуда, жұмысқа орналасуда теңсіздікке, көрінбейтін кедергілерге кезігеді. Мұның бәрі әйелдердің орындаушы деңгейінде қалып, одан әрі кәсіби өсуіне кедергі келтіреді», деді К.Закарья.

Оның пікірінше, қыз-келіншектердің ғылыммен айналысуына барлық жерде бірдей жағдай жасалмайды. Әйелдердің өзін толық ғылымға арнай алмауына бала күтімі, тәрбиесіне, отбасы жағдайына алаңдауы себеп. Сондықтан салалық министрліктермен, ведомстволармен бірлесіп, әйелдердің ғылымға тең, толық қол жеткізуін қамтамасыз ететін жоспарлы, жүйелі жұмысты бастау қажет.

 

Ғылымды үйлестірушілер не дейді?

Ғылым жасалып, дамып, жаңалықтар ашылып немесе ғылымның болашағы мен оған қатысты шешімдер шығарылатын Ұлттық ғылым академиясы, Ғылым комитеті, Ғылым қоры, жоғары оқу орындары, түрлі министрлікке қарасты ғылыми-зерттеу институттары мен университеттер жанынан ашылған ғылыми орталықтар, зертханалар секілді ғылыми ұйымдарда көбіне ер адамдар басшылық етеді. Бұл ғылымда, ғылымды басқару сатысында әйелдерге орын бола бермейтінін білдіре ме, әлде әйел ғалымдар шынымен де белсенді емес пе? Ғылымда, әсіресе ғылымды басқаруда әйелдер үлесін ерлермен теңестірмесе де, арадағы үлкен айырмашылықты жою үшін қайтпек керек? Мәселе неде, шешімі қандай? Осы сұрақтарға жауапты ғылымдағы әйелдердің өздерінен сұрап көрдік.

Жанна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі – ғылым жөніндегі проректор:

басына

Елімізде ғылымдағы азаматтардың жартысынан көбі – әйелдер. Біздің университетте ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген зерттеушілердің 52 пайызын әйел азаматтар құрайды. Университетімізде іске асырылып жатқан 240-тан аса ғылыми-зерттеу жұмысына да нәзік жандар көптеп жетекшілік етеді. Жалпы, әйелдердің саны гуманитарлық салаларда басым, кейінгі жылдары химия, ядролық физика, биотехнология, инжиниринг, сәулет, құрылыс салаларында да қаракөздердің көбейгені байқалады. Ал енді кедергілерге келсек, тек ғылымда ғана емес, кез келген салада қызмет істеп жүрген әйелдердің жүгі бірдей. Өйткені олар білім алып, кәсіби тұрғыда өзін дәлелдеумен қатар, лайықты жар, жанұяның ұйытқысы, жақсы ана болу секілді негізгі миссиясын да қоса атқарады. Соған қарамастан замандастарымыз ерлермен бірдей ғылыми жобалармен белсене айналысып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Ғылымды қаржыландыру 3-4 есе артты, түрлі гранттық, тіпті мега-жобалар жүзеге асырылып, заманауи зертханалар жасақталып, әлемнің үздік ғылыми ұйымдарында жыл сайын 500 ғалым тәжірибеден өтуге жіберіліп жатыр. «Жас ғалым» жобасымен кейінгі екі жылда тек біздің университетімізге жүзден аса постдокторант келді. Ғылыммен айналысуға жасалған осындай зор мүмкіндіктердің бәрін әйел зерттеушілер де сәтті, нәтижелі пайдаланып жүр. Әйелдерді жан-жақты қолдау, ел дамуында олардың үлесін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат білім, ғылым саласында да өз жемісін беріп жатыр. Мысалы, бүгінде университеттер, ғылыми ұйымдардың басшылығында жүрген әйелдер аз емес. Десек те әйел ғалымдардың тасы әрдайым өрге домалауы үшін оларға ғылыми жұмыстарын толық іске асыруға, әлеуметтік қорғалуына, мәртебесін арттыруға, жас буынға үлгі болатын адам (role model) ретінде көбірек көрсетілуіне әрі қарай да мемлекет, қоғам аянбайды деп сенемін.

 

Әсия ЕРМҰХАМБЕТОВА,  Жас ғалымдар альянсының (YRA) төрағасы:

ортасына

– 2022 жылғы мәліметтер бойынша әлемде зерттеуші әйелдердің үлесі небәрі 33%-ды құрайды, Нобель сыйлығының әйел лауреаттар саны ерлерге қарағанда 13 есе аз. STEM-дегі(ғылым, технология, инженерия және медицина) әйелдер туралы айтатын болсақ, олардың қатары тек – 19 пайыз. Ал елімізде ғылымдағы әйелдер үлесі – 54,5%. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, бірақ саланың мұндай феминизациясы ұзақмерзімді қаржыландырудың, төмен жалақының және мансаптық перспективаның болмауының нәтижесі. Мемлекет басшысының ғылымды қолдау жөніндегі дәйекті бастамаларымен жағдай түбегейлі өзгеріп жатыр, «Жас ғалым» сияқты жобалардың көмегімен жас зерттеушілердің, ғылыми жобаларды гранттық қаржыландырудың көбейгені байқалады. Президент бұған қоса техникалық кәсіптердің маңызын, басымдылығын атады. Алайда 2022 жылғы деректерде отандық жоғары оқу орындарына техникалық (автоматтандыру және басқару, геология, машина жасау, электр энергетикасы) мамандықтарға түскен қыздардың үлесі 10%-дан аз. STEM бағыттарын танымал ету, қыздарды тарту, олардың қабілетін ашу және қолдану кешенді шараларды қажет ететін маңызды міндет болып тұр. Екіншіден, қыздарда «role model» жоқтың қасы. Біздің әйел ғалымдар, әйел техниктер қоғамда көрінбейді. Медиада танымал әйел актриса, әнші, саясаткер, экономистерді көреміз, бірақ әйел ғалымдар өте аз. Ғылымда белгілі бір биіктерге жеткен әйелдер ер әріптестерімен бірдей таныла алмады. Айталық,  бізде бірде-бір әйел ғалымның атында ғылыми сыйлық, оқу орны немесе тіпті әйел ғалымның атымен аталған оқу корпусы жоқ. Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш әйел президенті Нағима Айтхожина, Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик Найля Базанова секілді тұлғалар жеткілікті, бірақ олар туралы көпшілік біле ме? Жалпы, ғылымда әйелдер көп болғанымен, шешім қабылдау, көшбасшылық деңгейінде олар әлі де саусақпен санарлық.

 

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:

соңына

– Елімізде ғылымға бет бұрған әйелдер саны жылдан-жылға артып келеді, олардың үлесі 50 пайыздан жоғары. Қазақстан қазір жаһандық деңгейде осы көрсеткіш бойынша үздік елдер қатарында тұр. Еліміздегі ғалым әйелдер маңызды ғылыми жобаларға жетекшілік жасаумен қатар, қоғамымыз үшін көптеген өзекті мәселені шешуде белсенді рөл атқарып жатыр. Олардың бастамасымен ғылымдағы әйелдер мен қыздарды қолдауға бағытталған жаһандық жобалар елімізде де танымал бола бастады және біршама  университетте гендерлік зерттеулер орталықтары ашылды. 11 ақпан және 8 наурызда көптеген университет халықаралық конференциялар ұйымдастырып, әйелдердің көшбасшылық, тәлімгерлік, оқу қабілеттерін қолдайтын ұйымдардың сарапшыларымен ғылымдағы әйелдердің мүмкіндіктерін дамытуға ықпал ететін іс-шаралар жөнінде кешенді пікірталас жүргізеді. Ғалым әйелдеріміздің осындай бастамалары көп ұзамай еліміздің саяси алаңына да ықпал етті. Екі ай бұрын өткен «Amanat» партиясы әйелдер қанатының I отырысында әділетті Қазақстанды құру ісіндегі әйелдер рөлі талқыланды. Осыдан соң әр өңірде «Әйелдер қанаты» құрылып, 10 бағыт бойынша жұмыс істейтін комитеттер сайланды. Бағыттардың ішінде «Ғылымдағы әйелдер» бағытының орны ерекше, себебі қалған 9 бағыттың ғылыми негіздемесін жасауда ғалымдардың қолдауы, белсенділігі өте маңызды. Мысалы, 2022 жылдан бері жалғасқан келіссөздердің нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи университетінің ғалымдары БҰҰ Әйелдер кеңсесінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен гендерлік мәселелер саласын қамтитын жаңа білім беру бағдарламасын әзірледі. Мемлекеттік қызметшілерге арналған «Гендер және мемлекет саясаты» магистратура бағдарламасына 2024-2025 оқу жылынан бастап талапкерлерді қабылдау жоспарланды. Бұл бағдарлама гендер және мемлекеттік саясат саласындағы теориялық, әдістемелік мәселелер тұрғысынан қажетті білімді игерген, келешекте еліміз үшін маңызды саяси шешім қабылдай алатын білікті кадрлар даярлау мақсатында қолға алынды.