Бокс • 12 Ақпан, 2024

Апеннин түбегінде айқасады

113 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

4-12 наурыз аралығында әйгілі суретші Джузеппе Босси, әнші Мина Анна Маццини және скрипкашы Уто Унидің кіндік қаны тамған Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан Олимпия ойындарының лицензиялық турнирі өтеді.

Апеннин түбегінде айқасады

Аталған жарыста Қазақ елі намысын алты спортшы қорғайды. 51 кг сал­мақта 26 жастағы түркістандық Сәкен Бибосынов қолғап түйістіреді. Ұлттық құра­маның бас бапкері Мырзағали Айтжановтың төл шәкіртінің әлем чемпионы (2021), Олимпия ойындары (2021) мен дүниежүзілік доданың (2019) қола жүлдегері деген атағы бар. 57 кг салмақта Махмұд Сабырханға сенім артылып отыр. Ол әлем біріншілігінде бір алтын (2023) мен бір күміс (2021) медальді олжалады. Бірақ бұл табыстарының барлығына Махмұд 54 кг салмақ дәре­же­сінде қол жеткізді. Жаңа салмаққа өт­кеннен кейін былтыр Азия ойындарында 22 жас­тағы шымкенттік жігіттің жолы болмады. Ал осы жолы қалай болатынын ринг көрсетеді. 63,5 кг салмақта тағы бір Түркістан облысының өкілі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы шаршы алаңға шығады. Ол әлі пәлендей биік белестерді бағындыра қойған жоқ. 23 жастағы былғары қолғап шебері осы­дан бірер жыл бұрын жастардың құрлық біріншілігінде жүлдегер атанды. Ел спартакиадасын ұтып, Қазақстан чемпионатының финалында өнер көрсетті.

71 кг салмақтағы Аслан Шым­бергеновтің қоржынында Олимпиа­даның жүлдесінен басқасының бәрі бар. 30 жастағы Тараздың тарланы 2019 жылы Дүниежүзілік әскерилер ойындарының жеңімпазы, 2022 жылы Азия және 2023 жылы әлем чемпионы атанды. Ермек Ертаевтың шәкірті жазғы Азиядада екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2018 жылы Джакартада күміс алса, 2023 жылы Ханчжоудағы ойындардың жартылай финалында Асланбекке төрешілердің қиянат жасағанын өздеріңіз де көрдіңіздер.

80 және 92 кг салмақ дәрежелерінде ағайынды Оралбайлар жарыс көркін қыздырады. Астана қаласының атынан сынға түсіп жүрген егіздердің жасы – 23-те. Нұрбек – 2023 жылғы әлем чем­пионы, Айбек – 2022 жылғы Азия бірін­шілігінің жеңімпазы. Кезінде екеуі де жастардың дүниежүзілік додаларында жеңіс тұғырына көтерілді. Ал +92 кг салмақтағы сайысқа Қазақстанның боксшылары қатыспайды. Себебі Қам­шыбек Қоңқабаев Ханчжоудағы Азия ойындарының финалына шығып, күні бұрын Олимпиаданың жолдамасына иелік етті. Бусто-Арсициода ерлер 28 лицензияны сарапқа салады.

Әйелдердің жарысында 21 жолдама таратылады. Бұл бәсекелерде Алуа Балқыбекова (50 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Римма Волосенко (60 кг), Наталья Богданова (66 кг) және Валентина Хальзова (75 кг) бақ сынайды. Қыздардың да қоржынында бір жолдама бар. Оны Азиадада 57 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Карина Ибрагимова жеңіп алды. Апеннин түбегінде барлығы 114 мемлекеттен келген 668 боксшы күш сынасады деп күтіліп отыр.