Аймақтар • 11 Ақпан, 2024

Міндеті – мінсіз қызмет

181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптада Арқада соққан ақтүтек боран біршама елдің есін шығарды. Әйтеуір, құтқарушылар мен полиция қыз­мет­керлерінің жедел қызметі арқасында жолда қалғандар мен
адасып табылғандар дін аман.

Міндеті – мінсіз қызмет

7 ақпан күні Ақтоғай ауданы орталығынан шалғай жатқан Айыртас ауылында күндізгі сағат екі шамасында әйел баласымен боран кезінде үйден шығып, одан қайтып оралмаған.

Дәп осы күннің түнінде туыс­тарынан жоғалғаны туралы хабар алғаннан кейін бірақ жер­гілікті құтқарушылар қызметіне кіріскен. Боранды түні адам іздеу былай тұрсын, аяқ алып жүрудің өзі мүмкін емес шаруа. Бірақ ақтоғайлық құт­қару­шылар ауыл жұртымен бірге алаң­дап, аман-есен табуды мақсат тұтады.

Міне, сөйтіп 1993 жылғы әйел мен 2017 жылғы жас баланы таңғы 08.50-де бір-ақ табады. Айыр­тас ауылының батыс бөлі­гіне қарай 6 шақырым жерден табылып, бірден аудандық орталық ауру­ханаға жеткізіледі. Қазір жағ­дай­лары қалыпты, қажетті дәрі-дәр­мек беріліп, ем-дом жасалды.

Өз кезегінде, туыстары, ауыл жұрты құтқарушылардың түні бойғы тынымсыз еңбегіне айрықша алғыс айтты.

Міне, елдің осындай шын­пейіл тілегін алу – мінсіз қыз­мет­тің нақ өзі.

Мұнымен қоса, Бұқар жырау ауданында бірнеше көлік қар құрсауында қалып қойды. Төтен­ше жағдайлар қызметі көлік­терін сүйреп шығарып беріп, поли­ция қызметкерлері жол бас­тап, діттеген жерлеріне аман жет­кізді.

Осындай жағдай Қарағанды – Темір­­тау тасжолында да жиі болады.

Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің қызметкерлері сол жолда қалып қойған №107 мар­шрут­тық автобустың 30 жолаушысын қалаға жеткізді.

Осы ретте, полицейлердің де жолаушылар амандығы деп шапқылаумен болғанын атап өтуіміз қажет-ті. Қызметтік көлік­­терімен қарға батып қалған бір­неше техниканы сүйреп шығарды. Бір-біріне жаны ашыған жолаушылар да көмек қолын созып жатты. Осындай қиын-қыстау кезеңде ештеңеден қаймықпай елдігімізді көрсеттік, ерлігімізді де паш еттік. Әсіресе әлеуметтік желілерге жария­ланған жазба­лардан төтен­ше жағдайлар департаменті мен поли­ция қызметкерлеріне деген көптің ықылас-пейілін анық аңға­руға болады.

 

Қарағанды облысы