Қоғам • 11 Ақпан, 2024

«9-20-25» бағдарламасы. Кімдер қатыса алады?

6192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 1 наурызда «9-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Бұл жайлы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті. Айтуынша, бағдарлама республикалық бюджеттің қаржыландыруымен, «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады.

«9-20-25» бағдарламасы. Кімдер қатыса алады?

Әзірге бағдарламаның шарт­тары туралы егжей-тегжей мәлі­мет жоқ. Дегенмен аты айтып тұрғандай, пайыздық мөл­шерлемесі – жылдық 9 пайыз, несиелеу мерзімі – 25 жыл. Ипотекаға қатысқысы келген азамат үй құнының 20 пайызы мөлшерінде алғашқы төлем жасауы керек. Бағдарлама жас отбасыларға арналуы мүмкін. Бірақ нақтылы жас шектеуі тура­лы ақпарат жоқ.

Осыған дейін бағдарлама қа­тысушыларының қатаң тек­сері­летіні айтылған болатын. Бағдар­ла­маның негізгі шарты – үміткердің соңғы бес жыл көле­мінде атында баспанасы болмауға тиіс.

«9-20-25» бағдарламасы бойынша өтінім беру кезінде үміткердің атында соңғы бес жылда баспана тіркелмеген болуы керек. Біз мұны мем­ле­кеттік деректер базасы ар­қылы тексереміз. «7-20-25» бағ­­дарл­амасындағыдай – ал­ған пәтеріңді бүгін сатып жіберіп, ертең мемлекеттік бағдарламамен тағы да өті­нім беру әрекеттері іске аспайды. Сонымен қатар жаңа бағ­дар­лама бойынша бір рет қана өтінім беріледі. «7-20-25» бағ­дар­ламасында қатысу бойынша шектеу болған жоқ. Яғни 2019 жылы пәтер сатып алған азамат баға өскенін пайдаланып мүлкін сатып, 2021 жылы тағы да қатысуға мүмкіндік алатын. Енді жаңа бағдарламада мұндайға тыйым салынады», дейді «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова.

Ол бағдарламаның жұмыс істеп жүрген жастарға арналатынын меңзеді. Бірақ жас бо­йынша, жұмыс істейтін орны бойынша шектеудің бар-жо­ғын айтпады. Тек анығы – пәтерді дайын үйлерден ғана емес, «Қазақстан тұр­ғын үй компаниясының» кепіл­дігі бар салынып жатқан құры­лыс­тар­дан да рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылады.

Бағдарламаға респуб­ли­ка­лық бюджеттен 150 млрд теңге бөлінеді. Бір жылда шамамен 8 мың адам баспаналы болады деп күтіліп отыр.