Үкімет • 12 Ақпан, 2024

Қатаң талаптан басталған жұмыс

213 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Қатаң талаптан басталған жұмыс

Қаржы-экономикалық блок министр­лерін тыңдап болған соң, Премьер-министр бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керектігін атап өтті.

«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлы­ғына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуға тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», деді Олжас Бектенов.

Cонымен қатар Премьер-министр Са­лық кодексінің жобасын қайта жазып, оның фи­лософиясын өзгерту қажеттігін атап өтті.

«Сарапшылар мен бизнес қоғамдастық­тарының пікірлерін ескеру қажет. Салық кодексі бизнестің белсенді болуына жағдай жасап, оны ұлғайтуға ынталандыруы керек», деп тапсырды ол.

Олжас Бектеновтің айтуынша, құжатты дайындау кезінде әкімшілендіруді толық цифрландырып, салық жеңілдіктерін беру мәселесін реттеу қажет.

Жалпы, Премьер-министр бизнеске фискалдық шығындар мен әкімшілік жүктемелерден қорықпай, «өсу» қағидаты бойынша жұмыс істеу үшін тиімді жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы өнеркәсіптік дамуға жа­ңа серпін беру үшін бірқатар нақ­­ты мін­деттерді белгілеп, бірінші вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде бар­лық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелері­мен, бі­рін­ші кезекте өндіруші салалар­дағы кә­сіп­орындармен келіссөздер жүргізу­ді тапсырды.

«Олар жақын арада жаңа жоғары дәрежеде өңдеу өндірістерін құрудың нақты жоспарларын ұсынулары керек»,  деді Олжас Бектенов.

Бұл ретте Премьер-министр отан­дық өнеркәсіп саласындағы алпауыт кәсіпорындар қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды түбегейлі арттыруға тиіс екенін атап өтті. Олармен тиісті келісімдер жасалмақ.

Құрылыс саласының түйткілді мәселе­лерін талқылай отырып, Премьер-министр отандық өндірушілердің өнім­дерін кеңінен қолданудың маңыздылығын атап өтті.

«Барлық сметалық құжаттарға қазақ­стандық құрылыс материалдары мен басқа да заттар енгізілуге тиіс. Сондай-ақ сметалық құжаттамаларға материалдар мен жұмыстардың құнын орынсыз жоғарылатып жіберуге қатысты тексеру жүргізіңіздер. Сметалардың құны көтеріліп кететіні баршаға мәлім. Бұл мәселеде де тәртіп орнату керек»,  деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өнер­кәсіптік кәсіпорындарды энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етудің маңыз­дылығын атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша биыл 700 МВт-тан астам қосымша генерацияны іске қосу қажет. Олжас Бектенов тапсырма орындалмаған жағдайда тиісті қоры­тындылар жасалатынын атап өтті.

Су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Премьер-министр жауапты министрлікке экономика салаларында суды ұтымды тұтыну жөніндегі шаралар кешенін дайындауды, сондай-ақ су пайдалану мәдениетін енгізу жөніндегі жұмыстарды пысықтауды тапсырды.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуға қатысты Үкімет басшысы бір ай мерзімде жеке инвести­циялар тарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді талап етті.

«Ұсыныстар жалпы көзқарастарды ғана емес, әлеуетті инвесторлары мен іске асыру мерзімдері бар нақты жобаларды білдіреді»,  деп атап өтті Премьер-министр.

Әлеуметтік блок мәселелеріне тоқтал­ған Олжас Бектенов ең алдымен МӘМС жүйесін реформалау қажеттігіне назар аударды.

«МӘМС жүйесі елеулі қайта фор­мат­­тауды қажет етеді деп санаймын. Қаражатты тиімсіз жұмсау мен ар­тық жалған тіркеулер бола тұра оны қаржы­ландыруды ұлғайтуға жол берілмейді. Сала толық цифрландыру мен ашықтықты талап етеді», деді Премьер-министр.

Отырыс барысында Үкімет басшысы цифрлық трансформацияны жүргізу, көлік және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру, сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін реформалау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Біз батыл әрекет ететін Үкімет боламыз. Бізге өсу қарқынын тиімді ұлғайту, экономиканы әртараптандыруды белсендірек жүргізу, инвестиция тарту және барлық міндеттерді шешу үшін жеткілікті өкілеттіктер берілді», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, формализм мен бюрократиялық сарсаңға салуды толы­ғымен жоя отырып, стереотиптерден арылу қажет.

«Министрлер өз бетінше шешім қабылдай білуге тиіс, салалық мәселелерді өз деңгейінде жедел шешулері қажет. Жұмыс қарқыны жоғары, талап қатаң болатынын әркім түсінуге тиіс», деп қоры­тындылады сөзін Премьер-министр.