Ғылым • 12 Ақпан, 2024

Қоңыр Мандокидің туғанына 80 жыл: Алматыда ғылыми конференция өтті

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, түркі әлеміне ортақ тұлға, мажарстандық түркітанушы, қайраткер Иштуан Қоңыр Мандокидің туғанына 80 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті, деп жазады Egemen.kz.

Қоңыр Мандокидің туғанына 80 жыл: Алматыда ғылыми конференция өтті

Иштуан Қоңыр Мандокидің өмір жолы мен рухани мұрасын зерттеу, ғылыми еңбектерін насихаттау, шығармаларын жаңа сипатта қарастырып, ғылыми жұмыс жүргізу, сондай-ақ түркологиядағы түйткілді мәселелерді талқылауды мақсат еткен «Түркітанудағы Шығыс пен Батыстың алтын көпірі – Қоңыр Мандоки»  тақырыбындағы конференцияны ұлттық университет ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Халықаралық жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, Қоңыр Мандоки түркі әлемінде ерекше орын алатынын атап өтті. Өз сөзінде ректор әйгілі ғалымның шығармашылық еңбектері мен ғылымдағы бай мұрасы терең зерттеуді қажет ететіндігіне тоқталды.  

«Қоңыр Мандоки – түркі халықтарының 15 тілін еркін меңгерген полиглот, дарынды ғалым, көрнекті түрколог-зерттеуші. Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық философиясын насихаттады. Еуропалық қыпшақтанудың негізін қалап, осы салада көшбасшы ғалым атанды. Ғылыми жетістіктерімен қатар, қайраткер тұлға түркі әлемінің рухани ынтымақтастығына елеулі еңбек сіңірді. Түркі халықтарының салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық ділін зерттеп, тың жаңалықтар ашты. Қоңыр Мандокидің өмірі – жас ұрпаққа өнеге, еңбектері – жас зерттеушілер үшін үлкен қазына. Адамзат өркениетіндегі түркілер феноменін әлемге паш еткен ғалымның ғылыми мектебін жалғастыру – түркітанушы ғалымдардың алдындағы парыз бен міндет», деді ректор өз сөзінде.

Жиын барысында ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменов іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі «Қоңыр Мандокидің 70 жылдығына орай 2014 жылы Астана қаласында халықаралық шара өткенін еді. Сол кезде ғалымның жұбайы Оңайша Мандокидің рұқсатымен 16 мың кітаптан тұратын кітапханасын алып келіп, «Мандоки Түркология» кітапханасы жасақталды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын таба береді. Қоңыр Иштуан бастаған рухани керуен екі елдің достығы мен бауырластығына тың серпін бергеніне куә болып отырмыз», деді.

Тағылымды іс-шараға ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдрашов, ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Салтанат Әшімова, Мажарстанның Қазақстандағы бас консулы міндетін атқарушы Имре Питер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тарихшы Марат Сембі, Мөвсүмлі Джавид, Әсел Лахаева, Дэвид Сомфаи және басқа да ғалымдар қатысып, Мандоки мұрасының маңызын талқылады.

Жиын барысында зерттеуші ғалымның еңбектеріне арналған кітап көрмесі өтті.

аа