Өнер • 12 Ақпан, 2024

Тұңғыш рет. Қазақ композиторының операсы Ұлыбританияда орындалады

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тарихта тұңғыш рет Қазақстан композиторының операсы Ұлыбританияның төрт қаласында орындалады. 2024 жылдың 17 ақпанында Глазго соборында «Болашақ» бағдарламасының докторанты, композитор-пианист Рахат-Би Әбдісагиннің «Брюс» операсының әлемдік премьерасы өтеді, деп жазады Egemen.kz «Халықаралық бағдарламалар орталығына» сілтеме жасап.

Тұңғыш рет. Қазақ композиторының операсы Ұлыбританияда орындалады

Фото: bolashak.gov.kz

Опера Шотландия королі Роберт I Брюс туралы баяндайды. Опера өткен мен болашақ арасындағы музыкалық көпірге айналады және шотландиялық ұлы монархтардың бірі, тәуелсіздік үшін күрескер тұлғасын ашады.

Либретто Джон Барбурдың 1375 жылы жазылған ортағасырлық «Брюс» поэмасына негізделген және Рахат бидің Шотландия Корольдік консерваториясы мен Сент-Эндрюс университетіндегі докторлық зерттеулерінің негізгі бөлігін құрайды.

Шығарма соборлық опера, собордың акустикалық залында орындауға арналған жаңа жанрға жатады. Композитор Рахат-Бидің айтуынша, опера бостандық пен ізгілік, кісілік пен күш, күрес пен табандылық, бір адамның тұтас бір халықтың өмірін түбегейлі өзгерте алатындығы туралы сыр шертеді.

Премьера Роберт Брюстің туғанына 750 жыл толуына орайластырылған және Ұлыбританияның төрт көрнекті соборында өтеді: 17 ақпанда Глазго соборында, 21 ақпан күні Эдинбургтегі Сент-Дайлс соборында, 24 ақпанда  Әулие Сальватор капелласында, Әулие Эндрюс университетінде, 3 наурызда Данфермлайн аббаттығында. Бұл жер Роберт Брюстің жерленген орны.

Қойылымда Шотландия Корольдік консерваториясының опера әншілері мен дирижерлер өнер көрсетеді. Актерлер құрамында Роберт Брюсті ойнайтын актер (тенор), оқырман, әншілер ансамблі және орган бар. Орган партиясын Рахат-Би Әбдісағиннің өзі сомдайды.

Аристократиялық Брюс әулеті операны ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетеді. Операның алғы сөзін Брюс кланының 37-ші басшысы Элгин графы мен Кинкардин Эндрю Брюс жазған. Брюс Клан сонымен қатар труппаның әртістеріне тарихи дәуірді жаңғырту үшін костюмдер беруге көмектесті.

Рахат-Би Әбдісағин 1999 жылы туған. Композитор және пианист, өнертану магистрі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 2022 жылы «Болашақ» стипендиясымен Шотландия Корольдік консерваториясына музыка мамандығы бойынша докторлық зерттеуге барды. 10 жасынан музыка жазды, 13 жасында Құрманғазы атындағы ҚҰК студенті, 17 жасында ҚазҰӨУ-дің магистранты болды, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында тәжірибеден өтті, 18 кандидаттық диссертация қорғады. 20 жасында ол Италияның ең беделді үш университетінде аспирантураны аяқтады. Шығармалары Бах, Гайдн, Моцарттан бастап қазіргі заманғы классикаға дейін әлемдік классиканың жауһарлары жинақталған Оңтүстік Иллинойс университетінің «Дискография» фортепиано мен оркестрге арналған Бүкіләлемдік орындалатын шығармалар қорының жинағына енген жалғыз отандық композитор.

150-ден астам музыкалық шығармалардың, ғылыми мақалалар мен кітаптардың авторы. Ол үш опера жазды: «Күн нұрлы жол», «Бейтаныс» және «Брюс». Рахат-Бидің әндері Еуропаның, Азияның және Американың әйгілі концерттік залдарында шырқалып жүр.