Қара құрлықтың әр қиырынан жиналған 24 елдің аяқдоп шеберлері алты топқа бөлініп, өзара күш сынасты. Солардың арасынан суырылып шыққандары плей-офф бәсекелеріне қатысты. Уақыт оза мықтылар мен осалдардың аражігі ажырады. Жартылай финалда Нигерия мен ОАР біраз тіресті. 65 және 90-минуттарда олар пенальтиді алма-кезек сәтті орындады – 1:1. Қосымша уақытта есеп өзгерген жоқ. Содан кейін «футбол лотереясына» жүгінуге тура келді. Бұл ретте нигериялықтардың бағы жанды – 4:2. Келесі матч Кот-д’Ивуар мен Конго арасында өтті. Бұл бәсекенің тағдырын 65-минутта Себастьен Алле соққан жалғыз доп шешті – 1:0.
Абиджанда Нигерия мен Кот-д’Ивуар бас жүлдені сарапқа салды. Бұл тартыс алаң иелерінің пайдасына шешілді. 21-минутта қонақтар қорғаушысы Уильям Троост-Эконг есеп ашса, 62 және 81-минуттарда Франк Кесси мен Себастьен Алле екі голмен жауап қайырды – 1:2. Ал қола медаль үшін бәсекеде ОАР-дың ойыншылары Конгоны пенальтиден ұтты – 6:5.