Теннис • 12 Ақпан, 2024

Елена тағы ерледі

87 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның ең үздік теннисшісі, 2022 жылғы Уимблдонның жеңімпазы, 2023 жылғы Аустралияның ашық біріншілігінің финалисі 24 жастағы Елена Рыбакина Әбу-Дабидегі жүлде қоры 922 573 долларды құраған жарыста керемет өнер көрсетіп, бас жүлдені олжалады.

Елена тағы ерледі

Бастапқы бәсекелерде ол америкалық Даниэль Коллинз (WTA-ның №71 ракеткасы) бен испаниялық Кристиной Бучадан (№74) басым түсті. Алғашқы ойында отандасымыз біраз қиналса, екіншісінде қар­сыласын оңай еңсерді. Жартылай финалда Рыбакинаның жолы әлемдік рейтингте 15-орында тұрған ресейлік Людмила Сам­соновамен қиыс­ты. Алғашқы сетті біздің спортшы таза ұтқанымен, екіншісінде жеңіліс тапты. Есесіне шешуші тұста ширек қимыл­дап, финалға жолдама алды – 6:0, 4:6, 6:2. Бір айта кетерлігі, бұған дейін қос теннисші өзара төрт мәрте кездесіп, бұл бәсекелердің барлығы Самсонованың пайдасына шешілген еді.

Бас жүлде үшін Елена әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Дария Касаткинамен күш сынасты. 26 жастағы Тольяттидің тумасы WTA турнирлерінде алты рет топ жарды. Ролан Гарростың жартылай және Уимблдонның ширек финалында ойнады. Қазіргі кезде ол үздіктер тізімінде 14-сатыға жайғасты. Түрлі турнирлерде төрт рет шеберлік бай­қасқан теннисшілер арасындағы есеп әзірге тең. Бұл жолы Рыбакина кортта еркін қимылдап, қарсыласына адым аштырмады. Нәтижесінде, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жеткен жерлесіміз бас жүлдемен қатар 142 мың долларды қалтасына басты. Бұл – Еленаның биылғы маусымдағы WTA турнирлеріндегі екінші жеңісі! Қаңтар айында ол Брисбендегі бәсекеде алдына жан салмаған еді.

Жарыс аяқталған бетте дүйім жұрттың алдында сөз алған Елена Рыбакина: «Әбу-Дабидегі жарыс барысында Қазақстанның туын көрген сайын ерекше шаттандым. Жерлестерімнің қолдауын сезініп, әр кездесу сайын кортқа құштарланып шықтым. Әрбір ойында барымды салдым. Әркез менің тілеуімді тілеп отыратын өзімнің шынайы жанкүйерлерімді қуантқым келді. Парсы шығанағында ол мақсатыма жеттім. Финалдық сайыста аяқталған бетте әр тұста желбіреп тұрған қазақтың көк байрағын көзім шалды. Соған сүйсіне қарадым. Бұл да менің спорттық ғұмырымдағы қуанышты, әсерлі сәттердің бірі», деп ағынан жарылды.

Жасы келген сайын бабы кеми бастаған Михаил Кукушкин Нот­тин­гемдегі «Чел­ленджер» турнирінің финалына шыға алмады. Жүлде қоры небәрі 75 мың еуро шамасындағы қарапайым ғана жарыстың алғашқы айналымында ол ұлы­британиялық Чарльз Брум мен бель­гиялық Йорис Де Лореден айласын асырды. Көп кешікпей болгариялық Дими­тар Кузмановты қапы қалдырды – 6:3, 6:3. Жартылай финалда жерлесіміз фран­циялық Маттео Мартиноға 4:6, 6:7 есебімен есе жіберді.

Таяуда ғана Қазақстанның азаматтығын алған Александр Шевченконың да (№56) жолы болмады. Жүлде қоры 801 335 еуроны құ­раған Марсельдегі турнирдің тұсаукесер кездесуінде ол франциялық Бенджамин Бонзиден (№126) басым түскенімен, іле-шала польшалық Хуберт Хуркачтан (№8) 1:6, 4:6 есебімен жеңілді. Сол секілді Юлия Путинцева да (№69) сенім үдесінен шыға алмады. Дохадағы доданың тұсаукесер кездесуінде ол АҚШ-тың өкілі Бернард Перадан (№86) айласын асыра алмады – 6:7, 4:6.