Бокс • 13 Ақпан, 2024

Дулат қана дараланды

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болгарияның бас шаһары Со­фияда бокстан «Странджа кубогі» өз мәресіне жетті. 28 мемлекеттен келген 178 былғары қолғап шеберінің қатысуымен өткен дәстүрлі турнирде Қазақстан құ­рама командасының мүшелері 10 салмақ дәрежесінде өнер көр­сетті. Өкінішке қарай, солар­дың тек үшеуіне ғана жүлде алу бақыты бұйырды.

Дулат қана дараланды

Алғашқы болып жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасының күміс жүлдегері Талғат Шәйкен жарыс жолы­нан шығып қалды. 71 кг салмақта қол­ғап түйістірген ол ара-тұра кәсіпқой бокста да күш сынасып жүр. Бұл рет­те қан­дасымыздың көрсеткіші мін­сіз: 9 жекпе-жек, 9 жеңіс, 5 нокаут. Бірақ кәсіпқой мен әуес­қой рингтің арасы жер мен көк­тей, екеуі мүлде бөлек спорт түр­лері деп мамандар бекер айтпайды ғой. Талғат өзінің екінші кездесуінде грузиялық Әскерхан Мадиевке жол берді.

Тағы алты жерлесіміз ширек финалда жеңіліс тапты. Ең өкі­ніштісі, солар­дың үшеуі бітіспес қарсыласымыз өзбек­терден ұтылды. Атап айтсақ, Руслан Күзеубаев (60 кг) әлем мен Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Әбдімәлік Халоковқа, Ерасыл Таңкай (63,5 кг) Адхамжон Мұхиддиновке және Нұрқанат Райыс (75 кг) Фазлиддин Эркинбоевқа есе жіберді. Дәулет Мол­дашев (54 кг) әлем чем­пионатының екі дүркін қола жүл­дегері, Еуропа ойын­­дарының же­ңімпазы, франциялық Биллал Бен­намаға жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. Былтыр дәл осы турнирдің фина­лында ай­қасып, кү­міс ме­­даль­ды мойнын­да жар­қы­ратқан Ораз­бек Асылқұловты (57 кг) бұл жолы моңғолиялық Енх-Ама Хар­куу сү­ріндірді. Ал үн­діс­тандық На­­вин Құ­мар тәжірибелі Аб­зал Құт­ты­бековке (92 кг) тізе бүк­тірді.

Жартылай финалға үш жерлесіміз ғана жетті. Олар – Санжар Тәшкенбай, Дулат Бекбауов және Тұрсынбай Құ­­лахмет. Бастапқы бәсекелерде бол­га­риялық Николай Дишков, өзбек Ала­­хон Абдоллаев және украиналық Матвей Ражбаға сан соқтырған 80 кг салмақ дәрежесіндегі Тұрсынбай бұл межеде Қытайда туып-өскен қан­дасымыз Тоқтарбек Таңатқанның осал тұсын таппады. Нәтижесінде, Құлахмет қола медальды қанағат тұт­ты. Тоқтарбек – финалда.

Бас жүлде үшін тартыста 51 кг сал­мақтағы Санжар Тәшкенбай финалда әлем чемпионатының финалисі, Азия ойындары мен чемпионатының жеңімпазы, үнділік Амит Пангалмен айқасты. Бұл жекпе-жек Пангалдың пайдасына шешіліп, Санжар күміс жүлдені қанағат тұтты. Әлем және құрлық чемпионы деген атағы бар 21 жастағы қазақ боксшысы оған дейін қырғыз Бекзат Ер­гешев, моң­ғол Ган-Эрден Ганхуяг және өзбек Асылбек Жалиловты жеңген еді.

Бастапқы кезеңдерде күмәнсіз же­ңіске жеткен 67 кг салмақтағы Ду­лат Бек­бауов жартылай финал­да алжирлық Әбденасер Бен­лаи­биден басым түсіп, шешуші тұс­та Үндістанның тағы бір өкілі Рад­жатпен күш сынасты. Бұл бәсе­кеде әлем чемпионатының күміс жүл­дегері өзінің мықтылығын мойындатып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ Қытайдың туы астында өнер көрсеткен Тоқтарбек Таңатқан да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Қандасымыз финалда ринг қожайыны Кристиян Николовты қапы қалдырды. Бұл – Қытай елі былғары қолғап ше­бер­лерінің осы жарыстағы жалғыз жүлдесі.

Сөйтіп, қоржынында бір-бірден алтын, күміс және қоласы бар Қазақстан құрамасы жалпы есепте бесінші орынға табан тіреді. Ал­дымызда – Өз­­бекстан (5+2+5), Үндістан (2+2+2), Бол­гария (1+4+0) және Украинаның (1+1+3) бокс­шылары.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20