Спорт • 13 Ақпан, 2024

Жарыс күнделігі

84 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан бірер апта бұрын ғана ара­лас жекпе-жектен Ресейдің АСА промоушенімен келісімшартқа отырған «Алаш Прайд» клубының мүшесі Бағдос Олжабай (15-4) Мәскеуде өзінің тұсаукесер кездесуін өткізді. «Джапинья» деген жанама есіммен танылған 31 жастағы бразилиялық Луис Лаурентино октагонға 42 рет шығып, соның алтауында ғана жеңілді. 31 бәсекеде ол айқын басымдық танытты. Бірақ сақа спортшыдан еш қай­мықпаған қазақтың ұлы оны ұпай саны­мен ұтты.

Жарыс күнделігі
  • Шайбалы хоккейден Қазақ­стан­ның жастар құрамасы (U-20) Минс­кіде өткен «Болашақ кубогінде» сүреңсіз өнер көрсетті. Алғашқы матчта олар Беларусь құрамасынан (U-20) 2:5 есебімен есе жіберсе, іле-шала Ресейден (U-18) ойсырай ұтылды – 1:8. Соңғы кездесуді Сергей Старыгиннің шәкірттері ресейлік жасөспірімдермен (U-17) шеберлік бай­қасты. Бұл бәсекеде де жерлестеріміз жеңіліс тапты – 4:7.
  • Дохада өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы әртістік жүзуден Олимпия ойындарының лицензиясын иеленді. Сонымен қатар былтыр Азия ойындарында қола медаль алған Ясмина Тұяқова мен Арина Пушкина жұбы да Париждегі дүбірлі додада өнер көрсету құрметіне ие болды.
  • 2023 жылы қаржылай тұрғыдан мол олжаға кенелген спортшылардың рей­тингі жарияланды. АҚШ-тың «Sportico» журналының мәліметінше, былтыр ең көп табыс тапқан саңлақ – «Әл-Насрдың» шабуылшысы Криш­тиану Роналду. Португалиялық жұлдыздың есепшотына 275 млн доллар аударылған. Сондай-ақ ең бақуатты бестіктің қатарында америкалық гольфшы Джон Рам (203 млн), Аргентинаның әйгілі аяқдоп шебері Лионель Месси (130 млн), АҚШ баскетболшысы Леброн Джеймс (125,7 млн) және Францияның футболшысы Килиан Мбаппе (125 млн) бар.
  • UFC-де күш сынасып жүрген Мақсат Қайсар (9-3) 27 сәуірде Лас-Ве­гаста Аншул Джублимен (7-1) жұ­ды­рықтасуға тиіс еді. Алайда Үндіс­тан­ның өкілі жекпе-жекке шығудан бас тартты. Аталған ұйымның басшылары оны дереу 35 жастағы Мексиканың файтері Габриэл Бенитеспен (23-11) алмастырды. Енді Қытайда туып-өс­кен қандасымыз дәл сол күні ардагер спорт­шымен айқасады.
  • Таяу Шығыста орналасқан бір­қатар мемлекет ФИФА-дан Газа секторында әскери операция жүргізіп, бей­біт тұрғындарды қынадай қырғаны Израильді халықаралық додалардан шеттетуді өтініп жатыр. Сондай талап қойғандар қатарында Сауд Арабиясы мен БАӘ бастаған 12 ел бар. Олар аталған ұйымның мүшелігіндегі барлық 211 ұлттық және алты аймақтық футбол федерацияларынан қолдау сұрап, осы мәтінде арнайы хат жолдады.
  • Екінші орта салмақтағы аб­солютті әлем чемпионы Сауль «Ка­нело» Аль­варес 2023 жылдың қоры­тындысы бойынша ең көп табыс тапқан кәсіпқой боксшылардың көшін бастады. Мек­сикалық марғасқаның есепшотына былтыр 66 млн доллар аударылды. Барлық спортшының қоса есептегенде, мол олжаға кенелгендер тізімінде «Канелоға» 17-орын бұйырды. Сондай-ақ ТОП-5 былғары қолғап шеберлері қатарына Энтони Джошуа (55 млн), Джейк Пол (47 млн), Джервонта Дэвис (42,5 млн) және Райан Гарсия (40,5 млн) енді.