Көрме • 13 Ақпан, 2024

Жануарлар әлеміне саяхат

226 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күні кеше Ұлттық музейде Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігінің қолдауымен «National Geographic» журналының «Жа­нуарлар әлемінің ғажайып суреттері» атты фотокөрмесі ашылды. Әлемнің түкпір-түкпірінде қырағы фотографтардың на­за­рына іліккен түрлі таңғажайып сәттер мен жабайы аңдар­дың суреті көрген жанды табиғатпен етене жақындастыра түседі.

Жануарлар әлеміне саяхат

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көрмеде «National Geographic» журналының беттерінен таңдап алынған хайуанаттар әлемінің ең үздік суреттері ұсынылған. Табиғат суреттерінің майталман редакторы Кэти Моранның жетекшілігімен дайындалған бұл көрмеден «National Geographic»-тің Майкл «Ник» Николс, Стив Уинтер, Пол Никлен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле және басқа да ең танымал фотографтардың түсірген суреттерінен құралған тұмса табиғатқа деген айрықша көзқарас байқалады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көрменің ашылуымен құттықтап, аталған журналдың бүгінгі күні атқарып жатқан игі істерін атап өтті.

вап

«Мен «National Geographic» журналына «ерікті елші» ретінде қолдау көрсетіп тұрамын. Бүгінгі көрменің ерекшелігі – жабайы табиғат көріністері. «National Geographic» журналының негізгі миссиясы – адамның табиғатты, планетаны тануына, түсінуіне көмектесу. Шын мәнінде адамзат тарихында біз табиғатпен гармонияда өмір сүргенбіз. Өкі­нішке қарай, өндірістік револю­ция басталғанда сол тығыз гармонияны жоғалтып алдық. Әсіресе қазір біздің балаларымыз виртуалды цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр, көп жағдайда табиғатты түсінбейді. Адамның табиғатты түсінбеуінен қоршаған ортаға қатысты экологиялық проблемалар басталады. Қоқысты дұрыс жинамау секілді күнделікті мәде­ниетімізден үлкен мәселелер жи­нақталады. Бір кездері «National Geographic» пластик тақырыбын алғашқы көтергендердің бірі болды. Сондықтан бүгінгі көрменің маңыздылығы – келешек ұрпақтың табиғатпен байланысын үзбеу, жабайы табиғаттың қандай керемет екенін балаларымызға түсіндіру», деді министр.

Ал мемлекет және қоғам қай­раткері Дархан Мыңбай «National Geographic Society» түрлі салада­ғы зерттеу жобаларына жыл са­йын гранттар бөлетіндігіне, оны ел азаматтары да, соның ішінде фотографтар да жеңіп алып, елімізде керемет зерттеулер жасауға болатынын айтты. Мұн­дай көрме жастарды өзіне де, қоршаған ортаға да пайдалы, игілікті істерге шабыттандыратынын атап өтті.

апр

Көрмеде ұсынылған суреттерге қарасақ, жабайы аң­дардың табиғатпен біте қайнасқан тыныс-тіршілігін көреміз. Өмір үшін күрес, ажал таяп келгендегі аңның қорқынышы немесе төлін қорғаған ананың алпауыт күші сияқты ерекше фотоларды көруге болады. Ұйымдастырушылар бұл фотокөрмеден Жер планетасын аман сақтап қалу миссиясына бір қадам жақындауды көздейді.

Аталған көрмені ұйым­дас­тырушы, «National Geographic Qazaqstan» журналының бас редакторы Еркін Жақып мұнда қо­йылған суреттің әрбірінің астарын­да үлкен оқиға бар екеніне, әр фото жанкешті еңбекпен түсірілгеніне тоқталды. Тіпті фотографтар өміріне қаншама рет қауіп төнсе де, мақсаттарынан айнымай, қайталанбас ғажайып сәттерді фотоға түсіретінін айтты.

«Осыдан 8 жыл бұрын осы күні «National Geographic Qazaqstan» журналының алғашқы нөмірін шығарған едік. Сонда «Әлемді өзгерткен 50 үздік фото» көрмесін осы музейде ұйымдастырдық. Көрермендердің ыстық ықыласы мен жоғары бағасы бізді шабыттандырып, осы ағартушылық бағытта тұрақты түрде әлемдік деңгейдегі фотокөрмелерді өткі­зуді ұйғардық. Содан кейін «Та­ғам болашағы», «Киіктер», «Ақ­жа­йықты аялайық», «Алыс та жақын Америка», сирек, жойылып бара жатқан аң-құстар туралы «Фотоараша» көрмелерін ұсындық», деді Е.Жақып.

Айта кетейік, бұл журнал өзінің миссиясы ретінде әлемнің 3 мыңнан астам зерттеушісін маңызды жобалары мен зерттеулерін қазақ­тілді аудиторияға тұрақты түрде қолжетімді етіп келеді.

«Сол арқылы қазақтілді жас­тардың, өскелең ұрпақтың ғы­лымға деген қызығушылығын арт­­­тырғымыз келеді. Әрбір фото­графтың әлемдік деңгейде орны бар, олардың әрқайсысы зерт­теу­ші және баяндаушы рөлін атқа­ра­ды. Әр фотографтың өз стилі мен көз­қарасы бар. Мәселен, Бевер­ли Жубер, Дэвид Дубиле сын­ды фото­графтардың бірі буйвол ша­буылынан жамбасын сындырса, екіншісі 20-дан астам сы­нық алып, ұзақ терапия алды. Ал Майкл «Ник» Николс 35 жасына дейін тұмса табиғатты түсіре­мін деп, 25 рет безгекпен ауырған. Сон­дық­тан әр фотограф осындай қиын азаптарға төзуге дайын», дейді жур­налдың бас редакторы.

Ұлттық музей директоры­ның ғы­лыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева өздерінің «National Geographic»-пен 2016 жылдан бастап жұ­мыс істеп келе жатқанын айтып, алдағы уақытта да осындай қызықты көрмелердің ұйымдастырылатынына сенім біл­­дірді. «Жануарлар әлемінің ға­жайып суреттері» фотокөрмесі Ұлт­тық музейде 25 ақпанға дейін жалғасады.