– Талғат Болатұлы, сол бір отты жылдарға оралайықшы. Көзбен көріп, бел ортасында жүрдіңіз ғой...
– Әрине, әскерде қызмет етіп жүрген кезімізде майдан даласына топ ете қаларымызды басында білмедік қой. 1985–1987 жылдары Жалалабадтағы №66 бригадада артиллериялық дивизонның көпмақсатты жеңіл брондалған ауыр жүк көлігінде дивизион командирі Маринов, батарея командирі Рябиченко сынды басшылардың жүргізуші-механигі болдым. Дивизиядағы аса ірі қару-жарақ сапында «Д-130» гаубицалары, 40 ұңғылы «Град» катюшалары бар еді.
– Сіз айтқан соғыс қарулары жаудың иманын үйіреді. Дивизияда мұндай қару-жарағы бар сіздер жауынгерлік әрекеттерге де жиі қатысқан шығарсыздар?
– Өз басым сіз айтып отырған нағыз жауынгерлік әрекеттер деп Шешенстандағы соғыс іс-қимылдарын айтар едім. Ал біздікін операция деуге болады. Зер салсаңыз, екеуі – екі түрлі. Мен өзім ең ірі деген 25 операцияға қатысыппын. Ұсақ-түйегін есептемегенде. Мұндай жорықтардың өзі 15-20 күнге дейін созылатын еді. Мысалы, арнайы жасақ немесе барлау взводы мәліметтерін негізге алып, бір қышлақ маңындағы таулар мен төбелерге зеңбірек оғын жаудырамыз. Бірақ артиллерия қолдауы аса қажет. Ешқандай жасақ онсыз жорыққа шыға алмайды. Ауғанстан жері таулы аймақ болғандықтан, зеңбірек пен катюшалар көмегі ауадай қажет. Мұндай операциялар, тіпті, түнде де жалғасып жатушы еді. Қазір қарап отырсақ, осының барлығы көрген түстей.
– Осы соғысқа өңірімізден бас-аяғы 2 мың сарбаз аттанып, оның 86-сы шейіт кетті деген дерек айтылып жүр. Осы дерек шындыққа жанаса ма?
– Иә, облысымыздан 2 мың сарбаз аттанғаны рас. Ал шейіт кеткен 86-сының 82-сі – мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер. Әскери қызметтен тыс 4 азаматтық тұлға да бар. Ауған соғысына қатысқан қаһармандар турасында «Боздақтар» кітабы жарыққа шыққан еді. Сол кітапта да 86 жауынгердің аты аталады. Мұнымен қоса, есімдері Қарағандыдағы Жеңіс саябағы мемориалында қашалып жазылып тұр. Жыл сайын 15 ақпанда аталған мемориал алдында жиналып, тағзым етеміз.
– Әсіресе осы бір күні қан майдандағы күндер есіңізге түсетін шығар...
– Оныңыз рас. Күнімізбен қоса арпалыспен өткен түніміз де еске түседі. Ауғанстан аумағына келгеніме 4 ай өтер-өтпес уақытта алғаш рет ажалмен бетпе-бет келген кезім есімнен кетпейді. Түннің бір уағында ұзын-сонар автоколонна жолға шықты. Бір мезетте гранатомет гүрс ете қалды. Көзді ашып-жұмғанша граната алдымызда келе жатқан «ЗиЛ-131» автокөлігінің кабинасына тиіп, күлін көкке ұшырды. Марқұм жүргізушісі жетімдер үйінде өскен жігіт еді. Отқа оранған көлік күні бүгінге дейін көз алдымда қалып қойды.
– От кешкен өңірді қайта бір көруге келісер ме едіңіз?
– Былтыр 15 желтоқсанда Ауғанстан елшілерімен кездесу өткіздік. Бір жарым сағат бойы біз сол жақта көз жұмған сарбаздардың сүйегін тауып, елге жеткізу дейтін маңызды мәселені қарастырдық. Екі жыл бойы осы іске қатысты құжаттар жинаумен жүгірдік. Осы мақсатпен Ауған топырағын қайта басуға ниеттімін. Кабул қаласына дейін бармақпыз. Біздің ең үлкен парызымыз осы болмақ!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қасымхан ҒАЛЫМ
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы