2024 жылғы 8 қаңтарда «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2024-2025 жылдарға арналған жекелеген бағыттар бойынша магистралдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің тарифтеріне ең жоғары индексті өзгертуге өтінім берген. Кейінгі жылдары жиналып қалған қарызды жабу мақсатында ҚТЖ экспорттық тасымалдарға арналған магистралдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (бекітілген тарифтерге коэффициенттерді арттыратын), сондай-ақ ҚР шекаралық өткелдері мен теңіз порттары арқылы стансаларымызда өтетін «жүк түсіру, тиеуден» вагондардың бос жүруіне баға шектерінің өсуін мәлімдеді: 2024 жылы – 3,89 есе, 2025 жылы – 4,42 есе өседі.
«Атамекен» ҰКП Тау-кен металлургия кешені департаментінің директоры Рустам Шунтуковтың айтуынша, экспорттаушылар өткен жылы айтарлықтай қаржылай жүктемені сезінді. 2024 жылы тарифтердің өсуі отандық экспортқа қауіп төндіруі мүмкін.
«ҚТЖ қарызды жабу үшін баға шегін арттыруды ұсынып отыр. Бұл ретте баға шектерін қолдану тәртібі айқындалмаған. «ҚТЖ» ҰК» АҚ максималды индексі шеңберінде өз қалауы бойынша баға шектерін қолдануға қатысты шешімдер қабылдайтын болады және түрлі жүктер мен тасымалдау бағыттары үшін әртүрлі арттырушы коэффициенттер белгіленуі мүмкін. Бұл қадам экспорттаушылар үшін көп кедергі туғызады», дейді спикер.
Оның айтуынша, жүктерге шикізат пен өнімді тасымалдаудың баламасыз тәсілі – теміржол көлігі тау-кен металлургия кешені, көмір өнеркәсібі сияқты экономика салаларына кері әсер етеді. Бизнестің осы санаттары үшін қауіп-қатер болашақта экспорттың соңын тиімсіздікке ұрындыруы ықтимал.
«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ерден Наурызбековтің сөзінше, егер отандық тасымалдаушылар үшін тариф көтеріліп, бірақ жекелеген елдердің біздің аумақ арқылы тауар тасуы үшін жеңілдетілген тариф бекітілер болса, мұның аяғы біз үшін жақсылыққа апарып соқпайды. Өйткені ондай жағдайда сыртқы нарықтағы біздің өнімдер қымбаттап кетеді және бәсекеге қабілетсіз болып қалады.
Май дақылдарын өңдеу ұлттық қауымдастығының басшысы Ядыкар Ибрагимов экспортқа тарифтердің өсуі Қазақстанның бірқатар май зауытының банкроттыққа ұшырауына әкеліп соғуы мүмкін деп отыр.
«Қазақстанның ішкі нарығы шектеулі. Сондықтан біз өз өнімдерімізді экспорттық бағытта жөнелтеміз және Ресейдің жеткізушілерімен бәсекелесеміз. Бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің бірі ТЖ көлігімен тауарларды тасымалдау құны болып отыр. Магистралдық теміржол желісі қызметтеріне тарифтер бойынша баға шегінің ұлғаюына байланысты экспорттық бағытта жүктерді тасымалдау құны көтерілсе және негізсіз болса, біз жай ғана нарықтан түсіп қаламыз. Май зауыттары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Егер мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы төмен сұранысты ескеретін болсақ, онда қайта өңдеу кәсіпорындарының басым бөлігі банкротқа ұшырайды», деді Ибрагимов.
Бизнес өкілдері теміржол көлігімен жүктерді тасымалдауға және МТЖ қызметтеріне тарифтердің көтерілуіне байланысты туындаған мәселелер ҚТЖ реформасының ұзаққа созылуының салдары екенін айтады. Бұл сектордағы бәсекелестік әлсіз дейді сарапшылар. Транзитке басымдық беріледі. Транзиттік тариф инфрақұрылымдық және тасымалдау құрамдас бөліктеріне бөлінбейді. Сондықтан инфрақұрылым транзиттен түсетін кірістердің қандай көлемін алатыны туралы түсінік жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында Ұлттық экономика министрлігі магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шегін қолдану мақсаттарының тізбесін кеңейтіп, оны жаңа мақсатпен толықтырды. Бекітілген тарифтік сметаға сәйкес 2024 жылы барлық қатынастарда МЖС реттелетін қызметтерінен ҚТЖ кірістері 505 млрд теңге сомасында көзделген. ҚТЖ баға шегін қолдану есебінен қосымша 396 млрд теңге алуға ниетті.
Қазақстандық вагондар (контейнерлер) операторлары мен тасымалдаушылары қауымдастығының бас директоры Салтанат Адамбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта нақты баға саясаты жоқ.
«Шекара стансалары, теңіз порттары бойынша вагондардың бос жүріс құны төрт есе артты. Мұндай талап неден құралғаны түсініксіз. Теміржол барлық жерде жеңіске жететіні белгілі болды. Пойыз бос жүрмейді, бос вагондар және сақтау үшін он есе мөлшерде айыппұл төлейді. Бос жүрсе, демек тарифті төрт есе қымбат төлейді. Егер сізде шығындар болса және бір нәрсені жабу қажет болса, неге транзиттік тасымалдау үшін жақсы жеңілдіктер жасап, бірақ экспорттық тасымалдауда қымбатшылыққа неге жол беріледі? Біз бүгінгі таңда нақты баға саясатын көріп отырған жоқпыз», дейді Адамбаева.