Еліміздің ең үздік татами шеберлерінің дені наурыз айының басында Ташкентте өтетін аса жауапты жарысқа дайындалып жатқандықтан, Каспий теңізі жағалауына жерлестеріміз аралас құрамда аттанды. Солардың арасындағы ең танымалдары – Әбиба Әбіжақынова (48 кг), Ғалия Тынбаева (48 кг), Есмигүл Куюлова (63 кг) және Кәмилә Берлікқаш (+78 кг). Бұл балуандар Әзербайжанда да, Өзбекстанда да өнер көрсетеді.
Ерлер сайысында Бауыржан Набарбаев (60 кг), Сұңғат Жұбатқан (66 кг), Жансай Смағұлов (73 кг) және Ислам Бозбаевқа (100 кг) сенім артамыз. Ал Еламан Ерғалиев пен Әділ Оразбаев сынды түйе балуандарымыз Әзербайжанда алыптармен айқасады.