Тағзым • 13 Ақпан, 2024

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауған соғысының ардагерлері Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуын атап өтіп жатыр. Іс-шара мектептерде ерлік сабақтары, ардагерлерге құрмет көрсету және даңқ мемориалдарында еске алумен жалғасып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге басымдық берілген. Ал 15 ақпанда барлық аймақта Ауғанстанда қаза тапқандарға арналған даңқ мемориалдары мен ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Қабырғаны қайыстырар сол соғысты 22 296 отандасымыз басынан өткізсе, оның 927-сі қаза тауып, 19-ы хабарсыз кетті. Мыңдаған адам мүгедек болып оралды. Күні кеше Астанада «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған баспасөз мәсли­ха­тында бұл туралы май­дан­­дас дос­тарын еске алған арда­гер­лердің өздері айтып берді. Олардың ай­туынша, отан­дас­тарымыздың бесеуі Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағын, біреуі Халық қаһарманы ата­ғын алса, екеуі «Айбын» орде­ні­­нің иегері болды. Жүздеген әске­ри қыз­мет­кер бұрынғы КСРО және Қазақ­стан Республикасының орден­дері және медальдарымен мара­пат­талған.

Бірлестік басшысы Бақытжан Ертаев: «Ауған соғысы тарихқа айналды. Бірақ сонда да өлілер мен тірілердің үні бәрімізді әлі күнге алаңдатады. Жақындарынан айырылғандар үшін, жастық шағын соғыс пен ыстық ауған күнінде күйдіргендер үшін жоғал­ту­ азабы, тірінің ауырсынуы олар­дың өмірінің соңына дейін созылады», деді.

Отанына оралған интер­­на­ционалист-жауын­гер­лер шенеу­нік­тердің түсініс­пеу­шілігі мен қоғамның немқұ­рай­ды­лы­ғына тап болған. Сондықтан 80-жылдары Ауғанстаннан оралған жас­тарды қолдау мақсатында ардагерлер одақтары құрыла бас­тады. Соғыс отынан оралған жігіттер кәсіподақтардан өз орнын тапты, оларға жан-жақты қолдау көрсетілді. Бүгінде жас ұрпақты өз жеріне, халқына патриоттық рухта тәрбиелеу – ардагерлер қозғалысының басты бағыттарының бірі. Жыл сайын 15 ақпан мен 7 мамырда барлық оқу орнында Ауған соғысы арда­гер­лерінің қатысуымен ерлік сабақтары, шығармашылық және спорттық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Сондай-ақ Ауғанстан ардагерлері одағы жанынан еріктілер қанаты құрылған. Пандемия кезінде Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға 7 мыңнан астам гуманитарлық көмек таратылды. Бұл жұмыс бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Соғыс ардагерлері Қаңтар оқиғасында да шет қалмай, Алматыда еліміз­дің Конституциялық құрылысы мен құқықтық тәртібін сақтауға көмектесетін штаб құрды. 7 қала­лық аурухана, жедел жәрдем стансасы, бірқатар әлеуметтік нысан қорғауға алынды. 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта патрульдік қызмет ұйымдастырылып, көмекке мұқ­таж кез келген адам хабарласа алатын сенім телефоны құрылды.

Бірлестік басшысы Бақытжан Ертаевтың айтуынша, еліміз егемендік алған күннен бастап бүгінгі күнге дейін 34 адам Халық қаһарманы атағын алса, 48-і «Еңбек ері» атанған. «Олардың ішінде бүгінгі күнге Халық қаһарманы атағын алған 11 және «Еңбек ері» атағын алған 37 адам арамызда. Ендігі жерде біздің ұйымның мақсаты мен міндеті – көне дәстүрлерді жаңғыртып, әр ұлттың мәдениетінің өзіндік ерекшелігін түсіну. Мемлекет жас ұрпақты толеранттылыққа, өзара сыйластыққа тәрбиелеуге ынталы. Ал кез келген мемлекеттің басым міндеті – патриоттық тәрбие беру. Қоғамдық бірлес­тік­тің негізгі мақсаты – Халық қаһармандарын, «Еңбек ер­ле­рін» насихаттай отырып, ұлт­тық жадыны сақтау негізінде жалпы­ұлттық тарихи мәдениетті қалы­п­тастыру үшін қоғам мен мем­ле­кеттің күш-жігерін біріктіру», дейді бірлестік басшысы.

Кеудесін оққа тосқан ерлер­дің көзсіз ерлігі туралы ұмы­туға хақымыз жоқ. «Өз батыр­ларын құрметтейтін және мақ­тан тұтатын халық – ұлы ха­лық» демекші, жақындарынан айы­­рылғандар үшін, жастық шағы от пен оқтың ортасында өт­кендер үшін Ауған соғысы – жазылмайтын жара. Себебі соғыс өрті сөнгенімен, жақынын жоғалтқандардың жан-жарасы, қайғы-мұңы басылмайды.

Жас ұрпақтың ендігі міндеті – елдікті ту еткен ерлерді еске алып, ардагерлерге құрмет көрсету.