Аймақтар • 14 Ақпан, 2024

Қала әкімінің қарекеті

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы әкім­дердің халықпен тығыз бай­ланыста болуын тап­сыр­ған еді. Сол арқылы ел­дің мұң-мұқтажы анық көрі­нетіні аян. Осы ретте шаһар басшысы Ернат Бәзіл Талдықорғанды қо­ғамдық көлікпен аралап, жұрттың тілегін тыңдады. Жетісулықтар өзімен еркін тілдескен қала әкімінің қа­ра­пайымдылығына риза болды.

Қала әкімінің қарекеті

Мұны біз өзге де әкімдерге үлгі болсын деген ниетте жазып отыр­мыз. Естеріңізде болса, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақты­лығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын бекіткен еді. Яғни мемлекеттік қызметкер халықтың тілек-арызын жерге тастамай, мәселесін шешуге ұмтылуы шарт. Соған орай қала басшысы қызметтік көлігінсіз, жалғыз өзі ел ішін қоғамдық көлікпен аралап, тұрғындармен тілдесті.

Қала әкімін бірден таныған жұртшылық оның бұл бастамасын қолдап, халықпен бірге қоғамдық көлікпен жүріп қала ішін аралап жүрген ең алғашқы әкім екендігін айтты.

«Әкімнің автобусқа отыр­ғаны жақсы болды. Кейбір автобустарды ұзақ күтеміз, қала сыртындағы саяжайларға баратын қоғамдық көліктер өте аз. Одан кейін қаланың ішкі жолы өте нашар. Орталық базарда адам жүретін жолдарға тұрғындар көліктерін қойып тастайды. Осы мәселелерді қарауыңызға алсаңыз», деді қала тұрғыны Гүлдария Әнуарбек.

Әдеттегідей қала әкімі тұр­ғын­дардың жеке мәселелерін кабинетте емес, тұрғындарға толы автобуста тыңдап, кей мәселені жеке бақылауына алатындығын жеткізді.

«Кейінгі уақытта қоғамдық көлікте болатын келеңсіз жайт жиілеп кеткенін әлеуметтік желіден байқап отырмын. Осы мәселеге қатысты халықтың пікірін тыңдап, тұрақты түрде қаланы қоғамдық көлікпен арала­мақ­пын. Жұрт­шылықтың мәсе­лесін жіті көруге мүмкіндік береді екен», деді Е.Бәзіл.

Сонымен қатар қала басшысы коммуналдық базармен орталықта жайғасқан сауда ны­сандарын да аралады. Алда­ғ­ы уақытта бұл үрдіс әдетке айнал­мақ. Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату үшін және қаланың ішкі мәселесімен жіті танысу үшін өзге де автобустармен облыс орталығын аралайды.

 

Жетісу облысы