Фото: bmtv.kz
(XX-XXI ғғ.)
Мұстафа Шоқай
1) Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де.
2) Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады.
3) Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялыларға жүктеледі.
4) Зиялылар өз халқыңа қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білуі тиіс.
5) Батыс тәрбиесін алған зиялылардың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан-дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «Шығыс зердесінен» айырды. Олар, яғни, Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз, басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бірлестіре алмады.
Жүсіпбек Аймауытов
1) Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.
2) Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығаны.
3) Қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын.
4) Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз.
Мұхтар Әуезов
1) Жауызға айтқан жақсы сөз – суға жазған сертпен тең.
2) Өнерпаз болсаң, өр бол.
3) Еңбек шыққан жерден төзім де шығады.
4) Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек.
5) Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен ортасында көрген үлгі-өнегесінен.
6) Әділет тілесе, атаңның болсын айыбын айт.
(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)