Спорт • 14 Ақпан, 2024

Омбының қазағына қола медаль бұйырды

697 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері Румынияның астанасы – Бухарестте күрес түрлерінен өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Ресейдің намысын қорғап жүрген қазақ балуаны Әділет Төлеубаев қола медальді олжалады.

Омбының қазағына қола медаль бұйырды

Түрлі саяси және басқа да жағ­дайларға байланысты Ре­сейдің негізгі құрамын­дағы балуандардың біразы Ру­мынияға виза ала алмады. Сол себепті де олар қарт құр­лықтың басты додасына екінші және үшінші нөмірлі ба­луандарын аттандырды. Со­лардың қатарында Әді­лет Төлеубаев та бар. Омбы облысында туып-өскен 28 жастағы қандасымыздың қы­рағы мамандардың назарына іліккеніне біраз жылдың жүзі болды. Грек-рим күресін серік еткен ол үш рет Ресей чем­пионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2016 және 2023 жылдары қола медальді иеленді. 2022 жылы күміске қол созды. Суздальда өткен жарыстың финалында 77 кг салмақ дәрежесінде күрескен Әділет әлем және құрлық чемпионы, Әлем кубогінің иегері Абуяз­ид Манциговқа есе жі­берді. Одан бөлек, Омбының оғыланы бірқатар халықаралық турнирде жеңіс тұғырына көтерілді.

Жалпы, Төлеубаевтың сал­мағында кілең «сен тұр мен атайындар» жиналған. Абуязид Манциговтан бөлек, Роман Власов (Олимпиаданың екі, әлемнің үш және Еуропаның төрт дүркін чемпионы), Алек­сандр Чехиркин (әлем және құр­лық чемпионы, Еуропа ойын­дарының жеңімпазы), Ра­мазан Абачараев пен Сергей Кутузов (әлем чемпионатының қола жүлдегерлері), Сергей Ст­епанов пен Ислам Опиев (жастар арасында әлем және құрлық чем­пиондары) және тағы басқа дүл­дүлдер бар. Міне, сондай тар­­ландармен тіресіп жүріп, Әді­леттің де шеберлік деңгейі өсті.

Биылғы Еуропа чемпионатында бапкерлердің таңдауы Төлеубаевқа түсті. Бухарест­те ол жастардың әлем біріншілігінің қола жүлдегері, швециялық Пер Альбин Олофссонды (6:1) жо­лынан ығыстырғанымен, ширек финалда әлем чемпионы және екі дүркін қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы және финалисі, армениялық Малхас Амоянға (2:3) бір ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберді. Жұбаныш белде­суінде италиялық Риккардо Абре­шиядан (5:1) айласын асырған қандасымыз үшінші орын үшін тартыста Молдованың танымал балуаны Александр Гутуды (13:4) айқын басымдықпен ұтты. Сөйтіп, Омбының қазағы Әді­лет Төлеубаев Еуропа чем­пионатының қола жүлдегері атанды. Әзірге бұл – оның спорт­тық мансабындағы ең үздік көрсеткіш!