Футбол • 15 Ақпан, 2024

Қонақтардың қарқыны қатты

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан УЕФА Чемпиондар ли­гасының плей-офф бәсекелері бас­тал­ды. Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні біз екі бірдей аса қызықты ойынды тамашаладық.

Қонақтардың қарқыны қатты

Данияда жергілікті «Копенгаген» мен Англияның «Манчестер Ситиі» кездесті. 10-минутта Кевин де Брюйне есеп ашса, 34-минутта Магнус Маттсон таразы басын теңестірді. Командалардың үзіліске шығуына санаулы секундтар қалғанда Бернарду Сильва ағылшындарды алға шығарды. Екінші кезеңде де басымдық Хосеп Гвардиоланың командасында болды. Десек те 45 минут бойы олар алаң иелерінің қақпасын дәл көздей алмады. Да­ниялықтардың да сирек шабуылдары еш нәтиже бермеді. Бәсеке аяқталар тұста Фил Фо­ден үшінші допты торда тоғытты. Сол ме­зетте тө­решінің ысқырығы да естілді. Есеп – 1:3.

Германиядағы матч басталған бетте «Лейп­цигтің» шабуылшысы Беньямин Шешко Мадридтің «Реалының» қақпасын дәл көздеді. Бірақ оффсайд болғаны анықталды. Есеп тек 48-минутта ашылды. Қонақтардың қорғаныс шебінен сытылып шыққан корольдік клубтың жартылай қорғаушысы Брайм Диас нысананы дәл көздеді – 0:1. Бұл есеп ойынның соңына дейін сақталды.