Аймақтар • 14 Ақпан, 2024

Түз тағысына қарайласып...

687 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы қыс қорадағы мал­ға ғана емес, құла түз­дегі тағыға да тақсы­ретін тарттырып тұр. Жел­тоқ­сан туа жауған қалың нө­сер мұз болып қатып, қо­лат-қойнау сіресіп тұр.

Түз тағысына қарайласып...

Қаңтар туа Көкше даласына елік қаптаған. Аң жайын бі­летіндер алуан түрлі жорамал айтып жатыр. Іргедегі Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін қалың ор­манының бауырында өсіп-өнген, биыл біздің жаққа ауа көшкен аң дескен. Бәлкім ол жақта да бір зобалаң туды ма екен, кім білсін? Бұрынғы қазақ «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» де­меуші ме еді. Бұған дейін елік ілуде біреу ғана кездесетін. Оның өзін­де де екеу-үшеу. Ал қазір қой тә­різді табын-табынымен босып жүр.

Орман іші желсіз, тымық екен. Мәңгі жасыл қарағайлар ақ тымағын баса киіп, аппақ ша­панын жамылып мүлгіп тұр. Қы­ратта қар аз болғанымен, ұйытқи соққан жел қар атаулыны орман ішіне қуып тығып, нығыздай кептеп, мелдектете толтырып тас­тапты. Күнге бой сап биік өс­­кен қарағайдың ұйыса біткен қалың бұтағының арасынан әлдебір қоңыр аң жай оғындай жылт етті де, жоқ болды. Тосын жайды қалта телефонымызға түсіріп алмақ болып жанұшыра жан қалтамызға қол салып едік, үлгермедік.

– Сізден аңшы шықпайды екен, – деп күлді «Көкшетау» мем­лекеттік ұлттық табиғи пар­­кінің бас директоры Ербол Сағ­диев. – Орман сусары ғой. Адамды жақындатпайды, өте сақ аң. Өз бағасын білетін болуы керек, оқ­шау жүреді.

– Қызыл кітапқа енген аң емес пе? – деп сұрадық біз.

–  Иә, бізде оннан аса осындай аң түрі бар. Барлығы қа­таң қадағаланады. Жыл сайын кө­бейіп, өсіп келеді, – деді парктің бас директоры.

Түсіріп үлгермегенмен, кес­кіні көз алдымызда. Денесінің ұзындығы – 50-60 сантиметр шамасында. Кеудесінде бұршақ таңбасындай ағы бар екен.

– Биылғы қыс қауіп төндіріп тұрған жоқ па? – деп сұрадық біз парк басшысынан.

– Әр жыл сайын қысқа қапы­сыз қамданамыз. Биыл 277 тонна шөп, 109 тонна жем, 31 мыңнан аса жапырақ бумалары дайындалды. Одан өзге де бірнеше түрлі аң азықтары қамдалған. Қыс бойы аңдарды азықтандыратын алқаптар қардан аршылып, тазаланып отырылады. Парк аумағында 500-ге тарта алаң бар. Сол жерлерге жемшөптің оттықтары орнатылып, тұз қойылған, – дейді Ербол Болатұлы.

Алаңқайда маң-маң басқан бұғы кетіп барады. Адам қарасын көрсе де жатырқайтын емес. Бәл­кім, түз тағысы азығын ұсын­ған адамды қамқоршым деп танитын шығар. Көрікті Көкшенің лайықты мақтанышына айналған ұлттық парктің аң-құсы ғана емес, ен далада еркін жайылған, осы то­пырақта өсіп-өнген баршасы Ар­қаның аязынан аман болса екен.

 

Ақмола облысы