Оқиға • 15 Ақпан, 2024

Теміртаудағы газ жарылысы: ТЖД өрттің ықтимал себебін анықтады

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды ​​облысының Төтенше жағдайлар департаменті Теміртауда болған газ жарылысының болжамды себебін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теміртаудағы газ жарылысы: ТЖД өрттің ықтимал себебін анықтады

Фото: ТЖМ

Қарағанды ​​облысының Төтенше жағдайлар департаментінің нақтыланған мәліметтеріне сәйкес, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша үйінділерді шығару жалғасып жатыр. Үйіндінің 90 пайызы тазартылды.

Бірінші қабат деңгейінде гараж қорабында автокөліктер табылды, оның ішінде газ жабдығы бар делінеді. Құтқарушылар зардап шегушінің айғақтарына сүйене отырып, жертөледе тұрған көліктегі газ жабдығының ақауы туралы нұсқаны алға тартты.

«1993 жылы туған жәбірленушінің дүкенге кіріп, оттық сатып алып, оны тексеру мақсатында тұтатқаны анықталды. Осы уақытта 2-3 секунд ішінде жарылыс болып, қабырғалар құлаған. Осыған байланысты газ-ауа қоспасы жарылған деген нұсқа қарастырылып отыр. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр», деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 2-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Еске сала кетейік, бүгін таңғы сағат 08:06-да Теміртауда екі қабатты дүкенде газ жарылған. Құтқарушылар үйінді астынан 1973 жылы туған әйелдің денесін тапты. Белгілі болғандай, марқұм дүкен сатушысы болған. Тағы бір әйел үйінді астынан шығарылып, қазір ауруханада жатыр.