Мәдениет • 15 Ақпан, 2024

Мәдениетіне қамқор қаған да, халық та бақытты

402 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Көңіл түкпірінде тұнып жатқан бүгінгі музыка өнері жөнінде ашық ой түюіме Мемлекет басшысының Қазақстанды қайта жандандыру жолына бастайтын жеңісті де жемісті істерінің түрткі болғанын жасыра алмаймын. Біздің мәдени-рухани байлығымыздың бірегейі – музыка (Ахмет Байтұрсынұлы оны «әуез» деп атаған). Саналы өмірінің өзегі – қазақ халқының мәдени-рухани болмысы болған, діні, тегі бөлек, орыстың этнограф-ғалымы Григорий Потанин «маған барша қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» дегені сондықтан болар. Иә, шетсіз-шексіз далада жыл құсындай көшіп-қонып ғұмыр кешкен, артық жүк алып жүрмейтін қазақ домбырасы мен қобызын қасынан бір елі кейін тастамады, өзімен бірге сапар шекті.

Мәдениетіне қамқор қаған да, халық та бақытты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Академик Ахмет Жұбанов осы Ұлы дала үнін бойына тұндырған қазақтың 10 мың әні мен 5 мың күйін картотекаға тізіп, ұр­пақ­қа аманат етті. Бұл – әлемдік өр­кениеттегі баға жетпес байлық. Құр­манғазы бабамыз бар-жоғы 1 ми­нут 30 секунд аралығына сыя­тын «Сарыарқа» күйімен адамзат өркениетінде теңдесі жоқ туын­ды әкелді. Даламыздың иесі мен киесі қазақ екенін әйгіледі. Осы байлықтан нәр алған ата, аға, бүгінгі буын композиторлар «Қазақтың ком­позиторлық мектебі» деген ұғым-тұжырымдаманы өмірге әкелді.

Небір қиын жылдары «Қыз Жі­бек» (Е.Брусиловский, Ғ.Мүсі­репов, 1934 ж.), «Абай» (А.Жұ­банов – Л.Хамиди, М.Әуезов, 1944 ж.), «Бір­жан – Сара» (М.Төлебаев, Қ.Жұ­малиев, 1946 ж.) опералары дү­ниеге келіп, сахнаға қойылып жат­ты. Бүгінгі күннің көзімен қара­сақ, сол кезде өнерге, оның ішін­де музыкаға ден қоятындай мүмкін­дік болмағандай көрінеді: 30-шы жылдары қолдан жасалған ашар­шылық апаты, ұлт зиялыларын, басшыларын түп-тамырымен қырып-жойды, атты...

Соның бір аса қайғылы көрі­нісі деп тұңғыш филология ғылым­да­рының докторы, профессор, әлемнің 16 тілін еркін меңгерген, тұңғыш «ән», «би», «бақсы», «жыр», «домбыра», «күй», «қо­быз», «сыбызғы», «толғау» атаула­рының этимологиясын ашқан Құдайберген Жұбановтың (Ахмет Жұбановтың ағасы) өмірін атауға болады. 1937 жылдың 23 жел­тоқсанында оны ату туралы үкім шығарылғанда, соңғы сөзінде, орыс тілінде былай деген еді: «...Байство – цвет и сила казахского народа, давали государству скот, мясо, шерсть, кожу и хлеб. Когда конфисковали байство, пустили по ветру нечислимые богатство страны, развалили веками сложившееся хозяйство, оставшись у «разбитого корыта», начали кричать о перегибах. Эта значит – смерть значительной части казахского народа, и только казахского народа. Русские в Казахстане не голодали и не умирали. Казахский народ стал жертвой социализма. Надо освободить его от этого социализма; а это мы можем добиться только путем создания независимого бур­жуазно-демократического го­­су­­дарства».

Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясын гобой аспабы бойынша және музыка тарихы мен теориясы факультетін үздік бітірген Ахмет Жұбанов, 1932 жылы оның аспирантурасына түсіп оқи бастағанда, Қазақстанды жайлаған ашаршылық алапатын естіп, қолынан келгенше халқы­ның еңсесін көтеріп, залалын жеңіл­детуге үлес қосу үшін еліне қайтуға шешім қабылдайды. Келе салысымен музыка техникумын ашып, кәсіби ұлттық мамандарды даярлауға бірден кіріседі. Ахмет Қуанұлының өзі оқыған Ленинград консерваториясының түлегі еврей Евгений Брусиловскийді, Мәскеу консерваториясының опе­­ра студиясын бітірген татар Латиф Хамидиді Алматыға ар­­найы шақыртады. Ар­тынан Ахмет Жұ­банов 1939 жы­лы Мұқан Төле­баев, Құддыс Қожамия­ровтармен бір­лесе Қазақ композиторлар одағы шаңырағын көтерді.

1936 жылы Мәскеу қаласында Қазақтың І Өнер декадасының аса жоғары деңгейде өткенін біз тарихтан жақсы білеміз. Міне, бұл шараны ғаламат ұйымдастырып өт­кізген (Күләш Байсейітованы Ио­сиф Сталин «Қазақ бұлбұлы» деп атап, оны бірінші рет тағайын­далған КСРО халық әртісі атағы­мен мара­пат­тады), талантты драматург, ре­жиссер Жұмат Шанин де 1937 жы­лы «халық жауы» атанып, атылды.

«Қыз Жібек» операсынан кейін, 10 жылдан кейін «Абай», артынан іле-шала «Біржан – Сара» операсы дүниеге келіп, сахна жүзін көрді дедік. Бұл Қазақ елі үшін өте ауыр жылдар болғанына қарамастан, осы үштік – ұлттық опера өнеріміздің алтын қазынасы, қайнар бұлағы, классикасы.

Осы феноменнің сыры неде деген сұраққа сол кездегі ел бас­қар­ған азаматтардың елдік, ер­лік ұстанымында, шынайы жасам­паздық ісінде, биік ұлттық сана-сезімінде дер едім. 1950–1990 жыл­дары Сыдық Мұхамеджанов, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұ­банова, Еркеғали Рахмадиев, Ба­зар­­бай Жұманиязов, Анатолий Быч­ков, Мансұр Сағатов, Ал­мас Серкебаев, Тілес Қажыға­лиев, Балнұр Қы­дыр­бек, Серік Еркім­беков сынды ком­­позиторлар­дың опера, ба­лет, мю­зикл жанрларын­дағы музыка­лық-сахналық туын­ды­лары көрер­меннің көзін қуан­тып, құлақ құры­шын қандырғанын жақсы білеміз.

Ал тәуелсіздік алып, дербес мем­лекет болған шағымызда, яғни 33 жыл ішінде бірде-бір отан­дық музыкалық-сахналық жаңа туын­дының жарық көрмегені біз­ді қатты қынжылтады. Ел тари­хын­дағы бұрын айта да, жаза да, маңайына жуи алмайтын қаншама тақырыптар сұранып, тіленіп тұр емес пе сахналық қойылымдарға?

Бұрын бізде Алматы қаласында бір ғана опера және балет театры болса, қазір, Құдайға шүкір, мұн­дай екі мекеме ашылды – елордамызда және Шымкент қала­сын­да. «Ас­тана опера» театры тех­­ни­калық, шығармашылық әлеуе­ті жағынан дүниежүзілік стан­­­­­дарт­қа сай, ол ХХІ ғасырдың ға­­жайып архитектуралық көрінісі деп аузымызды толтыра айтамыз, сіле­кейімізді шұбыртып там­са­на­мыз. Неге бұның көркі­не, шы­ғар­ма­шылық әлеуетіне сай біз­дің композиторларға арнайы тапсырыспен жаңа, әдемі, түпнұсқалы туындылар жазғызып, сахнасына шығармасқа?

«Неге олай?» деген сауалы­мыз­­ға бұл салаға жауапты шенеу­нік, арнайы қаржы көзі қарасты­рылмағанын айтып, сұқ саусағын жоғарғы жаққа шошайтатыны бел­гілі. Сонда қалай, Ұлттық мәрте­бесі бар театр ұлттық компо­зи­тор­дың шығармасын орындауға ықы­ласы болмай, пысқырмағаны ма? Жоқ! Мұндай рухани көрсо­қыр­лықтан жедел арылуымыз керек!

Жаңа Қазақстанның мәдени-рухани кеңістігін байытамыз десек, Мәдениет және ақпарат министр­лігінің бюджетінен жыл сайын осы мақсатқа тиісті қаржы қарас­тырылғаны жөн. Бұл – кезек күттір­мейтін қажеттілік. Тек бұған басқарушы азаматтардың елдік пейілі мен берік ниеті, жасам­паздық жауапкершілігі қажет.

Біздің отандық кәсіби музыка­да­ғы тағы бір опырыла құлаған сала – балалар музыкасы. Адам бойындағы барша ұлттық құнды­лық балабақша мен мектеп жасында қалыптасатынын ес­кер­сек, бұл мәселені де дереу қолға алмай болмайды.

Әлі есімде, кеңес одағы ыдырап, еліміз дағдарған 1988 жылы Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәні­беков қажетті қаржы көзін тауып, ондаған қазақ композиторына адрестік тапсырыс арқылы бала­бақша, мектеп оқушыларына қазақ тілінде әндер жазғызды. Осындай батыл қадамдар қазір де үлгі болуға тиіс.

1976–2010 жылдары Қазақ теледидары мен радиосы комитетінде, «Өнер» баспасында, Мәдениет министрлігінде музыка бөлімінің жауапты қызметтерінде болдым. Сондықтан бұл саланы кім қалай тұқыртқанын сырттай емес, іштей білетін адамдардың бірімін. Тек өз қалтасына жұмыс істеген сол кездегі басшылар қазір БАҚ-та, интернет көздерінде өздерін мемлекет қайраткері, сүттен ақ, судан таза жандар етіп көрсеткісі келеді.

Соның көрнекті өкілі – Лейла Бекетова-Храпунова (қашқын, қылмыскер В.Храпуновтың зайыбы). Ол Қазақстан теледидары мен радио корпорациясының президенті болған кезде осы мекемеге қарайтын «Қазақтелефильм» студиясын талқандап, таратты. Бұрынғы автобаза орнына Д.Қонаевтың тікелей қолдауымен 1969 жылы шаңырақ көтерген «Қазақтелефильм» сту­диясының жұмысы, әсіресе Камал Смайы­ловтың мемлекеттік теледидар мен радио комитетіне басшы болып келгенде ерекше жандана дамыды. Бұл шығармашылық мекеме 20 минуттан 60 минутқа дейінгі деректі фильмдер түсіріп, көрерменге ұсынды. Демек ХХ ға­сырдағы қазақ өнері мен әде­биетінің шежіресін жасады: Мағжан, Мұқағали, Шәкен Ай­ма­нов, Қалибек Қуанышбаев, Елу­бай Өмірзақов, Ғарифолла Құр­манғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, тіпті сол кезде «Ана туралы ән­ді» орындаған 14 жастағы Роза Рымбаеваның шығармашылық келбеттері...

Тимирязев пен Абылайхан кө­шелері қиылысының дөңесіндегі «Қазақтелефильм» студиясы ор­наласқан жер сатылды. Қазір онда көпқабатты тұрғын үйлер сора­йып тұр. Ал жиырма жылдан астам тарихы бар студияның рухани-шығармашылық өнімі қажетсіз деп табылып, корпорация ауласындағы қоқысқа тасталды. Бұны көріп, жаны ашыған бөгде адамдар кейбір қораптарды қолтығына тығып, аман сақтап қалды...

Қазақ композиторларының, оның ішінде Нұрғисаның, Әбіла­хат­тың, Шәмшінің, Әсеттің, Ес­кендірдің әндерін алғаш орындап, тыңдарманның жан азығына айналдырған қазақ радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрі таратылып, оның партитура­лары да қоқысқа тасталды... Корпо­рацияның бай кітапханасы тонал­ды. Бұл – Л.Бекетова-Храпу­но­ваның жасаған қылмыстық іс­терінің аз ғана бөлігі...

Қазақ теледидарының 1958–1990 жылдар аралығындағы алтын қорға енген ел шежіресі бар өнімдері цифрландыру мақ­са­тында, Желтоқсан, 175 көшесін­де орналасқан Алматы телес­тудиясының астыңғы қабатында жүйелі түрде дестелене жиналып қойылған еді. Бұлардың бірі қал­май Қасіретті қаңтар кезінде теледидар ғимаратына басып кірген қанішерлер қойған отқа жанып, күл болды...

Бұрын «СоюзГосцирк» бағы­ны­шында болған Қазақ циркі 1991 жылы Мәдениет ми­нистрлігінің меншігіне өтті. Бұл ұжым кірісті, табысты еңбек етті. Тек қазақ циркі ғана сол кезде тоқсан са­йын өз қызметкерлеріне ақшалай сыйлық беріп тұрды. Ол қазақ циркінің ардагері, сол кездегі ұжым директоры, марқұм Қалдық Беге­новтің арқасы еді.

Міне, осы кезден бастап бұл өнер мекемесінің басына төнген қара бұлт сейілмей, қоюлана түсті. «Таң» телеарнасында (басшысы – Лейла Бекетова-Храпунова), «Караван» газетінде Қазақ циркі, оның директоры туралы жалған ақпараттар үзбей беріліп, халық санасына теріс ой салып, иландырды. 1997 жылдың көктемінде «Астана-холдинг» компаниясының пре­зиденті Мұхтар Әблязов Қазақстан үкіметіне Қазмемциркті «құтқару» жөнінде ұсыныс беріп, бұл мәсе­ле атышулы бұрынғы премьер-министр Әке­жан Қажы­гелдин тарапынан дереу қолдау тауып, Үкімет оң шешімді қаулысын шығарды.

Циркті 20 жылдық арендаға алып, түсетін пайданың 90 пайы­зын иемденген М.Әблязов келісім­шарт бойынша 5 жыл ішінде циркке 1,5 млн доллардан астам қар­жы құямын деген сөзінен тай­қып, оған соқыр тиын бермеді. Смир­нов деген жандайшабы Қ.Бе­геновті қызметінен қуып, барлық шығармашылық топты таратты, хайуанаттар күтімсіз аштан қырылды... Жаңа басшылық тек қана шетелдік цирк топтарымен жұмыс істеді. Қ.Бегеновтің жан айқайына ешкім құлақ аспады. Батыр тұлғалы, өз ісіне тас­тай берік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өзі тұрғызған, қызғыштай қорғап аялаған Қазақ циркінің іші де, сырты да талқан­далды, қайыршы қалпына енді. Бұны көтере алмаған ол ұзаққа бармай дүние салды.

Ал М.Әблязовтың тобы цирк ғи­­ма­ратының маңдайына әлемге жар сала «Мужской клуб Ар­ле­кино» деген афиша іліп, жертөле қабатында алақандай ашылмалы терезелері бар кішкене-кішкене кабиналар тұрғызып, көруге – көз, естуге құлақ ұялатын «Лұт қауымының» мекені болды. Мұны мен циркті қайтарып алу комиссиясының мүшесі бол­ғанда өз көзіммен көрдім...

«Бір адам – самал, екі адам – амал, үш адам – жамал, төрт адам – қамал» дейді халық даналығы. Міне, осындай жағдайларды болдырмас үшін Президентіміздің әділеттілік жолына топтасып, ауызбірлікте, туысқандықта, иман­­дылықта тірлік жасасақ, еліміз­дің бүгіні мен болашағын жақсар­тарымыз сөзсіз.

 

Жоламан Тұрсынбаев,

композитор