Футбол • 15 Ақпан, 2024

ПСЖ ұтты, «Бавария» ұтылды

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан УЕФА Чемпиондар лига­сының тағы екі ойыны өтті. Бұл жолы Римнің «Лациосы» Мюнхеннің «Ба­вариясын» және Париждің ПСЖ-сы Сан-Себастьянның «Реал Сосьеда­дын» қабылдады.

ПСЖ ұтты, «Бавария» ұтылды

Көне қаланың Олимпиадалық стадионында сенсациялық нәтиже тіркелді. Еуро­кубок жолындағы жарыстарда ұзақ жыл­дар бойы «Баварияның» осал тұсын таба алмай жүрген «Лацио» бұл жолы көздеген мақсатына қол жеткізді. Бәсеке тағдырын 69-минутта 11 метрлік нүктеден Чиро Иммобиле соққан жалғыз гол шешті – 1:0. Сол тұста мюнхендіктердің қорғаушысы Дайо Упамекано дөрекі ойыны үшін алаңнан қуылды. Бірақ италиялық командаға қуануға әлі ерте. Өйткені 5 наурызда неміс жерінде өтетін қарымта матчта олар кеткен есені қайтару үшін барын салады.

ПСЖ мен «Реал Сосьедадтің» ойынында да алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Ал үзілістен кейін алаң иелері бірнеше аса қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, соның екеуі нәтижелі аяқталды. 58-минутта Килиан Мбаппе мен 70-минутта Брэдли Баркола нысананы дәл көздеді. Есеп – 2:0.