Аталған агенттік сарапшыларының пікірінше, жалпыкомандалық есепте АҚШ құрамасы жеке-дара көш бастайды. Францияның бас шаһарында америкалықтар 129 жүлдеге қол жеткізеді. Оның 37-сі – алтын, 46-сы – күміс және 46-сы – қола. Екінші орынды Қытай олжалайды. Қытай елінің өкілдері 85 (35+28+22) медальді мойнында жарқыратады. Үшінші сатыға жарыс қожайындары (26+16+11) жайғасады. Сондай-ақ ТОП-5 команданың қатарына Ұлыбритания (17+22+25) мен Жапония (17+15+24) қосылады.
«Gracenote» ұйымының сарапшылары Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасын 30-орынмен қорытындылайды деп болжап отыр. Отандастарымыздың 2 алтын, 1 күміс және 6 қоланы қанағат тұтады-мыс. Барлығы – 9 жүлде. Бұл ретте біз іргелес Өзбекстаннан да қалып қояды екенбіз. «Ала тақиялы» ағайындарымыз төртжылдықтың басты додасында 13 медальді (3+3+7) қоржынға салады.
Салыстырмалы түрде алсақ, 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында АҚШ (39+41+33), Қытай (38+32+18) және Жапония (27+14+17) құрамалары алдыңғы лектен көрінді. Төртінші орынға Ұлыбритания (22+21+22) табан тіреді. Өз елінің олимпиадалық комитетінің туы астында өнер көрсеткен Ресейдің спортшылары (20+28+33) үздік бестікті түйіндеді. Иә, сол жарыста Қазақстан құрамасының тым сүреңсіз өнер көрсеткені рас. Күншығыс еліне аттанған 93 өреніміз 19 спорт түрі бойынша бақ сынады. Өкінішке қарай, жер-жаһанның жампоздары жиналған жарыста небәрі 8 қоланы қанағат тұтып, 83-орында қалып қойды. Жапонияның астанасында бізге қарағанда өзбектердің қарқыны күшті болды. Олар 3 алтын мен 2 қоланы иеленіп, жалпы есепте 32-орынды еншіледі.