Қоғам • 16 Ақпан, 2024

«Зорлық-зомбылық жоқ қоғам»: Балалар өмірді бейнеледі

165 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыдағы БҰҰ кеңсесінде «Зорлық-зомбылық жоқ қоғам» қоғамдық маңызды жоба басталды. Бастамашы топ қоғамды алаңдатып отырған түйткілді мәселенің алдын алу мақсатында республикалық балалар суреттерінің байқауын ұйымдастырды. Алты айға созылатын іс-шара аясында іріктеу кезеңінен өткен жұмыстар Аустрияның астанасы Вена және Алматы қаласында өтетін көрмеге қойылады.

«Зорлық-зомбылық жоқ қоғам»: Балалар өмірді бейнеледі

Фото: Ашық дереккөз

Бүгінде байқауға еліміздің барлық аймақтарынан 400-ден астам жұмыс келіп түскен. Балалар салған суреттердің басым көпшілігі отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбына арналған. Конкурс қоржынына келіп түскен суреттердің 17 пайызы жануарларға, 36-сы отбасындағы, 23-і психологиялық зорлық-зомбылыққа қатысты болса, 24-і мектептегі булинг тақырыбын қозғаған. Суреттер республиканың барлық өңірлерінен келіп түскен. Ең көп жұмыстар Солтүстік Қазақстан, Ақмола,  Маңғыстау облыстарын қамтиды.

Жиын барысында Алматы қаласы әкімі аппараты әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлнар Әмірова жобаның мақсатымен таныстырып өтті.

Республикалық «Зорлық-зомбылық жоқ қоғам» бастамасы аясында биылғы жылдың қаңтары мен маусымына дейін бірнеше шара өткізу жоспарда бар. Жобаның алғашқы кезеңінде 14 пен 18 жас аралығында «Балалар зорлық-зомбылыққа қарсы» республикалық сурет конкурсы өткізілді. Өнер сайысының мақсаты, өскелең ұрпақ бойында белсенді азамат болу ұстанымын қалыптастыру. Өкінішке қарай соңғы жылдары зорлық-зомбылық отбасындағы балалардың психологиялық ахуалына кері ықпалын тигізуде. Оның салдары үлкен қоғамдық мәселелердің туындауына соқтырып отыр. «Зорлық-зомбылық жоқ қоғам» жобасы бұл мәселенің алдын алуда іске асып жатқан шараның бірі ғана.

– Конкурс шарты бойынша балалар мектептегі буллинг, отбасындағы зорлық, жануарларға күш көрсету, психологиялық зорлық сияқты бірнеше еркін тақырыптарды таңдады. Көпшілігі тұрмыстағы зорлық-зомбылықты суреттеген. Осыған қарап мәселенің түп-тамырына терең үңілуге тура келеді.  «Зорлық-зомбылық жоқ қоғам» жобасын жүзеге асыра отырып, қоғам белсенділерінің бастамасы мен мемлекеттік органдар қолданып жатқан шаралар жеткізіліксіз екенін жақсы түсінеміз. Неге десеңіз, бұл мәселеде еліміздің әр азаматының белсенділігі, өйткені отбасында не болып жатқанын түсінуге, оларға көмекке қоғам болып жұмылсақ бұл мәселені түбегейлі жоюға атсалысқан болар едік, – деп атап өтті «Зорлық-зомбылық жоқ қоғам» жобасының бастамашысы әрі ұйымдастырушысы «EDU Stream» халықаралық компаниялар тобының бас директоры Наталья Мұхамеджанова.

Президент жанындағы Әйел ісі және отбасы-демографиялық саясатының ұлттық комиссиясының мүшесі Гүлнар Омарованың айтуынша, бұл жоба зорлық-зомбылықпен күреске қоғамды жұмылдыруды мақсат етеді.   Әсіресе, суреттер байқауы балалар әлеміне ересектерді жақындата түседі. Ересектер осы суреттер арқылы балалардың ішкі жан дүниесіне үңілсе дейміз. Қоғамды қатігездіктен мейірім мен қайырымдылық құтқарады. Ұлттық құндылықтарымызды осы іске қарай бағыттай білсек, қоғамдағы кереғар әдеттермен күрес жүргізе алатынымыз нақты.

Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Айдын Елеусізов атап өткендей, отбасылық жанжалда балалар көп жапа шегеді. «Оның дәлелін балалар салған суреттерден де көруге болады. Дене жарақаты ғана емес, психологиялық қысымға ұшырау бала болашағына да кері ықпалын тигізетіні сөзсіз.  Қазіргі кезде зерттеулер жүргізіп, барлық мемлекеттік органдар алдын алу шараларын іске асыруда. Қиын жағдайдағы отбасыларға жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жағдайына қарайласу, балалардың білім алуына, сондай-ақ моральдық, психологиялық тұрғыда қолдау көрсетуде. Айдын Елеусізовтің пікірінше, шетелдер тәжірибесі де маңызды. Мысалы, зорлық-зомбылық көрсеткіші төмен елдер қатарында тұрған  Норвегияда әлеуметтік жағдайлар толыққанды шешілген. Мұнымен қоса тұрмыс құратын жастар алдын ала жоспарлайды. Мақсаты айқын болған кезде ғана шаңырақ көтеру бұл елде қалыпты жағдайға айналған. «Салыстырмалы түрде алсақ, Алматы қаласында әйелдерге қарсы қылмыс  35 пайызға төмендеді. Бұған қоғамның ықпалдастығы, дағдарыс орталықтары тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесі ықпал етті. Өткен жылы мыңнан астам әйелге қолдау көрсетілсе, биыл да бұл жұмыс білім, денсаулық, полиция мекемелері тарапынан тұрақты іске асып келеді», дейді полиция майоры.

«Зорлық-зомбылық жоқ қоғам» жобасының мақсаты жас талант иелерін анықтаумен шектелмейді. Жұмыс тобы Австрияға барып, ЕҚЫҰ, БҰҰ, Австрия мен Қазақстанның зорлық-зомбылықты жою мәселесімен айналысатын құзырлы органдары өкілдері, сарапшылармен кездесіп, озық тәжірибелерді саралап қайтпақ.  

«Зорлық-зомбылық жоқ қоғам» жобасы аясында  әлеуметтік желіде #мензорлыққақарсымын хэштегімен флешмоб өтеді. Жоба осы жылдың маусымына жоспарланған Астанада өтетін форумда қорытындыланатын болады.  

«Зорлық-зомбылық жоқ қоғам» жобасына Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясатының ұлттық комиссиясы, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғарғы оқу министрлігі, ЮНЕСКО клубының Қазақстандағы  федерациясы мен жергілікті атқарушы органдар қолдау білдіріп отыр.

АЛМАТЫ