Теннис • 18 Ақпан, 2024

Финалда ұтылды

89 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Теннистен Қатардың астанасы Дохада өткен жүлде қоры 3 211 715 долларды құраған WTA 1 000 турнирі аяқ­тал­ды. Кіл мықтылардың басын қосқан бәсекеде Елена Рыбакина ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, финалда әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Инга Швентекпен шеберлік байқасты.

Финалда ұтылды

Бастапқы бәсекелерде қы­тай­лық Чжу Линь (№57) мен аме­рикалық Эмма Наварро­дан (№23) айласын асырған Қа­зақстанның теннисшісі ширек финалда Лейла Фернандеспен (№38) кездесті. Канаданың өкілі осыдан үш жыл бұрын небәрі 18 жасында US Open турнирінің финалында ойнап, жер жаһан жанкүйерлерінің назарын өзіне аударған еді. Бірінші сетте 1:4 есебімен ұты­лып жатқан Елена камбэк жасап, жеңісті қар­сы­ласының уысынан жұлып әкетті – 6:4, 6:2. Жартылай финалда жерлесіміздің жолы ресейлік Анастасия Павлюченковамен (№32) қиысты. 32 жастағы Самараның тумасы – То­кио Олимпиадасы мен Дүние­жү­зілік Универсиаданың жеңім­пазы, 2021 жылы Ролан Гарростың финалисі. Париждегі «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстың ширек финалында олар өзара кездесіп, бұл бәсекеде Павлюченкова басым түскен еді. Бұл жолы Рыбакина кеткен есені қайтарды. Есеп – 6:2, 6:4.

Финалда отандасымыз Инга Швентекпен шеберлік бай­қасты. Польшаның мақтанышы «Ролан Гарроста» үш рет топ жарып, АҚШ-тың ашық бірін­шілігінде бір мәрте дара шықты. WTA тунирлерінде 17 рет бас жүлдені олжалады. Бұл бәсекені өте жақсы бастаған Елена әу баста 4:1 есебімен алда келе жатты. Сол кезде допты ойынға қосу барысында ол ракеткамен абайсызда өз аяғын қатты соғып алып, дә­­рігерлердің көмегіне жү­гінуге мәжбүр болды. Сол әсер етсе керек, одан кейін Рыба­ки­наның ойыны мүлде жүр­меді. Нәтижесінде, отандасымыз 6:7, 2:6 есебімен жеңіліс тапты.

Жалпы, биылғы маусым Елена Рыбакина үшін сәтті бас­талды деп айтуға барлық негіз бар. Аустралияның ашық бірін­шілігінде сәтсіз өнер көрсеткені болмаса, Брисбен мен Әбу-Да­бидегі дүбірлі додаларда дара шықты. Дохадағы турнирдің ақтық сынында ғана ұтылды. Қатардағы жарыстың финалына шыққаны үшін Рыбакина 308 320 долларды қалтасына басып, 650 рейтингтік ұпайды еншіледі.

Ал әйелдер арасындағы Қазақстанның екінші ракетасы Юлия Путинцева кейінгі кездері жиі сүрініп жүр. Жерлесіміз Дубайдағы WTA турнирінің іріктеу сайысының екінші кезеңінде польшалық Магдалена Френгке жол берді – 3:6, 6:3, 4:6.

Александр Шевченко (№57) Роттердамдағы турнир­дің тұсаукесер кездесуінде Қытайдың өкілі Чжан Чжич­жэньге (№50) шаң қаптырса, келесі кезеңде АТР тізімінде жетінші орында тұрған дания­лық Руне Хольгерді 6:4, 1:6, 6:3 есебімен ұтып, сен­сациялық нәтиже тіркеді. Жар­тылай финалда Александр үздіктер рейтингінде 13-сатыға жайғасқан Григор Димитровпен күш сынасты. Осыдан біраз жыл бұрын Болгарияның беткеұстары Уимблдон, АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктерінде үздік төрт теннисшінің қатарынан кө­рінген. Қос саңлақтың сайысында Димитровтың мысы басым болды – 7:6, 3:6, 6:4.

АҚШ-тың Флорида штатында өтіп жатқан халықаралық турнирде Дмитрий Попко бас жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. Ширек финалда америкалық Аксель Нефені ұтқан ол жартылай финалда румыниялық Габи Адриан Боитадан басым түсті. Шешуші ойында отандасымыз Андреас Андраде (Эквадор) пен Алекс Рыбаков (АҚШ) арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасады. Бұл – бір апта ғана уақыт аралығында Попконың ITF турнирлерінде екінші рет финалға шығуы. Жуырда ғана ол Санрайздегі жарыстың же­ңімпазы атанды.

Бахрейнің астанасы Ма­намада Михаил Кукушкин жақсы ойын өрнегін көрсетті. Жартылай финалда ол чехиялық Якуб Менши­ковты 6:3, 6:2 есебімен жолынан ығыстырды. Бас жүлде үшін бәсе­кеде жерлесіміз франциялық Ришар Гаскені ұтты – 7:6, 6:4. 2018 жылға дейін «Челленджер» сана­­тындағы сайыстарда 14 рет топ жарған Кукушкиннің содан бері ұзақ уақыт бойы бағы жанбай жүр­ген еді. Міне, енді араға алты жыл салып, ол өзінің 15 титулына қол жеткізді.