Қоғам • 19 Ақпан, 2024

Қазақ елінің діни ұстанымы мен парасаты

171 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордадағы ҚМДБ ғимаратында «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты кітаптың тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Елге танымал ғалымдар, жазушылар, тарихшылар, депутаттар, зия­лы қауым өкілдері мен дін қайраткерлері қатысқан іс-шарада ұлт руханиятына қосылған жаңа еңбек жайында келелі ойлар айтылып, дін саласында атқарылып жатқан игі жұмыстар талқыға салынды.

Қазақ елінің діни ұстанымы мен парасаты

«Осындай іргелі еңбектің жарық көріп, оған мүфтияттың бастамашы болғаны бәрімізді қуантып отыр. Пре­зидентіміз озық ойлы әрі саналы ұлт болу туралы жиі айтып келеді. Бұл – әрқайсымыздың алдымызға қойылып отырған үлкен міндет. Соның ішінде мүфтият тарапынан жасалып жатқан жұмыстар – бір төбе. Атап айтқанда, бү­гінгі жарық көріп отырған кітап – шын мәнінде, қоғам сұранысына жауап беретін еңбек. Мұнда қазіргі қоғам­дағы сын-қатерлерге тарихи таныммен жауап берудің жолы көрсетілген. Алаш қай­раткерлері «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірлерінің бірінде «Қазақ қияметке дейін қазақ болып жасайды» деп жаз­ған еді. Ал Әлихан Бөкейхан «Құдайдан кейінгі құдірет – мәдениет күші» дегені бар. Сіздердің қалам арқы­лы атқарып жатқан еңбектеріңіз де – сол күш, жоғары деңгейде жүзеге асырып жатқан ғылыми жұмыстарыңыз», деді іс-шараның шымылдығын ашқан «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы.

Жаңа кітап таныстырылмында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бабалар ұстанған сара жолды насихаттаудағы басты мақсат – келешек ұрпаққа ғасыр­лар бойы қалыптасқан ұлттық және діни құндылықтарға негізделген дәстүрлі діннің негіздерін жеткізу екенін атап өтті. «Себебі дәстүрлі дінімізбен көкірек көзін суарған жастар жат ағымның жетегінде кете қоймасы анық. Осы салада бірнеше жоба қолға алынды. Соның бірі «Бабалар ізімен: Қазақ дала­сындағы мұсылмандық мектеп» кітабын шығару болатын. Бұл еңбекте асыл дініміз исламның Қазақ даласына келу тарихы, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріндегі діннің алар орны мен бабалар ұстанған шариғат парыздары, иман негіздері, сондай-ақ мұсылмандық әдеп жоралғылары қамтылды. Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Дәстүрлі діни танымның тарихи негіздері» деп аталады. Екінші бөлім дәстүрлі діни таным ұстындарына арналды. Ал үшінші бөлімде дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен жазылған», деді ол.

Бас мүфти «Дәстүрлі діни танымның тарихи негіздері» деп аталатын бірінші бөлімде Қазақ даласындағы дәстүрлі діни мектептердің өзіндік ерекшеліктері, мұсылмандық дүниетанымның тарихи және рухани бастаулары, қазақ халқының мәдениетінде ислам құндылықтарының құрылымы, қазақ даласынан шыққан ғұлама-ғалымдар, ахун-ишандар мен әулиелер, мешіттер мен медреселер мәде­ниеті, сонымен қатар зиярат, кесенелер туралы жазылғанын атап өтті. «Мұндағы тарихи деректерді сараптай келе, исламтану үрдісінің ортағасырлық Қазақстанда сонау VІІІ ғасырдан бастау алып, ХХІІ ғасырларда шарықтау кезеңінен өткені, яғни Қарахандар дәуірі, одан кейін діни-мәдени өрлеу Алтын Орда кезінде Қазақстанның дала­лық аймақтарында толық және біржола ислам үстемдік құрып, осы негіздер болашақта сақталып отырғаны жайында қазақ хандығының толыққанды мұсылман мемлекеті ретінде дамығанын көреміз», деді ҚМДБ төрағасы.

«Дәстүрлі діни таным ұстындары» деп аталатын екінші бөлімде иман, сенім негіздері баяндалып, мұсылмандық мектеп және толеранттық, ислам дінінің негіздері, бес парыз, иман, ихсан тү­сінігі, әдеп мәселесі шариғат мәтін­дері­­мен қатар ата-бабаларымыз, би-ше­шенде­ріміздің даналық сөздері, ақын-жыраула­рымыздың өлеңдері, қазақ халқының мақал-мәтелдерімен байланыстырыла түсіндірілген.

«Сондай-ақ «Дін мен дәстүр сабақ­тастығы» деп аталған үшінші бөлім­де қазақы әдет-ғұрыптардың басым бө­лігінің имани ұстаныммен ұштасатыны, дәстүр мен діннің біте қайнасып, бө­лінбес дүниеге айналғандығы туралы әңгімеленеді. Айталық, ислам шари­ға­тындағы ғұрыптың орны, оның шариғат негізі ретінде дәлелдік күшке ие екені, қазақ халқының ағайын-туыспен қарым-қатынас, жеті атаға дейін қыз алыспау, көршімен қарым-қатынас, сәби дүниеге келгенде атқарыла­тын жоралғылар, азан шақырып ат қою, қалжа, қырқынан шығару, сүндет той, жеті ата сынды басқа да қалыптасқан салт-дәстүрлеріміздің ислам шариғатымен үндестігі баяндалды», деді Бас мүфти.

Сонымен қатар ол «Muftiyat» баспасынан «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам (ғылыми-теологиялық талдау)» сынды еңбектер жарық көргенін, жуырда «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томы, «Дін мен дәстүр» кітабының ІІІ томы оқырманға жол тартатынын атап өтті. «Қоғам арасына іріткі салғандардың идеологиясына ха­лықтың қарсы қорғанысын қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл кешенді іс-шаралар мен жүйелі жұмыстарды талап етеді. Осыған орай биыл Діни басқарма жа­нынан ғылыми зерттеу орталығын ашамыз. Аталған ғылыми орталықтың негізгі мақсаты – қазақ топырағынан шыққан дін ғалымдарының еңбектерін зерттеу және жарыққа шығару, сонымен қатар қазақ ақын-жазушыларының, жырауларының еңбектеріндегі дін тақы­рыптарын жинақтап, кеңінен түсін­діріп, халқымызға жеткізу» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Іс-шарада Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов, академик Ғарифолла Есім, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан, профессор Айгүл Ісмақова, өзге де бірқатар қоғам қайраткері мүфт­ият­­тың игі бастамасы туралы пікір­ле­рін білдірді. Басқосу барысында ба­балар ру­хына Құран бағышталып, тағылымды әңгімелер айтылды.

Оқырман есіне сала кетейік, мүфтият­тың бұл ғылыми-танымдық жобасы әрі қарай жалғасады.