Қоғам • 18 Ақпан, 2024

Бала қауіпсіздігі неге күрделеніп барады?

291 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі мәселесінің күрделене түскенін ешкім жоққа шығара алмайды. Отбасындағы тұрмыстық тауқыметпен қоса, сыртқы әсердің ықпалы да бала тағдырына көлеңкесін түсіріп тұр. Қабырғасы қатып, буыны бекімей жатып жүрісінен жаңылған, маңдайы тасқа тиген жасөспірімдердің бұралаң тағдыры алаңдатпай қоймайды.

Бала қауіпсіздігі неге күрделеніп барады?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жуырда Жамбыл ауданы Таран ауылдық округіне қарасты Балғабек ауылында төрт баланың қол-аяғын байлап-матап, ұрып-соғып, пышақпен қорқытқан ер адамның қатыгездігі әшкере болды. Жалғызбасты, 2-топтағы мүгедек әйелдің үйіне баса-көктеп кірген ер адам оның төрт баласын аямай ұрып-соққан. Балалардың жанұшыра жылаған даусын естіп келген көршілері оларды қатыгездік құрбаны болудан арашалап қалды. Бұл кезде балалардың анасы үйде болмаған.

Көп ұзамай Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов күдіктінің қолға түскенін хабарлады. «Кәмелетке толмаған балаларға шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытты ол аудандық поли­ция­ның уақытша ұстау изоляторында отыр, тергеу жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, күдікті Алматы облысының Қара­сай ауданында ұсталды. Тергеу барысын жеке бақылауыма алдым. Өзге ақпарат Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», деді ол.

Осы оқиғадан кейін облыстық денсау­лық сақтау басқармасының өкіл­деріне хабарласып, күдіктінің қолынан жапа шеккен балалардың жай-күйін сұрап- білген едік. Балалардың үлкені – 13, одан кейінгілері – 12, 10 және ең кішісі 8 жаста екен. Ер адамның қолынан оңбай қорлық көрген төрт баланың екеуіне амбу­латориялық ем тағайындалса, миы шай­қалып, қатты жарақат алған кіші­сі Алматы облыстық көпсалалы кли­никалық ауруханасының балалар бөлімшесіне жатқызылған. Дәрігерлер төртінші баланың денсаулығына еш зақым келмегенін анықтаған.

«Қорлық көрген 4 баланың бірі ауруханаға жатқызылды, қалған үшеуі аналарының жанында. Олармен мектеп психологтері жұмыс істеп жатыр», деді Алматы облысы бойынша Бала құқығы жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова.

Бейкүнә балаларға зәбір көрсеткен күдікті заң алдында өз жазасын алар. Әйтсе де, бала жүрегінде қалып қойған қорқыныш пен үрейдің емделуі оңайға соқпасы анық. Қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ұшырамай, мейірім мен махаббатқа құндақталып өскен баланың болашағы жарқын, мақсаты айқын боларын әр ата-ана мен жанашыр ж­а­қын­дары қаперден шығармаса екен.

Қоғамның кеселіне айналған бұл келеңсіздік Алматы облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының бас­ты тақырыбына да айналды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым төрағалық еткен отырысқа комиссия мүшелері мен прокуратура өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары қаты­сып, күн тәртібінде өзекті 6 мәселені тал­қылады.

Жиында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Айғана Асанова былтырғы жылы кәмелетке тол­мағандар арасындағы құқық бұзу­шылықтар туралы баяндады. 2023 жылы балалар арасында 112 қылмыс жа­салған. Бұл сан алдыңғы, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 58,9 пайызға өскен. Оның дені қорқытып-үркіту, қорлау, ұрып-соғу фактілерін құрайды. Өкініштісі сол, бұл көрсеткіш жыл са­йын еселеніп келеді. Балалардың құқығын қорғау мақ­сатында мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді шара­лар­ға қарамастан, жасөспірімдердің зардап шегуі тыйылмай тұр.

Ең сорақысы, кәмелетке толмаған­да­рға қарсы жыныстық қылмыстың 109 дерегі тіркелген. Оның 38-і – зорлау, 35-і – сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық, 29-ы – басқа да нәпсілік сипаттағы әрекет, 5-еуі жас балаларды азғындық жолға салу.

Халықтық тәрбиенің қаймағы бұ­зыл­маған Балқаш ауданы бойынша зорлау мен жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттің 18 дерегінің тіркелуі де – жаға ұстатарлық жайт. «Кә­ме­­летке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстардың көшін осы аудан бастап тұр. Мұнда жас­өспірімдердің көбі балалар қамқор­шы­ларының қатыгездігіне тап болған», деді баяндамашы.

Балқаш ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамы бекітіліп, 2023 жылға арналған жұмыс жоспары негі­зін­де кезекті 24, кезектен тыс 18 отырыс өткізілген. Хаттамалар бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілмегенін, тек «баяндамалар назарға алынсын» деген құрғақ сөзбен ғана шектелгенін сынға алған Айғана Асанова комиссияның құжаттары да толық еместігін, мұндай жауапсыздық жарға жығатындығын ашып айтты.

«Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ауданда құ­рылған мобильді топ өгей әке-шеше­мен тұратын 88 отбасы мен про­ба­циялық бақылаудағы 25 отбасын аралау кезінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабымен – 1, 73-бабымен – 3, 440-бабымен – 1, 442-бабымен 2 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Одан бөлек мобильді топ психологтің әңгімелесуі кезінде кәмелетке толмаған бала­ларға қатысты жоғары сынып оқу­шы­лары мен мұғалімдер тарапынан буллингтің 3 фактісі және өгей әке тарапынан кәмелетке толмаған баланы ұрып-соқ­қаны туралы 3 дерек анықталған.

«Қоғамдағы отбасының маңыз­ды­­лы­ғы, репродуктивті денсаулық, отба­сын жоспарлау, түсіктердің, стресс пен депрес­сиялық жағдайлардың, жазатайым оқиғалар мен жарақат­та­ну­дың, қатыгездік пен зор­лық-зомбылық проб­лемаларының алдын алу мәселелері бойынша ұлдар мен қыздардың хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында облыста жастар денсаулығына қатысты 10 орталық жұмыс істейді. Бұл орта­лық­тарда гинеколог, дерматовенеролог, психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер бар. Өткен жылы 4 836 адамға дәрігерлер кон­суль­тациялық көмек көрсетті», деген об­лыс­тық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Иманғалиева кәмелетке толмағандармен ашық пікірлесіп, олардың тәрбиесіне ата-ана, қоғам болып жіті көңіл бөлу қа­жет­­тігін атады.

Жасөспірімдер ісі талқыланған комиссия отырысында облыс прокуро­ры­­ның аға көмекшісі Бауыржан Бимолданов тұрмыстық зорлық-зомбы­лық құрбандарына әлеуметтік көмек көр­­­сетудің маңыздылығын айтты. Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 220-дан аса адам қабыл­данса, оның ішінде 56 ана мен 164 бала бар.

Сондай-ақ ол қорғаншылық пен қамқоршылық органдарының кем­шіліктерін атай келе, олардың жауап­кершілігі мен сауатын арттыруда қайта оқыту қажеттігін алға тартты. Білім саласына жауапты мамандардың жұмысына салғырттығын, мұғалімдердің оқушы­лар­ды ұрып-соғу фактілерін жасыратынын, оның соңы суицидке жеткізетінін қадап айтты.

Комиссия отырысында көпбалалы ана, «Әділ» қайырымдылық қорының жетекшісі Оксана Әділмырзақызы уәкі­летті органдардың жұмысына көңілі толмайтынын, зорлық-зомбылыққа ұшырап, зардап шегушілер тарапынан тиісті органға емес, қоғам белсенділеріне қоңырау жиі соғылатынын алға тартты. «Бұған ең алдымен әр аудандағы қорғаншылық пен қамқоршылық бөлім­дерінде бір ғана маман жұмыс істей­тін­дігі себеп. Сол себепті мамандар қа­тарын көбейту қажет», деді ол.

Комиссия жұмысын қорытын­ды­ла­ған Нұрлан Әбдірахым күн тәртібінде қаралған барлық мәселе шешім табуы үшін тиісті мекемелерге тапсырма беріп, жасөспірімдер ісінде жауапсыздық танытқандарға қатаң ескерту жариялады. Былтырдан бері прокуратура, құқық қорғау органдары және психологтердің бірлескен жұмысын үйлестіру мәселесі бірнеше мәрте көтерілсе де көңіл көн­ші­терлік қызмет атқарылмағанын ай­рық­ша сынға алды. Сол себепті бар­лық аудан­дағы әкім орынбасарларына, қор­ған­­шылық пен қамқоршылық бө­лі­мі­нің мамандарына сөгіс берілді.

Облыста 432 жалпы білім беретін мектеп, 48 колледж бар. Өткен жыл­дың қаңтарынан бастап білім беру ұйы­мын цифрлық платформада тіркеу үдерісі басталған. Мақсаты – зорлық-зомбылыққа ұшыраған және девиантты, суицидтік мінез-құлық тенденция­лары бар кәмелетке толмағандарды ерте анықтау. Комиссия отырысында балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алуда өгей әкелерімен және өгей шешелерімен бірге тұратын отбасыларға мониторинг жүргізілгені, бұл үшін «тәуекел» тобын анықтау бойынша кәмелетке тол­ма­ған­дар­ға қосымша психологиялық зерт­­теулер жүргізілгені баяндалды. Зерт­­теу нәтижелері бойынша Жамбыл ауда­нында «тәуекел» аймағына түскен кәмелетке толмағандардың ең көп саны анықталған. Комиссия мүшелері 11 отба­сына барып, ведомствоаралық тәсіл, өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы үшін жергілікті жерлерде шешім қабылдауға көмектескен.

 

Алматы облысы